Мәжілісте кредитті уақытылы төлей алмайтындардың мәселесі талқыланды.
Несие төлемін кімдерге кейінге қалдыруға мүмкіндік беріледі: жаңа заң жобасы таныстырылды
Фото: istockphoto.com
3,767
оқылды

Несие төлеуде қиындыққа тап болған кейбір азаматтарға төлем мерзімін кейінге қалдыруға мүмкіндік беріледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Мәжілісте заң жобасын таныстырған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мерзімі өткен кредиттердің мәселесін реттеу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдар мен төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерді қосымша қорғау ұсынылып отырғанын айтты.

«Осы санатқа жататын азаматтар үшін берешекті реттеу кезінде қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлем мерзімін міндетті түрде кемінде 3 ай мерзімге кейінге қалдыру, сондай-ақ ай сайынғы төлемді 50 және одан да көп пайызға азайту көзделеді. Қарыз алушы жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін банктік қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін айыпақы алуға тыйым салынады. Микрокредитті қайтармағаны үшін айыпақыны қоспағанда, азаматтардың микрокредиттері бойынша кез келген айыпақы өндіріп алуға тыйым салынады», – деді ол.

Оның айтуынша, аталған норма банктен қарыз немесе микрокредит алу үшін жасалатын сақтандыру шарттарының сақтандыру комиссиясы 10% шегінде белгіленеді.

«Тұтынушыларды мәжбүрлеп жүктелген қаржы өнімдерінен қорғау мақсатында, қаржы ұйымдарында қаржы өнімдерін әзірлеу мен енгізудің ішкі рәсімдерінің болу талабы енгізіледі», – деді агенттік басшысы.

Сондай-ақ ол тұтынушылардың уақытылы кері байланыс алуы үшін қаржы ұйымдарының клиенттердің өтініштерін 15 жұмыс күні ішінде қарауы керек болатынын айтты.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.