Республика күніне орай қала мектептерінде «Туған елім – Қазақстаным» атты ұлттық патриоттық сезімді оятатын әндер бойынша мегачеллендж басталды. Бастама бойынша білім беру ұйымдарының оқушылары рухты көтеретін патриоттық әндерді орындайды.
400 оқушы «Атамекен» әнін шырқады
838
оқылды

Мегачеллендж аясында Астанадағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде төрт жүз оқушы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін шыр­қады. Мұндағы мақсат – жас ұрпақтың отан­сүйгіштік, ұлтжандылық, ел мен жерге деген құр­метін арттыру. Сонымен қатар мереке күніне орай кеше білім беру ұйымдарында барлық сы­ныптар арасында «Республикам – мақтанышым» атты сынып сағаттары өтеді. Онда оқушылар танымал адамдармен кездесті. 

«Республика күні – біздің басты ұлттық мер­екеміздің бірі. Бұл біз үшін айрықша мағынаға ие. Астана қаласы Білім басқармасы мереке қар­саңында білім беру ұйымдарында іс-шаралар ұйым­дастыруды жоспарлап отыр. Басты мақсат – оқушылардың бойындағы отансүйгіштік, ұлт­жандылық сезімдерін ояту», – деді Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызы.

Оның айтуынша, аталған челлендж 24 қазанға дейін жалғасып, барлық мектептерді қамтиды.

Айта кетейік, 25 қазан күні елімізде Ұлттық мереке – Республика күні атап өтіледі. Осы айтулы күннің құрметіне Астанада 100-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шара өткізіледі. Олардың арасында мерекелік концерттер, көрмелер, балаларға арналған көр­некті нысандар бойынша экскурсиялар, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлері бойынша турнирлер және басқа да көптеген іс-шаралар бар.