Екі күндік конференцияға Ресей Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар жөніндегі ақпарат институтының аға ғылыми қызметкері Вадим Степанов арнайы шақырылып, баяндама жасады.
Жасанды интеллект – кітапхана саласында
271
оқылды

Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған қалалық кітапханада осындай тақырыппен 3-4 қазанда республмкалық конференция өтті. Екі күндік шараға еліміздің әр өңірінен 80-нен астам кітапхана қызметкері қатысты. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған шараға қатысушыларды Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар құттықтап,  конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Кейбіреулер жасанды интеллект пен кітапхананың арасында қандай байланыс болуы мүмкін, кітапхана жасанды интеллектсіз де өмір сүре алады ғой деуі әбден мүмкін. Жоқ, қателесесіз. Жасанды интеллект кітапхана саласына  да аяңдап жетті. Жаңалыққа ашық болмасаңыз, айдалада қалып қоюыңыз әбден мүмкін. О.Бөкей атындағы орталықтандырылған қалалық кітапхана директоры Хабиба Мырзаханқызы Ақжігітованың айтуынша, республикалық конференцияның  негізгі мақсаты да осы.  Кітапхана жұмысын заманауи үлгіде дамыту өте маңызды. Қазірдің өзінде еліміздің кітапханалары жасанды интеллектті кітапхана жұмысына енгізу мәселесінде көш соңында қалып қойды десе де болады. Ендігі жерде қол қусырып отыруға әсте болмайды. “Болмасаң да ұқсап бақ” деп Абай атамыз айтқандай, әрекет ету керек. 

Екі күндік конференцияға Ресей  Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар жөніндегі  ақпарат институтының аға ғылыми қызметкері Вадим Степанов арнайы шақырылып, баяндама жасады. Ғалымның жасанды интеллектті кітапхана саласындағы ақпараттық қызметте пайдалану туралы шеберлік сыныбы қазақстандық кітапханашылар үшін нағыз олжа болды десе де болғандай. В.Степанов жасанды интеллектінің  шығу тарихынан бастап өмірде қалай қолдануға болатыны туралы қызық та тың мәліметтермен бөлісті. Ғалым жасанды интеллектінің дамуын 3 кезеңге бөледі. 1950-1970 жылдары жасанды интеллект енді ғана пайда болып, алғашқы бағдарламалар жасала бастаған болса, 1980-2010 жылдары жасанды интеллект жүйесі өз жемісін де бере бастады, ал 2010 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін жасанды интеллект барлық салаға қарқынды енгізілуде. Бүгінгі таңда жасанды интеллект ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, медицина, қауіпсіздік жүйесі секілді көптеген салада кеңінен қолданылады. Ендеше осынау үрдістен кітапхана саласы да қалыс қалмауы қажет. 

-Кітапханашылар компьютерді ең алғаш қалай үйренді, жасанды интеллекті де солай жан-жақты меңгеруі керек. Заманауи технология жаңалықтарын қызметіне енгізген кітапхана ғана жастарды өзіне тарта алады. Осылайша, өлімге емес, өмір сүруге құштар ұл-қыздарды тәрбиелеуге ықпал етуіміз керек,  - дейді В.Степанов.

Конференцияда ТМД IDC вице-президенті А.Беклемишев қатысушыларға Қазақстан Республикасында жасанды интеллекті дамыту тұжырымдамасы туралы әңгімелеп берді. Ал Белорусь ұлттық техникалық университетінің ғылыми кітапханасы электрондық қорлар бөлімінің интернет технологияны дамыту бөлімінің басшысы А.Ковалевский “Кітапхана - Жасанды интеллект әлеміне жолбасшы” тақырыбында онлайн дәріс өткізді. 

- Егер бүгін біз жасанды интеллекті игермесек, ертең біздің орнымызды басатын біреулер міндетті түрде табылады, - деді ол өзінің баяндамасының соңында.

Рас, қазіргі таңда еліміздегі кітапханашылар жаңалыққа көз жұма қарап отыр деуге келмес. Еліміздегі кейбір кітапханалар жасанды интеллект элементтерін белсенді енгізу үстінде. Соның бірі - Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған қалалық кітапхана. Конференция барысында кітапхананың Бекжан Дауылбеков, Данил Голованов, Максим Решетов секілді IT мамандары кітапханада жасанды интеллектінің көмегімен жүзеге асырылып жатқан жобаларды таныстырды.  Сондай жобалардың бірі  - «Digital Fashion». Жасанды интеллект сән әлемін жатсынбайды. Цифрлық технологияның көмегімен сән индустриясының дөңгелегін де шыр айналдыруға болады.  Қазіргі таңда О.Бөкей атындағы  кітапхана жас ұрпақты цифрлық әлемде өмір сүруге, цифрлық қоғамға бейімдеуге үйрететін нағыз алаңға айналды.  IT технологияның тетігін жетік меңгеруге талпынған жас бойжеткендер виртуалды сән әлемімен танысып, киім үлгілері мен декор, интерьер мен сәулет бұйымдарын, сондай-ақ көрініс-бейнелер мен дизаин, визуальды көріністерді әртүрлі интернет платформаларға жайғастыруды меңгереді.

Конференция аясында кітапханашылар лекциялар ғана тыңдап қана қоймай, шеберлік сыныптарына қатысып, жасанды интеллекті қолдану туралы білім көкжиектерін кеңейтіп, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болды.   

Сондай-ақ алқалы жиынның екінші күні Д.Серікбаев атындағы ШҚ  техникалық университетінің профессоры И.Уәлиева, Ресейдің бағдарламалық қамтамасыз етуді жасау тобының жетекшісі А.Лютецкий, “Invect Trade CO” ЖШС техникалық директоры Салауат Қазыбаев және т.б. жасанды интеллекттің болашағы туралы өз ойларын ортаға салды.

- Бұл конференция өте маңызды. Қазіргі күні кітапханашыларға осындай  кітапхананы алға сүйрейтін шаралар өте қажет. Өз басым, жасанды зердені қолдану дәл кітапхана жұмысында әзірге кенжелеп тұр дер едім. Әркім өз білгенінше қолданып жүр. Бүгін мен жасанды зердені кітапхананың әр бөлімінде, әр жүйесінде қолдануға болатынын біліп отырмын. Бұл бізге үлкен әдістемелік көмек. Ресейлік ғалым Вадим Степановтың берген мағлұматтары өте қызық. Болашақта ол кісімен тығыз қарым-қатынас орнатқымыз келеді. Кітапхана қызметіне жасанды интеллектіні енгізуде, жұмысымыздың осы бағытын  дамытуда байланыста боламыз деп ойлаймын, - дейді Семей қаласындағы Абай атындағы кітапхана директорының орынбасары Гүлмира Аязбаева.

Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Сәния Серікқызы бұл шараның маңызын ерекше атап айтты. Жасанды зерде туралы бұрыннан ізденіп жүргенін, бүгінгі шараның өте пайдалы болғанын  жеткізді. Ол конференция барысында жасанды интеллектті пайдалану бойынша алған білімнің жұмыста пайдаға асатынына сенімді.

Ал жасанды интеллект кітапхана саласына не береді?

Әрине, жасанды интеллект кітапхана саласына зор мүмкіндіктің есігін ашары сөзсіз. Кітапхана қызметінің сапасына тікелей әсер  етеді. Бірақ мәселенің тағы бір тұсы бар. Ол қаржы мәселесі. Бұл мәселені шешу үкіметтік деңгейде қарастырылуы тиіс. 

Екі күнге созылған конференция нәтижесінде барлық қатысушыларға арнайы сертификат табыс етілді.