Қазақстанда 60 млрд тоннадан астам қалдық бар. Оның басым бөлігі – тау-кен өндіру және байыту барысында пайда болған жыныстар және өзге де минералды түзілімдер.
«AMANAT»: Экологиялық қауіпсіздік және өнеркәсіптік қалдық мәселесін талқылады
990
оқылды

«AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңес отырысында өнеркәсіптік қалдықтарға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Депутаттар, сарапшылар және бизнес өкілдері өнеркәсіп қалдықтарына, оның ішінде жылу электр станцияларынан шығарылатын күл үйінділеріне қатысты өзекті мәселелерді назарға алып, оларды қайта өңдеу бойынша нақты шаралар ұсынды. Экологиялық зиянды азайту және инновациялық технологияларды енгізу мәселелеріне баса назар аударылды.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Бауржан Смағұлов тау-кен өнеркәсібі қоршаған ортаға айтарлықтай әсер ететінін атап өтті. Ол қайта өңдеу мәселесі жүйелі тәсіл мен көп шығынды қажет ететінін, алайда оған атүсті қараған жағдайда ұзақ мерзімді экологиялық проблемаға тап болуымыз мүмкін екенін тілге тиек етті. Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикамызды декарбонизациялау және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мәселелерінің маңызына бірнеше рет назар аударғанын еске салды.

«Тау-кен өнеркәсібі – Қазақстан экономикасының өзегі. Алайда, ол қоршаған ортаға айтарлықтай әсер етеді. Бұл дегеніңіз – экожүйелердің бұзылуы, су айдындарының ластануы және жер ресурстарының сарқылуы. Ондаған жыл бұрын салынған қалдық қоймалары бүгінде топырақ пен суға улы заттар бөлінуі мүмкін қауіп көзі саналады. Мұндай нысандарды қалпына келтіру – ондаған жылға созылуы мүмкін күрделі әрі қымбат процесс. Алайда, біз ескі нысандарды қалпына келтіруге ғана емес, сонымен қатар жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың әсерін азайтуға да баса назар аударуымыз керек. Бұл жай ғана экологиялық міндет емес – бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі», – деді ол.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Арман Қалықов Қазақстанда жинақталған қалдықтар көлемі туралы мәлімет беріп, минералды түзілімдерді қайта өңдеу үшін жаңа технологияларды дамыту қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, ескі технологиялар бүгінде барлық пайдалы компоненттерді алу міндетін орындай алмайды. Бұл өз кезегінде қосымша тәуекел туындатады.

«Қазақстанда 60 млрд тоннадан астам қалдық бар. Оның басым бөлігі – тау-кен өндіру және байыту барысында пайда болған жыныстар және өзге де минералды түзілімдер. Заманауи технологиялар бұл қалдықтарды 10-20 жыл бұрынғы технологиялармен салыстырғанда, әлдеқайда тиімді өңдеуге мүмкіндік беретінін түсіну маңызды. Тау-кен және металлургия өнеркәсібі қалдықтары жол құрылысы мен цемент өнеркәсібінде пайдалануда зор әлеуетке ие. Домна пештері мен болат балқытатын шлактар маңызды қосалқы ресурстарға айналуы мүмкін, бұл жаңа материалдарды пайдалану көлемін әлдеқайда азайтады. Алайда, ауқымды проблема бар. Ол – тасымалдау шығыны. Қалдықтар іске жарататын жерден неғұрлым алыс болса, оны пайдалану да соғұрлым тиімсіз болмақ», – деді ол.

Экологиялық кеңес төрағасының орынбасары Елдос Абақанов шағын және орта бизнестің қалдықтарды қайта өңдеуге мүдделілігіне қатысты мәселе көтеріп, қолданыстағы заңнама экологиялық проблемаларды шешу кезінде инвесторларды тартуға әрдайым тиімді мүмкіндік бермейтінін атап өтті.

«Бүгінде шағын және орта бизнестің өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеуге деген қызығушылығы артып келе жатқанын көріп отырмыз, алайда көптеген кәсіпорындар заңнамалық кедергілерге тап болады. Мысалы, ірі табиғат пайдаланушылар қалдықтарды бәсекелестік негізде өңдеуге беруге дайын емес. Біз қайта өңдеу жұмысын ынталандырып, шағын және орта бизнеске көбірек мүмкіндік беруіміз керек. Бұған қайта өңдеу тендерлері де, қалдықтарды өндірістік мақсатта пайдалану құқығын беруді жеңілдету бойынша заңнамалық бастамалар да кіруі мүмкін. Экономика мен экологияның қатар жүруі және қайта өңдеу тек міндеттеме емес, пайдалы бизнеске айналуы маңызды», – деді ол.

Сонымен қатар, Елдос Абақанов Экологиялық кодекс пен Жер қойнауы кодексі арасындағы қалдықтарды қайта өңдеуді қиындататын заңнамалық қақтығыстарға назар аударды. Бір кодекс оларды қайта өңдеуге арналған құнды ресурс ретінде, ал екіншісі көмілетін қалдықтар ретінде қарастырады. Бұл заңнамалық екіұштылық тудырып, кәсіпорындарға қосарланған салық жүктейді.

Отырыста көмір генерациясы арқылы жұмыс істейтін ЖЭО-дан шығарылатын күл үйінділері проблемасына ерекше назар аударылды. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Вера Ким Қазақстандағы Павлодар және Қарағанды сияқты ірі қалалар күл үйінділеріне көміліп бара жатқаны, бұл өз кезегінде тұрғындар денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретіні туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

«Күл үйінділері – көмір өндіретін қалалар үшін ең маңызды экологиялық проблемалардың бірі. Мысалы, Павлодар облысында жыл сайын шамамен 3,2 млн тонна күл-қож қалдықтары жиналады. Бұл қалдықтар қоршаған ортаны ластап қана қоймай, адамдардың денсаулығына тікелей әсер етеді. Улы заттар жер асты суларына араласып, ұсақ бөлшектері шаң-тозаңға айналып, ұзақ қашықтыққа жылдам таралады. Бұл өз кезегінде тұрғындарды тыныс алу органдары ауруларына шалдықтырады. Осы қалдықтарды қайта өңдеудің тиімді бағдарламасын дереу әзірлеуіміз керек. Құрылыс материалдарын өндіру барысында күл қождарын қолдану қадамы – осы мәселені шешу жолдарының бірі. Жеке компаниялар бұл ресурстарға оңай қол жеткізіп, оны шаруашылық қажеттілікке жарата алуы үшін заңнамалық процестерді жеделдету маңызды», – деді ол.

Бұдан соң, «ҚазМұнайГаз» АҚ еңбек және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Қайрат Сейтмағамбетов компания жинақталған мұнай қалдықтарын қалай кәдеге жаратып жатқаны туралы айтып берді. Ол ластанған аумақтарды қалпына келтіру жұмысы ауқымды инвестицияны қажет ететінін, алайда бұл мәселе компания үшін басым бағыт саналатын атап өтті.

«Біздің полигондарда 1 млн тоннадан астам мұнай шламы жинақталған және 2016 жылдан бері оны белсенді кәдеге жаратып келеміз. Кейінгі жылдары біз 630 мың тоннаға жуық қалдықты қайта өңдеп, бірнеше полигонды тазаладық. Дегенмен, қалдықтар көлем әлі де көп. Біз оны жою жұмысын жалғастырамыз. Оның қоршаған ортаға әсерін азайту үшін динамикалық гравитациялық тазарту сынды озық технологияны енгізіп жатырмыз. Ластанған жерлерді тазарту және қалпына келтіру – бұл үздіксіз бақылау мен ауқымды қаржылық инвестицияны қажет ететін ұзақ процесс. Экологиялық жауапкершілік барлық өнеркәсіптік компания үшін басымдық болуы керек деп санаймыз», – деді ол.

Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрағасы Айгүл Соловьева қалдықтарды қайта өңдеу проблемасын шешу үшін мемлекет, бизнес және ғылыми қоғамдастық арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту қажет екенін назар аударды. Ол жаңа зерттеулерді тартудың және ескі әзірлемелерді жаңартудың маңызын атап өтті.

«Біз бұрынғы ғылыми жетістіктерімізге оралып, оларды заманауи міндеттерге бейімдеуіміз керек. Қазақстан өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу ісінде әркез көшбасшы болып келді. Енді осы тәжірибені қайтару қажет. Сондай-ақ, ғылыми-зерттеу жұмыстарының практикалық негізге ауысуы және теорияда ғана емес, экономика мен экологияда да пайда әкелуі үшін ғылыми институттармен өзара іс-қимыл жасау өте маңызды», – деді ол.

Өз кезегінде, «Qarmet» АҚ-ның экологиялық мәселелер жөніндегі директоры Мадина Қуантаева қалдықтарды зерттеу және оларды қайта өңдеу технологияларын әзірлеу үшін аккредиттелген өнеркәсіптік зертханалар құру қажет екеніне назар аударды.

«Бүгінде Қазақстанда өнеркәсіптік деңгейде зерттеулер жүргізе алатын аккредиттелген зертханалар жеткіліксіз. Басты мәселенің бірі – осы. Біз халықаралық сарапшыларға, негізінен ресейлік әріптестерге жүгінуге мәжбүрміз, өйткені біздің металлургиялық процестеріміз ұқсас. Дегенмен, бұл айтарлықтай шығынды қажет етеді. Егер біздің өндірістік зертханаларымыз болса, біз қалдықтарды қайта өңдеуге арналған әзірлемелер мен шешімдерді өз бетімізше жүргізе алар едік», – деді ол.

Ол 2025 жылға қарай компания домна және болат балқыту қожын қоса алғанда, қалдықтарды қайта өңдеу көлемін ұлғайтуды және қайта өңделген қалдықтарды пайдалана отырып, темірбетон бұйымдарын өндіру жұмысын айтарлықтай дамытуды жоспарлап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, компания өндірістік қуаттылықты жаңғыртуға шамамен 3,5 миллиард АҚШ долларын инвестициялауды жоспарлап отыр.

Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке қалдықтарды қайта өңдеуді ынталандыруға, инвесторларды тартуға және ғылыми қоғамдастықты экологиялық жобаларға белсенді тартуға бағытталған ұсынымдар әзірленді. Қатысушылар экономикалық және экологиялық мүдделерді біріктіретін кешенді тәсіл қажет екенін атап өтті.