«Бір ауыл – бір өнім» жобасының аясында болып жатқан көрме «Қазмедиа» орталығында орналасқан. Көрме барлық тұрғынға 22-24 қазан күндері сағат 9:00-ден 19:00-ге дейін ашық.
Астанада «Бір ауыл – бір өнім» жобасының аясында көрме өтіп жатыр
1,268
оқылды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүзеге асыратын «Бір ауыл – бір өнім» жобасы шағын және микробизнесті, сондай-ақ жергілікті шикізаттан өнім өндірумен айналысатын ауыл тұрғындарын қолдауға бағытталған. Аталмыш жоба кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, өңірдің дәстүрі мен жергілікті ерекшелігін дәріптейді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жобаның мақсаты – өңірдегі шикізаттан өндірілген бірегей өнімдерді ұлттық және халықаралық нарыққа шығару.

Сол мақсатқа жету үшін қазір ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Бұл туралы «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыру және мониторинг жасау жөніндегі жоба жетекшісі Гүлнар Сейітжаппарова айтты.

– Осы жобаның арқасында қазір әр аймақтан көрмеге 44 өнім өндіруші келіп отыр. Бұл жоба жергілікті шикізаттан өнім өндіретіндерді қолдайды. Әрі олардың өнімін жетілдіру мақсатында жеңімпаздар жапондық сарапшылармен жұмыс істеп, маркетолог, дизайнер мамандармен ақылдасып отырады. Енді жобаның ерекшелігіне тоқталар болсақ, біздің нарықта жалпы өнім өте көп. Бірақ нақты өзіміздің шикізаттан жасалғаны аз. Сондықтан аталған жоба осы тұрғыдан құнды деп есептеймін. Бұған қазір барлық аймақтан қатысып жатыр. Біздің ұлттық бренд ретінде нарыққа көптеп шығарғымыз келеді, – дейді жоба жетекшісі Г. Сейітжаппарова.

Жоба финалистері аталмыш көрмеде өз өнімін таныстырады. Іс-шараға келген қонақтар экологиялық таза тағамдардан бастап, өңірлік ерекшелікті сақтайтын инновациялық өнімдеріне дейінгі әртүрлі тауарды бағалай алады.

Жиында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі JICA өкілі Сатоши Цудзи сөз сөйлейді.

Айта кеткен жөн, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының аясында болып жатқан көрме «Қазмедиа» орталығында орналасқан. Көрме барлық тұрғынға 22-24 қазан күні сағат 9:00-ден 19:00-ге дейін ашық.