Қауіпсіз жүктілікті қамтамасыз ету үшін жүктілікке дейін сауықтыру шараларын өткізу ұсынылады.
Енді әрбір әйел бала көтермес бұрын тексеруден өтуге міндеттелмек
559
оқылды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі енді еліміздегі бала тууды жоспарлаған әрбір әйелді тексеруден өтуге міндеттемек, - деп хабарлайды Aikyn.kz

Денсаулық сақтау министрлігі Ана денсаулығы басқармасының басшысы Шәкизат Халықова 2025 жылдан бастап Қазақстанда 15 пен 49 жас аралығындағы әйелдер үшін арнайы әзірленген "Аналар саулығы" бағдарламасы іске қосылатынын айтты. Белгілі болғандай, аталған жоба еліміздегі дені сау және жоспарлы жүктілік санын арттыру үшін бала тууды жоспарлап отырған әйелдерді кешенді тексеруге бағытталған.

Бағдарламада жүктілікті жоспарлайтын фертильді жастағы барлық әйелдердің денсаулық индексін анықтау үшін учаскелік дәрігерлердің міндетті тексеруінен өтуі қарастырылған. Қыздар мен жасөспірімдерге ерекше көңіл бөлінбек.

- Қауіпсіз жүктілікті қамтамасыз ету үшін жүктілікке дейін сауықтыру шараларын өткізу ұсынылады, бұл жүктілікке дейінгі дайындық деп аталады. Бұл кешен денсаулық жағдайын бағалауға және ерлі-зайыптыларды жүктілікке, дені сау бала тууға дайындауға бағытталған диагностикалық, профилактикалық және емдік шараларды қамтиды, – деп түсіндірді ол.

Халықова аталған бағдарлама аясында Қазақстанның 20 аймағында алғаш рет жүктілікке дайындық бойынша үйлестіруші мамандар оқытылып, клиникалық тексеру хаттамасы бекітілгенін атап өтті.

- Перинаталдық нәтижелерді жақсарту үшін әрбір қызды ерте жастан ана болуға дайындап, ұрпақты болу денсаулығын нығайту қажет. Біз барлық әйелдерді жүктілікті жоспарлауға, жүкті болмас бұрын тексеруден өтуге және медицина мамандарының ұсыныстарын орындауға шақырамыз, – деп атап өтті Шәкизат Халықова.

Бағдарлама 8 негізгі бағытты қамтиды:

  • жасөспірімдердің денсаулығын сақтау және әртүрлі инфекциялардың, соның ішінде жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ) алдын алуға бағытталған әдеттерді қалыптастыру;
  • профилактикалық тексерулер: фертильді жастағы әйелдер мен қыздардағы патологияларды анықтау және оларды емдеу;
  • "Ерлі-зайыптылардың денсаулық паспорты" жобасы: некеге тұрғанға дейін ерікті профилактикалық тексерулер жүргізу;
  • әйелдерді концепцияға дейінгі дайындау және жүктілік пен босану нәтижелерін жақсарту;
  • жүкті әйелдерді ерте анықтау және сапалы көмек көрсету;
  • контрацептивтермен қамтамасыз ету;
  • әйелдер мен қыздардың денсаулығын жақсарту үшін жаңа технологияларды пайдалану;
  • салауатты өмір салтын және ұрпақты болу денсаулығын насихаттау.
  •