Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Ал ақпаратқа қол жеткізу туралы заңға енгізілетін түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.
Қаржы нарығын дамытуды көздейді
360
оқылды

Мемлекет басшысының тапсыр­маларын іске асыру мақсатымен қаржы нарығын дамыту және қар­жылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасы әзір­ленді. Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, заң жо­басы аясында Қазақстанда шетелдік банк­тердің филиалдарын ашуға қо­йы­латын талаптарды ырықтандыру ұсы­нылып отыр.

– Осы мақсатта шетелдік банк ашуға рұқсат алу үшін қажетті құжаттар тізімін қысқарту көзделеді. Құжаттар саны шетелдік бас компанияның рей­тингіне байланысты болады. Шетел­дік инвесторларды көбірек тар­ту үшін филиалдар құру кезінде шетелдік банктің активтеріне қойылатын та­лаптар 20-дан 10 миллиард АҚШ дол­ларына дейін қысқартылады. Шетелдік банктердің филиалдары үшін рұқсат етілген қызмет түрлері кеңейтіледі, – деді М.Әбілқасымова.

Сонымен бірге түзетулер қаржы нарығын, оның ішінде банк және сақ­тандыру салаларын, бағалы қағаздар нарығын және микроқаржы қызметін реттейтін заңдардағы нормаларды оң­тайландыруды көздейді. Сондай-ақ сақтандыру нарығы мен бағалы қа­ғаздар нарығын дамытуға бағытталған шаралар ұсынылады.

Бұдан бөлек, заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Стамбеков қосымша баяндамасында Мәжіліс депутаттары қазақ­­­стан­­дық­тардың құқығын қорғауға ба­ғытталған қосымша түзетулер енгізуді ұсынғанын атап өтті.

– Халықтың әлеуметтік осал топ­тарына жататын азаматтарды қорғау мақсатымен кемінде үш ай мерзімге несиелер мен микрокредиттер беруді кейінге қалдыруды, сондай-ақ ай сайынғы төлемдерді 50 және одан да көп пайызға қысқартуды міндетті түрде қамтамасыз ету көзделген. Қарыз алушы жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін банктік несиелерді мер­зімінен бұрын өтеу айыпақы өнді­ріп алу алынып тасталды. Шағын не­сиелер бойынша оны қайтармағаны үшін айыпақыларды қоспағанда, кез келген айыпақыны есептеуге тыйым салы­нады, – деді Е.Стамбеков.

Қаржылық қызметтердің қолже­тімділігін арттыру мақсатымен мүге­дектігі бар адамдар үшін кедергісіз және қолайлы орта құру талаптары да енгізіледі. Ал қарыз алушыларға тү­се­тін жүктемені азайту үшін банктік не­­­­­сие немесе шағын несие шарттары бо­йынша сақтандыру агентінің ко­ми­с­­сиялық сыйақысының ең жоғары мөл­­­шері 10 пайызға дейін белгіленеді.

Талқылау барысында депутаттар жауапты Үкімет мүшелеріне заң жоба­сының нормалары бойынша сұрақ­тарын қойды. Нәтижесінде, түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылданды. Оларды екінші оқылымға дайындау жұмыс тобында жалғасады.

Ақпаратқа қол жеткізу және қо­ғамдық қатысу, мемлекеттік наградалар және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері туралы заң жо­басы бойынша жұмыс тобының же­текшісі Ерлан Саиров аталмыш құ­жат аясында мемлекеттік органдар­дың халыққа қызмет көрсету сапасын арт­тырып, азаматтарға мемлекет жұ­мы­сының ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктер болатынын атап өтті.

– Ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектегені үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігі кү­­шейтіледі. Ақпаратқа қол жеткізу са­ла­сында мемлекеттік бақылау енгі­зіліп, ақпараттың ашықтығы пре­зумпциясы және оны проактивті түрде тарату қағидалары бекітіледі. Мүге­дектігі бар жандардың ақпаратқа қол жеткізуіне қажетті жағдай жа­салады, – деді Е.Саиров.

Дауыс беру қорытындысы бойын­ша Мәжіліс депутаттары заңды екінші оқылымда қабылдап, одан әрі Сенат­тың қарауына жолдады.

 Бұдан бөлек, Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында «Мә­дениет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, норма­шы­ғар­машылықты жетілдіру, денсаулық сақтау саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық реттеуді болғызбау, инновациялық қызмет саласын мемлекеттік қолдау жүйесін жетілдіру, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қар­жыландыруға қарсы күрес туралы заң жобалары бар.

Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев Премьер-Министр Олжас Бектеновке жолдаған депу­таттық сауалында ауыл тұрғын­да­рының жалақы мәселесін көтеріп, белең алған қымбатшылық пен жұ­мыссыздықтың да салдарын көбірек тартып отырған осы ауыл жұртшылығы екенін тілге тиек етті. 

«Ауылдағы ағайынның орташа жалақысы да қала тұрғындарының жалақысына қарағанда 30%-дан астам төмен. Осыны ескеріп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл тұр­ғындарының табысын көбейтіп, әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын қолға алуды тап­сырған болатын. Осыған орай «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірге аталған жобаны былтырдан бері іске асырып жатыр. Жоба бойынша былтыр 100 млрд теңге бөлініп, иге­рілді. Биыл да 100 млрд теңге бөліну жос­парланған болатын. Алайда жыл соңына таяса да ол қаражат бөлінбей, Үкімет өңірлерге тек 7 млрд теңге ғана жіберген. 

Біздіңше, жобаның нәтижелі ат­қарылуы бойынша бірқатар түйткіл бар. Біріншіден, Үкіметтің өз ведо­мостволары арасындағы өзара келі­сілмеген әрекеттер жүйелі түрде ке­дергі болуда. Екіншіден, жобаға қа­тысушылардың көбісі ауыл шаруа­шылығы өндірісіне оқытылмайды. Үшіншіден, жоба аясында ауыл тауар өндірушілерін қолдауға арналған кешенді экожүйенің құрылмауы дайын өнімді өткізуде қиындық ту­дыруда. Төртіншіден, жобаға несиелік берешегі бар азаматтар қатыса алмауда», – деді депутат. 

Осы ретте, депутат Е.Бейсенбаев Президенттің ауыл халқының тұрмы­сын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына қосымша бірқатар шараларды тез арада пысықтау қажет екенін атап өтті.

Келесі бір депутат, «AMANAT» партиясының мүшесі Жарқынбек Амантайұлы Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында интернет-алаяқ­­тықтың алдын мәселесіне тоқ­талып, жұртшылықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған бір­қатар іс-шараларды атап өтті. Ай­туынша, блогерлікті бопсалау мен қыспақтаудың құралы қылып, біреудің абыройын төгіп, сүрінгенін суреттеуді батырлыққа балап жүргендер бар­шылық. 

«Таяуда өткен депутаттар фору­мында ел Президентінің өзі тілге тиек етіп: «Кейбір адамдар өздерін блогер деп санап, әкімдердің әр қадамын аң­дып, бақылауға алды. Бұдан да сора­қысы – олардың арасында жұ­мысқа кедергі келтіріп, әкімдерге қоқан-лоққы көрсететіндер де бар» деп сын тезіне алды. Сөзімізге қоғамнан көп­теген келеңсіз мысалдар келтіруге болады. 

Қоғамды дүрліктірген тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік желі­лердегі арзан ақыл, сапасыз білім сат­қыш, білгіштердің көбеюі. «Аңқау елге арамза молда» демекші олардың ара­сында елге танымал шоу-бизнес өкіл­дері, айтыскерлер де бар. Оларды ауыз­екі тілде «инфосығандар» деп атайды. Олардың жүздеген мың тең­геге бағаланған сабақтарын жұрт тіпті несие рәсімдеп сатып алып, кейін қа­рызға белшесінен батып қалғаны да жасырын емес. Сөйте тұра кебір де­ректерде еліміздегі осындай инфо биз­­нестің жылдық айналымы 500 мил­­лион АҚШ долларын құрайтыны айталған. Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 миллард долларға жетуі мүм­­­кін дейді. Айтпақшы, олар мем­лекетке салық төлей ме өзі?!» – деді ол. 

Депутат өз сөзінде осындай инфо­сығандардан мезі болған жұрт­шылық оларға тыйым салу мақсатында 2023 жылдың 23-ші қарашасында петиция жариялағанын еске салып, оның әлі күнге дейін қараусыз қал­ғанын айтып өтті. Сонымен қатар жұрт­шы­лықтың қаржылық сауатын арт­тыруға бағытталған «AMANAT» пар­­тия­сының «Қарысыз қоғам» жоба­сының осындай дерттермен күресуге ба­ғытталған іс шаралары бір төбе екенін де негізге алды.

С. БЕГІМБАЙ