Конференцияға қатысушылар өзекті тенденцияларды талқылап, тәжірибе алмасты.
Сыр өңірінде медицина қызметкерлері арасында халықаралық конференция ұйымдастырылды
527
оқылды

Сыр өңірінде Қызылорда облысы әкiмдiгiнiң ұйытқы болуымен орта буын медицина қызметкерлері арасында ғылыми конференция болып өтті. Конференция денсаулық сақтау саласын жетілдіру, халықаралық тәжірибені ұштастыру мақсатында ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.

Өңірде өткен алыс-жақын шетелдік оқу орындарының өкілдері де қатысқан халықаралық конференцияны Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов Еренғалиұлы ашып, қатысушыларға алғысын бiлдiрдi. Шара барысында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Алмагүл Қауышева құттықтау лебізін жеткізіп, ой-пікірін ортаға салды. 

Одан әрі конференция елiмiздегi медицина колледжінің мамандары мен Латвия, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстан елдерiнен келген медицина өкiлдерiнiң баяндамаларына ұласты. Сондай-ақ, қатысушылар өзекті тенденцияларды талқылап, тәжірибе алмасты.

Негізінен биыл 100 жылға жуық тарихы бар Қызылорда медициналық жоғары колледжінде оқу-зертханалық, симуляциялық кабинеттер жаңғыртылып, емдік шөптер өсірілетін жылыжай ашылған болатын.

Соған орай аймақтың бас дәрігері Олжас Ермекұлы халықаралық шараға қатысушыларға виртуалды оқу кабинеті мен студенттердің тәжірибелік сабағын өткізу мақсатында ашылған жылыжай жұмысын таныстырды.

Жылыжайда Іле Алатау бөктерінде жерсіндірілген шетел және Қазақстан флорасынан өсiмдiктердiң 60-тан астам үлгісі әкелінсе, 43 түрі тұқым арқылы себілген. Осы орайда айта кеткен абзал, Қызылорда медициналық жоғары колледжі құрылғаннан бері 30000-нан астам орта буын медицина мамандарын даярлаған.

Жалпы Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен өңірдің денсаулық сақтау саласына, оның ішінде кадр даярлау, мамандардың біліктілігін жетілдіру бағытындағы жұмыстарға жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Атап айтар болсам, соңғы 3 жылда медицина мамандарының білімін жетілдіруге облыстық бюджеттен 532 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 1543 қызметкер білім деңгейлерін көтеріп отыр. Одан бөлек облыс әкімінің грантымен резиндентурада 167 маман оқуда. Аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.