Еуразия ұлттық университетіне бірер жыл бұрын Үкімет қаулысымен зерттеу мәртебесі беріліп, оқу орнының 2022-2026 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілген еді. Соған сәйкес, университеттің ғылыми инфрақұрылымын кеңейтуге мықтап көңіл бөліне бастаған болатын.
Зияткерлік хаб ретінде дамуға қадам
323
оқылды

Аталмыш бағдарлама аясында Абай облысы Курчатов қаласындағы «Ядролық технологиялар паркі» акционерлік қоғамы университет балансына берілді. Мұнда мамандарды даярлаумен қоса, ғылыми-зерттеу жұмыстары қатар жүреді. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға көңіл бөлінеді. Кәсіпорында студенттер практикалық дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, ғылыми жұмыспен айналысып келеді.

Университет бүгінде халықаралық рей­тингтің 36 түріне қатысады. Мысалы, биыл QS World University Rankings халық­аралық рейтинг агенттігінің бағалауы бойынша университет 321-орынға тұрақтады. Білім ордасы QS Asia рейтингіне сәйкес, Азиядағы үздік 50 жоғары оқу орнының қатарында. QS Sustainability тұрақты даму рейтингінде де нәтиже жақсы. Ал былтыр университет QS Stars рейтингіне алғаш рет қатысып, 4 жұлдыз алды. Қысқасы, ЕҰУ-дың әлемдік рейтингтегі орны елдегі біраз универ­ситеттен көш ілгері. Даму стратегиясы шеңберінде оқу орны ғылымға, инно­ва­цияға, коммерцияландыруға, бәсекеге қабілетті арттыруға студенттер мен оқы­ту­­шылар үшін инновациялық экожүйе құруға баса назар аударады. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейінде ғылыми қызмет пен білім беру үрдісін интеграциялау, ғылым мен бизнестің өзара іс-қимылын нығайту сынды басқа да жұмыстар атқарылып жатыр. 

Ұлттық университеттің перспективалы жобаларының бірі ретінде «ЕНУ-Град» кампусының құрылысын айтуға болады. Шағын қалашық аумағына оқуға, ғылыми-зерттеуге, спорттық-сауықтыруға, дем­алыс­қа таптырмайтын жайлы орындар және технопарк салу жоспарланған. Мұндай шешімді университет басшылығы студенттердің жыл сайын көбейетінін ескере отырып қабылдады. Әрі ЕҰУ-дың зерттеу университеті мәртебесіне ие болып, ғылыми әлеуетінің нығаюы да студенттерге арналған қалашық салуға негіз болды.

Университеттің ғылыми қызметі 6 ғылыми-білім беру кластері негізінде үйлеседі. Оның ішінде физика ғылымдары және ядролық технологиялар, математика және ақпараттық технологиялар, биология, биомедицина және биотехнология, химия және жер туралы ғылымдар, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар, инжиниринг сынды бағыттар бар. Ғылыми инфра­құрылым 30 ғылыми-зерттеу институтынан тұрады. Университетте отандық ғылымның барлық басым бағыты бойынша бәсекеге қабілетті зерттеу топтары жұмыс істейді. Халықаралық деңгейде көптеген ғылыми жоба іске асады. Шетелдік серіктестердің қатарында АҚШ, Ұлыбритания және басқа да елдердің жоғары оқу орындары бар.

Еуразия университетінің ректоры Ер­лан Сыдықов осыған дейін бірегей, озық үлгідегі студенттік қалашық салып, студенттер мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – универ­ситеттің басым бағыттарының бірі сана­латынын айтқан еді. Бүгінде мемлекеттік және жеке серіктестік аясында студенттік жатақханалар салуға инвесторлар тар­тылған. Расымен, студенттерді жайлы жатақханамен қамту мәселесі мемлекеттік деңгейде көтеріліп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударған еді. Еуразия университеті бұл мәселені инвестиция арқылы шешуге күш салып отыр. Мысалы, биыл инвесторлардың қаражатына салынған 400 орындық студенттер үйі пайдалануға берілді. Кейінгі үлгідегі жаңа­ша дизайнмен салынған жатақхана ең бастысы студенттерге жайлы әрі қауіпсіз. Биылғы оқу жылында университет инвесторлардың қаражаты есебінен 2 500 орындық тағы бір жаңа студенттер үйінің құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. 

Жоғары оқу орнын дамытудың басым бағыттарының қатарында МВА/ЕМВА бағдарламаларын іске асыруды атап өтуге болады. Бұл – заманауи білімі мен дағдылары бар, процестер мен кадрлық активтерді басқаруға, компанияның стратегиясын қалыптастыруға, стратегия­лық және жедел міндеттерді анықтауға қабілетті басқарушы кадрларды даярлайтын бағдарламалар. Университет осы бағытты күшейту үшін халықаралық бизнес мек­тебін құруға қадам жасады. Бұдан өзге, ЕҰУ базасында тұрақты білім беру орта­лығын құру, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысатын ғалымдар санын 50%-ға дейін ұлғайту, жас ғалымдардың үлесін 60%-ға көбейту сынды жоспарлы міндеттер іске асып келеді. ЕҰУ мұнымен тоқтамай, халықаралық аккредиттеуден және сертификаттаудан өткен білім беру бағдарламаларының үлесін ұлғайтуға, QS WUR әлемдік рейтингінің топ-200-ге кіруге, рейтингтік басылымдардағы жарияланымдардың өсуіне, жас ғалым­дарды көбейтуге, коммерцияланатын жобалар санын өсіруге ниетті.

Университетте 2 000-нан астам про­фессор-оқытушы құрамы мен ғылыми қызметкерлер бар. Олар еңбегіне сай қаржылай ынталандырылып келеді. Университет басшылығы қызметкерлердің әл-ауқаты мен еңбек жағдайларын жақсартуға әркез назар аударады. Кейінгі үш жылда профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 30 пайызға өсті. Университеттің жалпы кірісінің қалған бөлігі оқу процесін қамтамасыз етуге бағыт­талады. Мысалы, оқу құралдарын, зертханалық жабдықтарды сатып алуға, материалдық базаны жаңартуға, дәріс өткізуге қажетті басқа ресурстарға, соның ішінде коммуналдық қызметтер мен мәдени іс-шараларға, студенттерді жұмыс­қа орналастыруға және басқа да шығындар­ға жұмсалады.

Биыл бізге мемлекеттік тапсырыс бойынша 4 214 студент оқуға түсті. Олар­дың  ішінде 590 «Алтын белгі», 908 үздік аттестат иегері және 14 халықаралық және республикалық жобалардың жүлде­герлері бар. Талантты да дарынды  жас­тарды оқу­ға тарту – біздің стратегиялық басым­дықтардың бірі. Сондай-ақ университетке Астана қаласы әкімінің қаулысы негізінде жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен гранттар берілуде. Биыл Еуразия ұлттық универ­ситеті ғылым мен иннова­цияны дамытуға бағытталған зерттеу университеті ретіндегі орнын мықтап бекітуге көңіл бөледі. Экономиканың нақ­ты секторларына ма­ман даярлап қой­май, жаһандық мін­дет­терді шешуге бағытталған цифрлық және зияткерлік хаб ретінде дамуға қадам басып отыр. 

Ардақ БЕЙСЕНБАЙ,

ЕҰУ-дың академиялық мәселелер

жөніндегі проректоры