Сапар барысында депутаттар Сыр өңіріндегі әлеуметтік нысандардың жұмысын жоғары бағалап, игі бастамалардың жарасымды жалғасын табуына тілеулестік білдірді.
«AMANAT»: Партияның фракция мүшелері Сыр еліне жұмыс сапарымен келді
935
оқылды

Парламент Мәжілісінің депутаты Болат Керімбек  пен Максим Рожин Қызылорда облысында болды. Партияның фракция мүшелері Сыр еліне жұмыс сапары аясында депутаттар облыс орталығында ашылған нысандардың жұмысымен танысты. 

Мәртебелі меймандар алдымен Қызылорда қаласының сол жағалауында бой түзеген «Оқушылар сарайына» табан тіреді. Халық қалаулылары аталмыш орталықтағы заманауи үлгіде жабдықталған  сыныптармен, арнайы құрылған үйірмелердің жұмыс барысын көзбен көрді. 

Осы орайда айта кеткен абзал, жалпы құны 2,3 млрд  теңгені құрайтын 350 орындық бұл «Оқушылар сарайы» «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен биылғы жылы  ел игілігіне табысталған болатын. Бүгінде мұнда ұлттық әуендер, телестудия, биология-химия, гидропоника, гимнастика, би сыныптары жұмыс істеуде. Сондай-ақ  орталықта жылыжай  ашылып, бақша өнімдерін өсіру де қолға алынған. 

Қазіргі уақытта өңірдегі сәулеті келіскен, теңдесі жоқ бұл орталық оқушылардың жаңа салаларға зейінін ашып, олардың түрлі тәжірибе жасауына үлкен жағдай туғызып отыр. 

Негізінен Сыр өңірінде жыл санап аймақ басшысының бастамасымен, партияның «Жол картасы» аясында және демеушілердің қолдауымен әлеуметтік маңызы бар орталықтар саны артуда. Соның ішінде, келбеті келіскен Сыр шаһарының сол жағалауында көптеген әлеуметтік маңызы зор нысандар халыққа пайдалануға берілуде. Құрылысы қарқын алған ғимараттар қатары да аз емес. 

Соның бірі – жуырда ғана ашылған «Теннис орталығының» жұмысы да халық қалаулыларының назарынан тыс қалмады. 

Бүгінде өңірде бұқаралық спортпен шұғылданатын тұрғындар саны 328 597 адамға жеткен. Осы орайда халықаралық стандарттарға сай жабдықталған бұл теннис орталығы жергілікті жұртшылықтың салауатты өмір салтын ұстануға деген құлшынысын одар әрі арттыра түсері сөзсіз. 

Негізінен аталмыш орталық аймақ тұрғындарының сұранысына сай бой түзеген болатын. Үстел теннисі орталығының құрылысына облыстық бюджеттен 2,5 млрд теңге қаралса,  Samruk Kazyna Trust  әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 900 млн теңге қаржы бөлген. Бүгінде орталықта 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, 350 көрерменге арналған орындар, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер бар. Мұнда 31 қызметкер жұмыс істейді.

Сапар барысында депутаттар Сыр өңіріндегі әлеуметтік нысандардың жұмысын жоғары бағалап, игі бастамалардың жарасымды жалғасын табуына тілеулестік білдірді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы