Көшеде жүрген немесе ойын клубтарында отырған бозбалаларды алып кету трендке айналды.
Қазақстанда 20 мың жігіт әскерге барудан жалтарып жүр
Қорғаныс министрлігі
2,051
оқылды

Әскерге барудан 20 мың жігіт қашып жүр. Бұл – биылғы көктемгі әскерге шақыру науқанының деректері. Келген шақыртуды елемейтіндер көбейген. Енді оларды көшеден ұстап алып кетуден басқа амал қалмаған. Бірақ оған көпшілік наразы, деп хабарлайды Aikyn.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап. 

Қазір күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Егер Отан алдындағы борышыңызды өтемесеңіз, сізді де осылай алып кетеді.

Соңғы жылдары көшеде жүрген немесе ойын клубтарында отырған бозбалаларды қолын қайырып, алып кету трендке айналды. Әлеуметтік желілердегі видеоларды көрсек, «Қылмыскер ұстағандай алып кетті» деп алаңдайтын адамдардың пікірі қарша борайды.

Дегенмен Қорғаныс министрлігінің өкілдері Отан алдындағы борышын өтеуден қашатын жастардың азайып келе жатқанын алға тартып отыр. Бірақ ондайлар мүлде жоқ деген сөз емес. Әскерден қашқандарға әкімшілік және қылмыстық жаза қарастырылған әрі түнгі рейдтер жүргізіліп тұрады.

Жалпы, көшедегі рейдтер заңның 30-бабына сәйкес қаралған. Әскери басқару органдары шақыру қағазын бере алмаған кезде, ол іс жергілікті ішкі істер органдарына тапсырылады. Ал енді компьютерлік клубтарда, көшеде қашып жүрген балаларға қатысты осындай  шаралар қолданылады, – дейді ҚР Қарулы Күштері бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев.

Айта кетсек, биыл әскер қатарына 40 мың адамды шақыру көзделген. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бұл – адам санының көбейгеніне байланысты.