Жолаушыларды тасымалдау туралы заң бірінші оқылымда мақұлданды

Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы мен өтелу қағидалары туралы келісім мен Қазақстан мен Франция үкіметтері арасындағы Француз даму агенттігі тобының Қазақстан Республикасында жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялады.

Жолаушыларды автомобильмен та­­сымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелік (қатысу) негізінде өзін-өзі реттеуге беру туралы Үкіметтің түзетулерін депутаттарға Көлік министрі Марат Қарабаев таныстырды. Ол заң жобасында тұрақты халықаралық, облысаралық және тұрақты емес автобус тасымалы, такси және олар­дың диспетчерлік қызметтерін, автовокзалдардың, автостансалар мен жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің қызметтері ұйымдастыру функцияларын өзін-өзі реттеуге беру көзделгенін айтты.

Бүгінде елімізде халықаралық – 61, облысаралық – 189, тұрақты емес – 625, такси 2 833 тасымалдаушы компания тасымал қызметін көрсетеді. Олар өз қыз­­метін жалғастыру үшін Автотасымал­даушылар палатасы түріндегі өзін-өзі реттейтін ұйымдарға бірігуі керек. Ол үшін халықаралық, облысаралық және тұ­рақты емес автобус тасымалы иелігінде автокөліктердің кемінде үштен бірі, ал таксилерде кемінде оннан бірі болуы керек. 

– Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар жалдамалы жұмыскерлері жоқ жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты такси тасымалдауды ұйымдастырудың қолданыстағы нормаларын сақтау­ға бағытталған түзетулер енгізді, – деді заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Нұртай Сабильянов қосымша баяндамасында.

Жобаны әзірлеушілер автоматтандырылған диспетчерлік жүйе мен GPS трекерлерін пайдалана отырып, өзін-өзі реттеу үшін автобустарды бақылау механизмін ұсынады. Құжат такси тасымалын бақылау үшін Яндекс.Go, InDrive, «Апару» және «Везёт» секілді интернет-агрегаторларды өзін-өзі реттеуге қосылуға міндеттейді. Әйтпесе, олардың қызметі заңсыз деп танылады және Қазақстан аумағында шектеулер қойылады.

Талқылау барысында мәжілісмен Марат Башимов баяндамашыға түзетулердің автобус жолаушылар тасымалы нарығын монополияландыруға әсер етпей ме деген сауал қойды. Марат Қа­­рабаев бір-бірімен бәсекелесетін үш өзін-өзі реттеуді құру жоспарланып отырғанын айтты. Олар коммерциялық ұйым болып саналмайды, пайдалы қыз­метпен айналысуға құқығы жоқ әрі тікелей тасымалдаумен айналыспайды. Министрдің айтуынша, бұл факторлар монополияның кез келген түрін жоюға көмектеседі.

Депутаттар заң жобасы туралы Үкімет мүшелеріне өзге де сұрақтарын қойды. Талқылау қорытындысы бойынша, заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылданды. Оны екінші оқылымға дайындау жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.

Сонымен қатар депутаттар 2023 жылы 31 шілдеде Мәскеуде қол қойыл­ған Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы мен өтелу қағидалары туралы келісімді ратификациялады.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, келісім Еуразиялық экономикалық одақ аясында қоймалық куәліктерді пайдалану арқылы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты және ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын, сондай-ақ электронды коммерцияны дамытуға, олардың айналымын және куәлік иелері үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. 

– Қазақстанда ұлттық заңнамаға сәйкес тек астық қолхатын – борыштық кітапшасы – эмиссиясыз бағалы қағаз түріндегі қоймалық куәлікті шығару қарастырылған. Келісім ережелерінің қолдануын тарату тек астықты ғана емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің және оның өңделген өнімдерінің басқа түрлерін қамтуы мүмкін, оны Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерді негізге ала отырып, одақ Кеңесі айқындайтын болады, – деді министр.

Мәжіліс сондай-ақ Қазақстан мен Франция үкіметтері арасындағы Француз даму агенттігі тобының Қазақстан Республикасында жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялады. Құжат 2023 жылы 1 қарашада Астана қаласында жасалған. Ол туралы Премьер-Минис­трдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров баяндама жасады.

– Келісімнің мақсаты – Француз даму агенттігі тобының Қазақстанда жұмыс істеуінің құқықтық, салықтық және қаржылық шарттарын айқындау. Француз даму агенттігі – Франция Үкіметінің дамушы елдерге ресми даму көмегін көрсететін агенттік, – деді Н.Байбазаров. 

Француз даму агенттігі жобаларды 15 жылға дейін ұзақмерзімді қарыздар беру арқылы қолдау көрсетеді. Несиелер жеке компанияларға да, мемлекет қатысатын компанияларға да берілуі мүмкін. Агенттік Қазақстанда сумен жабдықтау, санитария немесе ирригация секторларын қоса алғанда, инфрақұрылымдық жобалардың пулын қарауға кірісті. Сондай-ақ әйелдер кәсіпкерлігіне арналған кредит желісін ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде, оны DAMU қорына беру жоспарланған. Талқылау нәтижесінде Мәжіліс екі келісімді ратификациялады.

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойын­ша 8 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram арнасында жарияланды.