Елімізде бір баспанаға қолы жетпей, жалдамалы пәтерде тұрып жатқан жандар қаншама?! Олардың көпшілігінің тұрақты жұмысы мен айлық табысы болғаны­мен, еңбекақысы күнкөріс қамынан, пәтер пұлынан артылмай, жеке үй сатып алуға қалтасы көтермейді.
Үй мен күй: халықты баспанамен қамту жайы қалай?
821
оқылды

Осыдан келіп несие алуға бел буады немесе ипотекалық тұрғын үйге өтінім қалдырып жатады. Бір жағынан алып қарағанда қалтасы жұқа қарапайым халық үшін бүгінде осы екі жолдан артық шешім болмай тұрғаны ақиқат. Алайда  бұл тағы да қарызға батырып, ай сайын тапқан табысын бала-шағасының аузынан жырып, банктерге төлеуге еріксіз мәжбүрлейді. 

Жалға беретіндердің дәурені жүріп тұр

Жоғарыда айтып өткеніміздей, «өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп айту арманға айналған адамдар төменгі айлық табысқа жұмыс істеп жатқан қарапайым халық. Себебі бүгінде тұрғын үй бағасы шарықтап тұр. Көп жағдайда қарапайым  тұрғынның айлық табысы баспана сатып алудан артылмайды.  Ал кейбіреулер бір-екі немесе одан да көп пәтер, болмаса бірнеше жер телімін алып, екі-үш бөлмелі сарай  тұрғызып, осы арқылы оңай ақша тауып жүр. Ал ипотекалық үйлерге келсек, бұл бүгінде көбімізге тығырықтан шығудың тиімді жолына айналды. Бірақ тиын санаған халыққа оңтайлы болып көрінгенімен, шотқа қаққанда оған ондаған жыл бойына төленетін қарыздың құны қымбатқа түсетінін айғақсыз аңғаруға болады. Ол үшін сол пәтердің құны мен несие­нің пайызын белгіленген жылдарға шаққанда көз жеткізесің.  

Жалпы, тұрғын үйге қолжетімділік алқымнан алған тұста оның бағасының жыл санап шарықтауы көпшіліктің көңіліне қаяу түсіруде. Мұндай ахуал Сыр өңірінде де асқынып тұр.

Соңғы жылдары елімізде тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Оның ішінде Қызылорда облысының да үлесі басым. Соның негізінде өңірде ипотекалық, арендалық үйлердің саны артып, халық қоныстойын тойлап жатыр. Алайда оның бағасы қалтаға қолайлы болып тұр ма? Көпші­лікті толғандыратыны да осы мәселе. 

Негізінен, облыс орталығы күн санап көркейе түсуде.  Соның ішінде сәні мен салтанаты Астана мен Алма­ты­дан кем түспейтін тұрғын үйлер көптеп салынып жатыр. Соңғы жылдары көктем мен күз айларында жаңа пәтердің кілтін алып,  қоныс­тойын жасаушылар қатарының артуы соған айқын дәлел. 

Бірақ  осы тұста сапа деген дүние тағы да саңылаудан сығалайды. Жаңа баспанаға қол жеткіздім деп бөркін аспанға атып қуанған халықтың көп ұзамай тұрғын үйінің сапасына айтып жатқан сын-ескертпелері толастар емес.  

«Сыр жастары»  баспана мәселесін шеше ала ма?

Былтыр Қызылорда облысында халықты жайлы  әрі тиімді бағада баспанамен қамтуға негізделген ипотекалық «Сыр жастары» бағдар­лама­сын іске қосу жобасы қолға алын­ғаны  мәлім. Жаңа бағдарламаның шарты мен пайыздық мөлшерлемесі көпшіліктің көңілінен шықты деп ай­туға болады. Содан да болар,  тиімді жобаның шарапатын көруге үмітті жан­дардың қарасы қалың болды. Биылғы көктемде аталмыш бағдарлама шең­берінде бір топ  отбасы жаңа қонысқа қол жеткізіп те үлгерді. 

Негізінен, бір жыл көлемінде Отбасы банкі арқылы ұсынылған шарттарды орындап, жайлы баспанаға қол жеткізудің тиімділігі халық арасында кеңінен түсіндірілді. Ел ішінде пайыздық мөлшерлемесі аз бағдарламаға қолдау танытқандар қатары көп болды. Бірақ бағдарлама шеңберінде тұрғын үйге қол жеткізу бәріне қолжетімді ме? Осы жайында ұйым­дастырушылардан сұрап көрген едік. 

«Бізде 2023 жылы осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін облыстық әкімдікке ұсыныспен шықтық. Яғни, 2023 жылдың 17 қаңтарында облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясымен қаржысы бекітілді. Соның нәтижесінде біріккен  қаржы арқылы арнайы бағдарлама жасақталды. Нақты айтқанда, 1 млрд 200 млн теңге көлемінде облыстан бюджеттік несие алып, банк тарапынан 500 млн теңге бөлінді. Осылайша, сол жылдың 18 шілдесінде кредиттік шартқа отырдық. Жалпы, 1 млрд 700 млн теңгеге 17 млн теңгеден есептеп, 100 пәтер берілуі көзделді. Осы орайда айта кету керек, бұл жобаның бір артықшылығы, мемлекеттік бағдарламаға кіретін азаматтардан бөлек өзге де топ өкілдеріне, яғни мемлекеттік бағдарламаға ілікпейтін түрлі салада еңбек ететін азаматтарға да үй алуға мүмкіндік қарастырылған. Атап айтқанда, санаттар бойынша денсаулық, білім, мәдениет және спорт саласы, ғылыми қызметкерлер, журналистер, әлеуметтік сала қызметкерлері, сондай-ақ холдингтер мен ұлттық компания филиалдарының қызмет­керлері, банк қызметкерлері мен қоғамдық тамақтану мен қызмет көрсету саласының мамандары да қамтылды. Ең бастысы, әрбір азаматқа 5 жыл көлемінде атында үй болмау талабы енгізілді. Осы азаматтар банк салымшысы атануы да міндетті. Бағдарламаның әкімшісі қоғамдық даму басқармасы болып бекітілді. Іріктеу осы басқарма арқылы жүзеге асырылады», – деп түсіндірді бұл жайында Отбасы банкі Қызылорда облыстық филиалының бөлім басшысы Шыңғыс Құттықов.

Бөлім басшысының айтуынша, бағ­дарлама аясында жаңа баспанаға банк салымшысы атанған аймақ тұрғындары ие бола алады. Конкурстан өткен адамдар­дың төлем қабілеті тексеріледі. Бұл тиісті жұмыстар облыс әкімдігі, қоғамдық даму басқармасы және Отбасы банкі арасындағы үшжақты  келісім негізінде жүзеге асып отырғанын алға тартты. Сондай-ақ бағ­дар­ламаның шартына сәйкес, әрбір салым­шының кредиттік тарихы, төлем қабілеті тексеріледі. Бұған қоса, салымшы­ның атында үй болмауы, айлық табысының мөлшері назарға алынып, берілетін үйінің кем дегенде 10 пайызы салынуы міндет­теледі. Осы талаптарды орындағандарға 5 пайыздық мөлшерлемемен 14-15 жылға пәтер алуға мүмкіндік жасалады.  Аталған жұмыстардың негізінде биыл алғашқы 60 адамға алпыс пәтерлі тұрғын үй табыс­талған. Бұл тұрғын үйдің құрылысын «Дәнекер» құрылыс компаниясы жүргізген. Жыл аяғына дейін қосымша Қызылорда қаласындағы СПМК шағынауданында құрылысы жүргізіліп жатқан 40 пәтерлі тұрғын үйді бағдарлама шеңберінде табыстау көзделіп отырғанын жеткізді.

«Алдағы жылға тағы ақша сұратып отырмыз. Бұл алдағы айдың ортасына таяу өтетін мәслихаттың сессиясында қара­ла­ды деп күтілуде. Алдымен осы жыл­ға берілген қаржыны сәтті игеріп, тиісті жұмыстарды толық аяқтау міндеті тұр. Келер жылға жоспар көп. Бағдарламаға ішінара өзгерістер енгізіп жатырмыз. Санат­тарды толықтыруға да мән беріп отырмыз. Сонымен қатар алдағы уақытта баспанамен қамту көлемін 300-400 адамға дейін арттырсақ деген ниет бар. Әрине, бұл жұмыстар қаражатқа келіп тірелетіні айтпаса да түсінікті. Егер қандай да бір келісімге келіп, қаржы мәселесі шешімін тапса, бұл бағытта да жұмыс жүргізуге болады. Тіпті, облыс орталығы ғана емес, аудандарды да бағдарлама аясында баспанамен қамтуға мүмкіндік арта түсер еді», – деп ойын толықтырды бөлім басшысы. 

Тұрғын үй құрылысында не жаңалық?

Соңғы жылдары құрылыс алаңына айналған Қызылорда қаласында тұрғын үй салу жұмыстары қарқын алып тұр. Жаңа шағынаудандар бой түзеп, сол жағалаудың ауқымы кеңейіп келеді. Бұған дейін 5 қабатты ғимараттар ғана салынатын өңірде, 7 қабатты тұрғын үй кешендері сап түзей бастады. Жылына екі рет жайлы баспанаға қол жеткізген тұрғындардың қуанышына куә болып жатамыз. 

Бұл тұрғыда Қызылорда қаласы әкім­дігінің мәліметіне сәйкес, биылға облыс орталығында 3 911 пәтерлі 74 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде екен.

«Қала әкімдігі тарапынан тұрғындардың талап-тілегіне орай мақсатты шараларды жүзеге асырып, жайлы баспана ұсыну үшін көпқабатты тұрғын үйлердің құры­л­ысын қарқынды жүргізудеміз. Оның ішінде  3 139 пәтерлі 58 тұрғын үй бюджет есебінен, 772 пәтерлі 16 тұрғын үй жеке инвестициялар есебінен салынуда. Жыл соңына дейін 7 қабатты 10 үйдің жоба-сметалық құжаттары және сараптама қорытындысын алу жоспарлануда. Мем­лекет басшысының, Үкіметтің тұрақты қолдауының негізінде және облыс әкімінің үйлестіруімен бұл бағыттағы жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді. Соның нәти­жесінде жыл басынан бері 1 300-ден астам отбасы қоныстойын тойлады. Жыл соңына дейін тағы 1 390 пәтер пайдалануға беріледі», – деп мәлімдеді бұл жайында Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Алайда осы орайда құрылыстың санымен қоса, сапасына да мән берілсе деген талап-тілек бар. Себебі осы кезге дейін пайдалануға берілген тұрғын үйдің көбі кемшіліксіз салынбағаны ащы да болса шындық. Сыртқы көрінісі тотықұсша таранып, көз сүйсінетіндей әсем кейіпте болғанымен, ішкі сапасына айтылар сын толастар емес. Оны тұрғындардың тала­бынан аңғаруға болады. Сондықтан әрбір құрылыс нысанының сапасына кепіл болатын дүниелер ойластырған артық болмас еді. 

Сарапшылардың уәжіне құлақ түрсек, мұндай келеңсіздікті жою үшін алдымен құрылыс жобаларының сауатсыз дайын­далуына жол бермеу қажет екені айтылады. Бұл тұрғыда өзіне жүктелген міндетті жұмысына салғырт қараған компанияларды құрылыс нарығынан аластау қажет. Осы арқылы тұрғын үйдің сапасын бағасына сай етіп тұрғызуға мүмкіндік жасалатыны жиі қозғалып жүр.

Сонымен қатар сарапшы мамандар тарапынан тұрғын үй саласына салықтық реттеу жүйесін жолға қою арқылы да көп­теген қиындықты еңсеруге болатынын тілге тиек етеді. Соның нәтижесінде қара­­­­­­пайым халықтың тұрғын үйге қол­жетімділігі артады. Әрі баға да халыққа тиімді деңгейге төмендейді. Сөйтіп, әрбір адамның өз үйі, жататын жері болып, баспана мәселесі шешімін табар еді. Сол сияқты жерді берудегі кел­ең­сіздіктерге де жол берілмеуі керек. Сонда ғана үйлердің жүйесіз салынуына тосқауыл қойылып, қала көркі айшықтала түсетіні даусыз. 

Тобықтай түйін: Нақты деректерге көз жүгіртсек, ипотекалық жүйені енгізу туралы шешім 2000 жылы қабылданған екен. Осының негізінде 2001 жылы «Қазақстандық ипотекалық компания» ААҚ құрылып, жұмыс істей бастады. Міне, тұрғын үй бағасының шарықтауы да осы кезеңнен бастау алады. Яғни, үйдің бағасы қымбаттауы арқылы белгілі бір мүдделі топтар халықты ипотекалық нес­ие алуға мәжбүрлеп отыр. Егер ипо­текалық жүйе жойылған күнде бүгінгідей бағасы шарықтаған үйді қарапайым халықтың сатып алуға қалтасы көтерме­гендіктен өтімсіз болып қалар еді. Сол себепті де оның бағасы өздігінен түсер еді. Бұл – бүгінгідей келеңсіздіктерден шығудың басты жолы.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы