Соққы нәтижесінде баланың денсаулығына бас сүйек-ми жарақаты, мидың шайқалуы, сондай-ақ бет-жүзі мен басына көптеген сыдырылған жарақат түрінде зақым келген.
Павлодарда колледж студенті жасөспірім қызды соққыға жыққан: қыздың анасы үндеу жасады
Фото: ҚР ІІМ
472
оқылды

Павлодар тұрғыны облыстық Полиция департаменті мен прокуратура басшыларына бейнеүндеу жолдады. Әйелдің айтуынша, көпсалалы инновациялық жоғары колледжінің студенті кәмелетке толмаған қызын соққыға жыққан. Енді ол қайғылы оқиға тағы қайталана ма деп қорқып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Жәбірленушінің айтуынша, 5 қазан күні көпсалалы инновациялық жоғары колледжінің студенті кәмелетке толмаған қызды соққыға жыққан. Соққы нәтижесінде баланың денсаулығына бас сүйек-ми жарақаты, мидың шайқалуы, сондай-ақ бет-жүзі мен басына көптеген сыдырылған жарақат  түрінде зақым келген.

«Сіздерге жүгінуге мәжбүр болып тұрмын, себебі қайғылы оқиғаның қайталануынан қорқамын. Тергеу қол қусырып отыр. Әлі күнге дейін бірде-бір куәгерден жауап алынған жоқ, оқиға орнынан бейнежазбалар бар болғанымен, тәркіленбеген. Өтініш бергеннен кейін екі апта өтті, әлі ешқандай шара қолданылған жоқ. Баламды ұрып-соққан қыз осыған ұқсас жағдайларға бірнеше рет түскен. Осы істі бақылауға алуларыңызды сұраймын, себебі колледж студенті қылмыстық әрекеттерін жалғастырып, пышақпен жүр», – деді зардап шеккен қыздың анасы бейнеүндеуде.

Оқиғаға қатысты облыстық Білім басқармасы ресми жауап берді.

«Оқиға Павлодарда колледж студенттері арасында сабақтан тыс уақытта болған. Тартысты жағдайдың салдарынан кәмелетке толмаған студент зардап шекті. Ол 6 қазан күні «мидың шайқалуы» диагнозымен облыстық балалар ауруханасына жатқызылған. Қазіргі уақытта қыздың жағдайы жақсарып, амбулаторлық емделуге шықты. Бүгіннен бастап ол колледждегі сабақтарға кірісті. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр», – деді ведомство.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 16 жасар кәмелетке толмағанның денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері бұл істі объективті және жан-жақты тергеу үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуде.

ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге ақпарат жария етілмейді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.