Тәртіп кеткен жерде тұрмыс тоқырайды, тірлік қожырайды. Елдің тұтастығы, мемлекеттің мығымдығы, қоғамның қауіпсіздігі тәртіпке сүйенеді.
Тәртіпке үлес қосқан төрге озады
333
оқылды

Осы орайда Ішкі істер министрлігінің бастамасы ел ішінде пікірталас туғызды. Оған сәйкес, халыққа төлемнің жаңа түрі енгізілмек. Яғни, кез келген жерде ұсақ қылмысты телефон камерасына түсіріп, полицияға жолдағандар сыйлықақы алады. Осы іспен тұрақты айналысса, грантпен университетке түседі, жұмысында сыйақы алады, қоғамдық көлікте тегін жүреді. Сөйтіп, елде «полицияның қоғамдық көмекшісі» институты нығайтылады.

Құқық қорғау органдарының ардагері Бердібек Ғизаттың тү­сіндіруінше, қоғамдық көмекші институты 2004 жылдан бері заң­дастырылған түрде жұмыс іс­тейді. Сол жылғы 27 қарашада Ішкі істер ­ми­­нис­трінің №641 бұйрығымен «Бақылау және қадағалау функ­цияларына бай­ланысты емес, қоғамдық тәр­тiп­­тi қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларға аза­маттарды тарту ере­жесі» бе­кітілді. 

– Біз университеттерді ара­лап, студенттермен кездескенде, жастарды қоғамдық тәртіпті қам­тамасыз етуге қатысуға үгіт­тей­тінбіз. Ереже бойынша ондай адам­дарға ішкі істер органының басшылығы белгілеген үлгідегі куә­лік және «Полицияның қоғам­дық көмекшісі» деген жазуы бар ерекше омырау белгісі беріледі. Жасыратыны жоқ, бұл тетік өз деңгейінде пәрменді жұмыс істеп кете қойған жоқ. Меніңше, бұқа­раны бюрократия үркітті. Көмек­шілер алдымен жергілікті әкім­дікке тиісті құжаттарын тапсыруы қажет. Ол тіркегеннен кейін ау­мақтық ішкі істер органының рәсімдерінен өтеді. Қоғамдық тәр­тіпті қамтамасыз етуге қаты­сатын азаматтар есепке алына­ды, – деді Б.Ғизат.

Оның айтуынша, бұл тұрғыда билік жергілікті атқарушы ор­гандарға берілгендіктен, кейбір әкімқара өзімбілемдікке са­лынып, жұртшылыққа сенімсіздік білдірген. Мысалы, азаматтық ұс­танымы нық, принциптерге бе­рік жергілікті қоғам белсенділерін көмекші ретінде тіркеуден бас тарту оқиғалары кездескен. 

Сондай-ақ ереже бойынша қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын азаматтар өзімен бірге үнемі куәлігі мен ерекше омырау белгісін (жетон) қатар алып жүруге, тәртіп бұзушы талап етсе, көрсетуге міндеттелді. Көр­сете алмаса, қоғамдық тәртіпке көмектесе алмайды. 

Көмекші болуға ел неге қызықпады?

Сала ардагері бұл тұрғыда АҚШ-тың тәжірибесін алға тарт­ты. Онда мысалы, «шерифтің көмекшісі» лауазымы қарасты­рылған. Оларға жалақы төленеді, әлеуметтік қолдау, марапаттау-ынталандыру шаралары қарас­тырылған, тіпті қару алып жүруіне рұқсат етілген. Шерифтің орын­басарынан айырмашылығы сол, шерифтің көмекшілерінің саны көп болады. Мәселен, Лос-Анд­желес округінің шериф депар­та­ментіне жеті мыңдай штаттық шериф көмекшісі жұмыс істейді. Мәртебесі жөнінен шерифтен 8 рангке төмен тұр. Олар қылмыс­тың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жоғалғандарды іздеу-құт­қару, жол қозғалысын бақылау, егер мұғалім болса, мектептегі тәртіпті сақтауға көмектесу және басқа функцияларын атқарады.

Ақпарат құралдары поли­ция­ның қоғамдық көмекшілерінің штаты толыққаны туралы ақпа­ратты арагідік жариялап тұрады. Мысалы, 2020 жылдан бері елі­міздің ең ірі мегаполисінде 350-ден астам алматылықтың ерікті негізде көмекші болуға тілек білдіргені хабарланды. Олардың арасында полиция ардагерлері, қа­­рапайым зейнеткерлер, бел­сенді азаматтар, студенттер бар. Белсенділігімен көзге түскен­де­ріне ара-тұра ынталандыру сыйа­қысы төленеді. 

Ресми хабарламада оның бәрі «қала аумағында тәртіпті қамта­масыз ететін қосымша күзет күш­теріне» айналғаны, жедел-про­фи­лактикалық іс-шаралар аясында рейдтерге тартылатыны айтылды. Бірақ 2022 жылғы қаңтар оқи­ға­лары кезінде қоғамдық көмек­ші­лердің «тапшылығы» туын­дады. Өйткені олар қарусыз, де­мек өзін де қорғай алмайды. Сон­дай-ақ төтенше жағдай және комен­дант­тық сағат енгізілгенде, олар­дың жетондары мен куәлік­тері жара­май қалатын көрінеді. 

2023 жыл қорытындысында қоғамдық тәртіпті қорғауды қам­тамасыз етуге белсенді қатысқан азаматтарға республика бойынша жалпы сомасы 102 миллион 827,6 мың теңге төленіпті (2022 жылы – 90 миллион 60,6 мың теңге ауда­рылған). Бұл көп пе, аз ба? Осы 103 миллион теңгедей ынталан­дыру сыйлықақысы бір жыл ішін­де бүкіл Қазақстан бойынша 3 724 адамға берілген екен. Яғни, 1 адамға шаққанда орта есеппен 27,6 мың теңгеден ғана келеді. Елімізде ең төменгі айлық жалақы 85 мың теңгені құрайтынын ес­керсек, бұл «ынталандыру» көп­шілікті ынталандырмайтыны бай­қалады. Бұған қоса, 333 кө­мек­ші – ведомстволық грамота­мен, 357-сі – түрлі алғысхатпен, 4 адам бағалы сыйлық­тармен ма­рапатталған. 

Ішкі істер министрлігі азамат­тарды құқықтық тәртіпті сақтауға тарту жағы ақсап жатқанын жа­сырып жатпады.

– Қазіргі уақытта азаматтар қоғамдық тәртіпті күзету ісіне қа­тысуға ерекше ынта-жігер та­нытпайды. Мұның себептері ­же­терлік: қоғамды соған ын­­та­лан­­­­дырудың нақты тетігі жоқ, құ­қықтық тәрбие беру жағы ақсап жа­тыр, белсенді азаматтық ұста­ным тоқыраған. Сонымен қатар қоғамдық көмекшілердің және құрылымдардың құқық­бұзу­шы­лықтардың алдын алуға қатысу тәртібі анықталмаған. Олардың нақты міндеттері мен бағыттары нақтыланбаған. Көп­шілік жағ­дайда мұндай қоғамдық құры­лымдардың қызметі үстірт, фор­мальды, көзбояушы сипатта бо­лып келеді. Ол әлеуметтік же­ліде және ақпарат құралдарында белсенді қызмет иллюзиясын ту­ғызу үшін пайдаланылады, – де­лінген ІІМ-нің заң жобасына кон­сультативтік құжатында. 

Зор ынтаға мол қошемет

Ішкі істер органдары аза­маттарды құқықбұзушылық­тар­дың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ерікті тартудың тәсілдемелерін түбегейлі өзгертіп жатыр. Ведомство «Құ­қық­бұзушылықтар профилак­тикасы туралы» заңының жо­басын әзірледі. Онда азаматтарды құқық­бұзушылықтың алдын алу­ға тарту­ға 3 бап (41-43-баптар) арналған. 

Заң жобаcында ынталандыру тетіктерінің «ассортименті» арт­тырылды. Қолданыстағы ереже бойынша полицияның қоғамдық көмекшілерін, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын аза­маттарды көтермелеу шара­ла­ры­на, біріншіден, алғыс жариялау, екіншіден, грамотамен мара­пат­тау, үшіншіден, жоғарыда айтыл­ғандай, азын-аулақ ақшалай сыйа­қы беру, төртіншіден, жер­гілікті әкімдіктер мен мәслихаттар анықтайтын өзге де шаралар қарастырылған. 

Жаңа заң жобасында құқық­бұзушылықтың алдын алуға тар­тылған тұлғаларды ынталандыру шарасының өрісі әлдеқайда кең, тізімі ұзын болмақ. 

Біріншіден, әкімшілік құқық­бұзушылықты немесе ұсақ қыл­мысты ашуға көмектескендерге ІІМ алғыс жариялауы мүмкін. 

Екіншіден, грамотамен мара­паттау қарастырылады. 

Үшіншіден, қомақты ақшалай сыйақылар төленбек, ол туралы төменде жеке айтылады. 

Төртіншіден, қоғамдық кө­мек­шілер мен еріктілерге арнап, бизнес субъектілері адалдық бағ­дарламалары мен түрлі бонустық жүйелерді ұсынады. Тиісінше, ол адамдар сауда желілерінде тауар­лар мен қызметтер бойынша же­ңілдіктерге ие болады. 

Бесіншіден, полицияға кө­мек­тесетін азаматтар ІІМ-нің, басқасының білім беру және бі­ліктілікті арттыру бағдарлама­ларынан өтіп, жаңа мансабының іргетасын қалай алады. Соның ішінде оларды ішкі істер орган­дары қатарына жұмысқа орна­ластыруға жәрдем көрсетілмек.

Алтыншыдан, құқықбұзу­шы­лықтың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қаты­сатын студенттерге оқу өтемақысы ұсынылады. Ол студенттің ақылы оқуының шығындарын өтеу, тіпті оны мемлекеттік, әкімдік немесе бизнес гранттары негізінде толы­ғымен тегін білім алуға көшіру түрінде болуы мүмкін.

Жетіншіден, мемлекет пен қоғамда тәртіп орнатуға сүбелі үлес қосқандар өзінің жұмыс ұжы­мында құрмет-қошемет кө­реді: ІІМ немесе әкімдік оны ын­та­лан­дыру, сыйақы-премия беру тура­лы ұйымына, кәсіпорнына ұсы­ныс­тар жіберуге құқылы болады.

Сегізіншіден, құқықбұзу­шы­лықтың алдын алуда елеулі үлес қосқан адамдар мен ұйым-ком­панияларды мемлекеттік награ­дамен және құрметті атақпен ма­рапаттау туралы ұсыныстар енгізіледі. 

Тоғызыншыдан, жергілікті әкімдіктер құқықбұзушылықтың алдын алуға тұрақты қатысатын тұрғындарын ынталандырудың өзге шараларын ұсынбақ. Мы­салы, коммуналдық қызметтер төлемінде, қоғамдық көлікте жүруде және басқасында жеңіл­діктер беру сияқтылар. 

Смартфон камерасы – қаржы көзі

Құжаттың басты бір жаңалығы сол, әкімшілік құқықбұзушылық фактісін камераға түсіріп, оның бейнежазбасын уәкілетті ор­гандарға жіберген азаматтарға салмақты сыйлықақы төленбек. «Ашық НҚА» порталында ор­наластырылған заң жобасының мемлекеттік тілдегі нұсқасында ол сыйлықақының сомасы «тәртіп бұзушыдан өндіріп алынған айып­пұл сомасының 20%-ын құ­райтын болады» деп жазылған. Шынында, құжаттың ақырғы (орысша) нұсқасында 20%-дан бас тартылыпты.

Қоғам белсендісі, кәсіпкер Александр Ольшевский 20%-дың көп екеніне назар аудартты. Мұны кейбір азамат, мысалы, блогерлер табыс табу көзіне айналдырып, тұрғындардың қыр-соңына түсуі, тіпті қылмысқа арандатуы мүмкін.

– Тұрғындар онсыз да жол жүрісі ережелерін бұзған, аула­ларда көгал-гүлзәрларға қойылған көліктерді видеоға түсіріп, поли­цияға тегін жолдап жатады. Мұн­дай әділеттілікке ұмтылыстарды қолдау керек, сонымен бірге пай­дакүнемдікке дейін жеткізбейтін теңгерімді табу қажет. Құқық бұзушылар төлейтін айыппұлдың белгілі бір бөлігі соны әшкере­леген азаматтарға берілсе, бұл ха­лықты ынталандырады, қыл­мысқа селқос емес, қырағы болуға үйретеді, ұсақ қылмысқа да төз­беушілікті, құқықтық мәдениетті қалыптастырады. Меніңше, мы­салы, 5% жетеді. Бұл табыс емес, ынталандыру болуға тиіс, – деді қоғам белсендісі.

Германиялық BILD басылымы жуырда «домалақ арыз» боратып, миллионер болған 18 жасар Ник­лас Маттеидің хикаясын жария­лады. Грефенхайнихен қаласының тұрғыны көршілерінің әр қадамын аңдып, олардың құқықбұзушы­лықтары, көбіне көлігін дұрыс қоймағаны туралы 4 227 шағым жазған екен. Никластың айтуын­ша, «сөз тасу шебері» атанғалы ол 1 млн еуродан артық табыс тауып­ты. Соңынан сөз еруі «арқасында» танымал болып, Instagram, TikTok-тағы жазылушыларының саны 100 мыңнан асқан, жарнама беру­шілердің назарын аудартқан. Оны жеке би кештеріне, теле­шоуларға, қалалық мерекелерге жиі шақы­рады. Никлас Маттеи әрбір ша­қы­ру үшін 100 мың еуроға дейін ақы сұратады. Жаңа тәжірибе кең та­ралса, Қазақ­станның да өз «Ник­ластары» пай­да болуы мүмкін. 

Ішкі істер министрлігі өз тү­сініктемесінде қоғамдық талқылау барысында түскен ұсыныс-ес­кертпелерге сай, сарапшылардың ұсынымы бойынша заң жобасы жетілдірілетінін жеткізді. Құжат бойынша нақты қандай құқық­бұзушылықтар үшін сыйлықақы төленетінін, төлемақының па­йыз­бен қанша көлемде болаты­нын, қандай мерзімде аудары­латынын, сондай-ақ видеоға тіркеу тәртібін, бейнежазбаға қойылатын талаптарды айқын­даудың құқық-құзырын әкімдерге беру ұсынылған. Әкімдер мысалы, өз қажеттіліктері мен басым­дық­тарына қарай абаттандыру қа­ғидаларын бұзу, бұқара пайдала­натын орындарды ластау, аялдама, көше орындықтары, шамдар, субұрқақ, көше композициялары секілді қала инфрақұрылымын бүлдіру, қирату және өзге құ­қық­бұзушылықтарды әшкерелеуге сыйлықақы тағайындай алады.

Мемлекеттік бюджет есебінен берілетін бұл төлемнің кімге тө­ленгені «құпия ақпаратқа» жат­қызылады, оны айыпталушы адам да біле алмайды. Осы арқылы елдегі тәртіп пен заң үстемдігін қамтамасыз етуге үлес қосатын азаматтар кекшілдердің қысас­тығынан қорғалады.

Елдос СЕНБАЙ