Қазақстанда саяси партияларды бюджет есебінен қаржыландыру тәртібіне өзгерістер енгізіледі.
Қазақстанда саяси партияларды қаржыландыру тәртібі өзгереді
903
оқылды

Қазақстанда саяси партияларды бюджет есебінен қаржыландыру тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Бұған дейін есеп үшін ең төменгі жалақы (3 пайыз бөлігі) қолданылатын болса, енді оның орнына айлық есептік көрсеткіш (0,65 бөлігі) есепке алынады. Бұл туралы Ашық НҚА порталындағы құжат жобасында жазылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Саяси партиялардың қызметін қаржыландыруға бөлінетін бюджет қаражатының мөлшері тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңда, соңғы сайлаудың қорытындылары бойынша Парламент Мәжілісінде өкілдік ететін саяси партияларға дауыс беру кезінде берілген әрбір сайлаушы дауысы үшін айлық есептік көрсеткіштің 0,65 есебінен айқындалады", – делінген құжатта. 

Бұл өзгеріс Мемлекет басшысының әлеуметтік, медициналық, салық және басқа салаларда ең төменгі жалақыны есептік көрсеткіш ретінде пайдаланбау туралы тапсырмасына сай енгізіліп отыр. 

Дегенмен, есептің жаңа тәртібі қаржы сомасына айтарлықтай әсер етпейді. Мысалы, 2024 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңгені құрайды. Сәйкесінше, оның 3 пайызы – 2550 теңге. 

Айлық есептік көрсеткіш мәні 2024 жылы 3692 теңгеге тең. Оның 0,65 бөлігі 2399,8 теңге.

Айырма – 150 теңге шамасында. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.