Елдің тұрақты дамуындағы, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартудағы және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде агроөнеркәсіптік кешеннің рөлі маңызды.
Агрокешенге инвестиция азайды
966
оқылды

Демек, ауыл шаруашылығынсыз мемлекеттің тұрақты дамуын елестету мүмкін емес. Өйткені аграрлық сектор – халықты азық-түлікпен қамтамасыз ететін сала. Жақында Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі» екенін атап өткен болатын. Дегенмен соңғы уақытта Қазақстанның ауыл шаруашылығына инвестиция көлемі 19,4%-ға қысқарған.

БҰҰ-ға қарасты Азық-түлік және ауыл­шаруа­шылық ұйымының мәліметтері бойынша гуманитарлық көмектің ұлғаюына қарамастан, соңғы уақытта азық-түлік тапшылығынан зардап шегетін адамдардың саны өсуде. Сондықтан барлық дамыған ел ауыл шаруашылығы саласын дамытуға басымдық береді. Ішкі нарықты қорғау үшін қатаң шаралар қолданылады. Себебі бұл сала табиғи-климаттық жағдайларға өте тәуелді және көбіне табиғи апаттармен байланысты тәуекелге ұшырайды. Сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін заманауи техникалық жабдықтар, түрлі ресурс пен жұмыс күшіне ауқымды инвестициялар қажет. Ал ауыл шаруашылы­ғының тұрақты және серпінді дамуы үшін тұрақты мемлекеттік қолдау мен реттеу қажет. Мұндай қолдау негізінен мемлекеттік қаржыландыру және субсидиялар арқылы көрініс табады. 

Мемлекет басшысы осыған дейін Жол­дауда агроөнеркәсіп кешеніне инвес­тиция тарту – өте маңызды міндет екеніне баса назар аудара отырып, салаға бөлінетін қаражаттың 70 пайызы мемлекет қаржысы деп атап өткен болатын. 

«Бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қар­жы институттарын субсидиялау шара­лары қолға алынды. Мұның бәрі шаруалар­ды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қа­тер­ін азайтуға және несие алуды оңтай­ландыруға жол ашады. Агроөнеркәсіп кеше­нін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет. Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұр­малау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр», – деді Президент.

Бұл мәселенің саланы қаржыландыруда қиындық туғызатынын тәуелсіз экономист Данияр Әшімбаев та құптайды. Оның пікірінше, ауыл шаруашылығына субси­диялардың артып келе жатқанын ескере отырып, әкімдіктер мен өндірушілердің қатысуымен жалған мәліметтермен күресу саланы реттеуге мүмкіндік береді.

Әзірге аталмыш секторға тартылған қаражат көлемі өткен жылмен салыстыр­ғанда салыстырғанда 17,1%-ға азайған. Finprom сарапшыларының деректері бо­йынша қаңтардан шілдеге дейін Қазақ­станда ауыл, орман және балық шаруашы­лығы саласындағы негізгі капиталға салын­ған инвестициялар 407 млрд теңгені құраған. Нақты көлем индексі (НКИ), яғни инвестиция көлемі өзгерісінің көр­сеткіші – 80,6%-ды құрады. Бұл ауыл шаруа­­шылығы секторына салынған нақты капиталдық салымдардың 19,4%-ға қысқарғанын білдіреді.

«Инвестициялардың басым бөлігі (402,4 миллиард теңге) өсімдік және мал шаруашылығына бағытталған, бірақ бұл салада да 16,6%-ға төмендеу байқалады. Балық аулау және балық өсіру саласына бар болғаны 4,2 миллиард теңге салынған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 44,7%-ға аз», – делінген хабарламада. 

Сонымен қатар саладағы барлық ин­вес­ти­цияның 77,5%-ы, яғни 315,4 миллиард тең­ге, бизнестің өз қаражаты есебінен жүзеге асқан. Яғни, қаржыландыру көзінің басым бөлігін шаруашылықтың капиталы құрайды. Оның өзі өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 9,1%-ға қысқарғанын көреміз. 

«Қарыз қаражаты есебінен 83,2 мил­лиард теңге (жалпы көлемнің 20,4%-ы) салынған. Әсіресе, банктік несиелер арқылы қаржыландыру айтарлықтай азайып, 67,3%-ға, яғни 8,1 миллиард теңге­ге дейін төмендеген (барлық инвести­цияның тек 2%-ы). Мемлекеттік қаражат есебінен бар болғаны 335,4 миллион теңге салынған, бұл жалпы инвестициялардың 0,1%-ын ғана құрайды. Бюджет қаражаты­нан тек 335,4 млн теңге немесе инвестиция­лар­дың жалпы сомасының 0,1%-ы ғана жұмсалған», – дейді мамандар.

Бұл ауыл шаруашылығы секторына салынған жалпы инвестициялардың едәуір қысқарғанын дәлелдейді. Әсіресе, банктік несиелер және басқа да сыртқы көздер арқылы қаржыландыру азайған. Ал өңірлер арасында Павлодар облысында ауыл, орман және балық шаруашылығына ең көп инвестиция салынған. Одан кейінгі орында Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстары жайғасқан. Қаңтар-тамыз айларында инвестициялар көлемінің қысқаруына қарамастан, ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 4,7%-ға 3,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Ең көп көлемде өнім өндірген өңір Түркістан облысы. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысы мен Астананы есепке алмағанда, елдің барлық өңірінде ауыл шаруашылығы саласы өнімдерін өндіру көлемі артқан. 

Бұл мәселе, яғни АӨК-нің негізгі капиталына инвестициялар тарту қарқыны Ауыл шаруашылығы министрлігінің облыс әкімдіктерімен селекторлық кеңесінде талқыға салынды. Ведомство биыл алғашқы жеті ай ішінде АӨК – ге 488 млрд теңге сомасына инвестиция тартылғанын мәлім етті. 

«Оның ішінде ауыл, орман және балық шаруашылығына – 407 млрд теңге, азық-түлік өндірісіне 81 млрд теңге тиесілі. Сондай-ақ 2024 жылдың 8 айында пайдалануға берілген 82 жобаны іске асыруға 66,5 миллиард теңге инвестиция­ланған. Соның ішінде басым бағыттардың бірі мал шаруашылығы (соның ішінде сүт фермалары мен құс етін өндіру), егін­шілік, суару жобалары, өнімді сақтау жобалары бар. Одан бөлек, ет, сүт және дәнді дақылдарды терең өңдеу жобалары мен өнеркәсіптік жылыжай шаруашылығын дамыту да басымдыққа ие», – делінген хабарламада.

Алайда АӨК саласында бірде-бір жоба іске асырылмаған аймақтар да болған. Олардың қатарында Алматы, Атырау, Маң­ғыстау және Ұлытау облыстары бар. Ведомство басшысы бұл өңірлерде саланың дамуына үлкен әлеует бар екенін, соған қарамастан жобалардың әлсіз дайындалып, іске асыруға қызығушылық болмағанын атап өтті. Сонымен қатар ол елімізде ин­вес­тиция тартуға жағдай жасалғанына тоқталды. Дегенмен жеңілдетілген несиелер мен инвестициялық субсидиялар болса да, жергілікті жерде жұмыс қарқыны төмен. 

Halyk finance басқарма төрағасының кеңесшісі, экономист Мұрат Темірханов ауыл шаруашылығына ауқымды инвес­тициялар тартуға негізінен кедергі болып отырған «жекеменшік құқығының» жоғы деген пікірді алға тартып отыр. 

«Ұлттық даму жоспарында ауыл шаруа­шылығы алқаптарын тиімді пай­далануға бағытталған белгілі бір шаралар ұсынылған. Дегенмен онда негізгі элемент – ауыл шаруашылығы жерлеріне жекемен­шікті енгізу қарастырылмаған. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ауыл шаруашы­лығы жерлеріне жекеменшік құқығы және осындай жерлердің сатып алу-сату нарығының дамуы аса маңызды. Өйткені ол – агробизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың және қаржы­ландыруға қолжетімділікті жақсартудың маңызды алғышарты. Көптеген ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін негізгі кепіл көзі – жер. Қазір ауыл шаруашылығы жерлерін нарық емес, мемлекеттік қызмет­керлер қайта бөледі. Ал мұндай жердің ешқандай инвестициялық құны жоқ. Осыған байланысты біздің ойымызша, Қазақстанда жер реформасын түбегейлі өзгерту қажет», – дейді экономист.

Кәмила ЕРКІН