Парламент Сенатында палата Спикері Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен Республика күніне арналған салтанатты жиналыс өтті.
Тарихи маңызға ие мереке
380
оқылды

Мәулен Әшімбаев әріптестерін ұлттық мерекемен құттықтап, Егемендік туралы декларация Тәуелсіздікке жол ашқанын және Қазақстанды халықаралық құқықтың дербес субъектісі ретінде бекіткенін атап өтті.

Сондай-ақ ол бұл күнге ұлттық мәртебе беру тарихи әділеттіліктің жарқын көрінісі екенін тілге тиек етті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәр­те­бесін қайтаруды ұсынды. Мұндай қадам болашақ ұрпақ үшін тарихи маңызға ие. Бұл – ғасырларға жалғасқан мемлекеттілігіміздің қайта жаңғыруының нышаны. Осы егемендік жолында халқымыз талай «тар жол, тайғақ кешуден» өткені белгілі», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар іс-шара барысында Сенат Төрағасы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында Палата депутаттарының алдында тұрған міндеттерге тоқталды. Сенаторлардың алдағы жұмысы осы міндеттерге сәйкес жүргізіледі.

«Қазіргі таңда Президентіміздің бастамасымен елімізде ауқымды әрі кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Соңғы жылдарда Әділетті Қазақстан құру, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, экономикалық өсім және өңірлерді дамыту бағыттарында маңызды қадамдар жасадық. Мемлекет басшысының саяси бағдарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету – Сенат қызметінің негізгі басымдығы. Алдағы уақытта да бірлесіп, мемлекеттік мүдде жолында нәтижелі еңбек етеміз деп сенемін», – деген Мәулен Әшімбаев іс-шараға қатысқандарды Республика күнімен құттықтады.

Салтанатты жиында Палата Спикері сенаторлар мен Аппарат қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды тапсырды. Мемлекет басшысының Жарлығымен сенатор Дархан Қыдырәлі ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, депутаттар Сергей Карплюк пен Серік Шайдаров «Парасат» орденімен наградталды. Сондай-ақ сенатор Айгүл Қапбарова және Сенат Аппараты басшысының орынбасары Олжас Данабеков «Құрмет» орденімен марапатталды. Палата депутаттары Бибігүл Аққожина мен Қайрат Тастекеевке және бірнеше Аппарат қызметкеріне «Ерен еңбегі үшін» медалі табыс етілді. Бұдан басқа бірқатар депутатқа халықаралық парламентаралық ұйым­дардың наградалары тапсырылды.