Жантану ілімінде «контраст эффектісі» деген ұғым бар.
Керуен шаңындағы алтын
406
оқылды

Мерейтой иесі Серікбай Қос­ан­ның  өмір жолымен танысқан адам еріксіз бас шайқап, таңдай қағарлықтай біраз контрастарға тап болады: балықшы ауылында дүниеге келіп, түйеші боп еңбек жолын бастаған; жоғары білім алуды Малдәрігерлік-зоотехникалық институтынан бастап, ҚазМУ-дің Шығыстану факультетін тәмәмдаған; бүгінгі ғылымдағы үзеңгілестері қазақ тілі мен әдебиетін таңдаса, ол араб тілінен маманданған; ғылыми жұмысын лингвистикадан бастағанмен, әдебиет ауылын маңайлаған... Өмір жолындағы мұндай штрихтар кейіпкердің жеңілді жол деп санамайтын, таптаурын сүрлеумен жүруді қаламайтын,  мехнатты болса да ләззатты, ауыр болса да ғибратты жол іздеген «жиһангерлігінен» хабар береді.

Бұл – өмір жолын таңдарда хакім Абай айтқан «ақыл, қайрат, жүректі» бірдей ұстай жол табу жолындағы  ішкі арпалысымен «басын тауға да, тасқа да соққан», от басып, су кешкен жанкештіліктің белгісі. Әйтпесе, Алла берген «қиынды қиыстыратын» ақын­­дығымен-ақ нан табуына болар еді. Әйтсе де, Сыр сүлейлерінің шежірелі жырлары талапты жанды формадан гөрі мазмұнға, жаңадан гөрі көнеге көбірек тартқанға ұқсайды. Университет бітірген бойда  орта ғасыр ескерткіштері бойынша құрсауы да, тұмсауы да мығым Кеңестер Одағы тұсында-ақ есімі алыс-жақын шетелге танымал профессор Әбжан Құрыш-жан­ұлының жетекшілігімен тақырып бекітті. Ағайдың қазыналы қоржынын­дағы ескерткіштер тілін зерттеуге бел буды. Тіл білімін қаламағандығынан ба, басшылары бағаламағаннан ба, әлде табиғатына жат алдыңғы буынды ағаламағандығынан ба, білмедім, 7 жыл дегенде ауысып кетті. Қызығы көп қызды ауылда әсерленбеді десем өтірік бірақ есерленбеді. Ұстазы Әбжан Құрышжан және оның шә­кірттері Сержан Дүйсен, Серікбай Қосан, Әділбек Ташау – төртеуі Жен­ПИ-де түркологияның  туын желбір­етті. Кішігірім «Қыпшақия қағандығы» құрылғандай еді. Неге екенін білмедім, сол қағандық ыдырып, үш жігіт үш жаққа кетті. Әділбек Астанаға қоныс аудар­са, қос Секең  Алматыда қалды, әсіресе қос Секең қалай дегенмен де, ұстазынан көнеліктің  көсеуін ұс­тай кеткені анық. Алысқа ұзап кетпеді. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба және текстология бөліміне орналасты. Осы ұжымда маман ретінде де, ғалым ретінде шыңдалды, «Базар жырау Оңдасұлының әдеби мұрасы (Ақындық дәстүр, жанр, поэтика)» тақырыбын­дағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. «Жыраулардың жампо­зы» атанып, «Аузынан шыққан лебізі Қазақты сүттей ұйытқан»  Базар жыр­ау мұрасына әдеби-композиция­лық талдаумен шектеліп қалмады, архив қойнауынан көпке белгісіз нұсқаларын іздеп тауып, халқымен қайта қауыштырды,  жырау поэзиясы­ның жанры мен поэтикасы туралы тың тұжырымдар жасады.

Көне дәуір мұраларын құныға, індете зерттеді. Әдебиет институтын­дағы мықты текстолог алдыңғы буын ағаларының мектебінен өтті. Аз жылда әйгілі ғалымдармен терезесі тең, ғы­лыми полемикаға түсе алатын мық­­ты зерттеушіге айналды. «Көне түркі дәуіріндегі және орта ғасырлар­дағы әдебиет»,  «Жыраулар поэзиясын­дағы тәуелсіздік идеясы мәселелері» тағысын тағы зерттеу жобаларына орындаушы ретінде де, жетекші ретінде де атсал­ысты. Әсіресе, «Ба­ба­­лар сөзі» 100 томдық сериясының  25-63  томдар ара­лығында  жауапты редактор қыз­метін атқарып, 7 жыл «Ежелгі және орта ғасыр әдебиеті» бөлімін басқара­ды. Осылайша, өзінің «Шама» өлеңінде айтқандай, «шығыс­тан шыққан кер­уен­нің шаңының» ішінде жүр­іп, батыстық өркениетке оппозиция ретінде түркі жұртының жауһарларын төге ала­тын, бүгінгілер түсіне бермейтін көне жазулардың көбесін сөге алатын алтынға айналды.

Бір жиында айтқаным бар еді: «Қазір фил­ологтар бір тілді  ол – әдебиетші, ол – тіл­ші деп бөліп, ортасына Қытай қорғанын тұр­ғызбағанмен, соған пара-пар шекара белгілеп зерттеуге көшкен...». Секең бұл қағидатты да бұза білген, әсіресе зерттеу әдісі тарих, тіл, әдебиет синергиясына негіз­делген түркі жәдігерлерімен түбегейлі айна­лысуға бет бұрды. X-XII ғасырлардағы ал­ғаш­қы түркі-мұсылман мемлекетінің негізін қалаған сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы мен оның ұрпақтарының Ислам дінін нығайту, түркі тілдес елдердің бірлігін күшейту жолын­дағы жанқиярлық күрес-жорықтары баян­далатын «Тәзкире-и Бұғра хан» шығармасын тәржімалады. Кезінде Ш.Уәлиханов, В.Бартольд, Қ.Халидұлы  сынды білімпаздар атап өткен бұл шығармаға кейінгі буыннан ешкім назар аудармағанына, Орталық Азия, Қытай, Ресей елдерінің мұрағаттарында бірнеше көшірмелері сақталған ғажайып ескерткіштің әлі күнге шейін ешбір тілге аударылмағанына, әсіресе тарихшыларға қарата ренішін бүгіп қалмайды. Құдды бар­лаудағы із кесушідей  ескерткіштің ізін іздейді. Ыбырай атамыз жазып, бала-шағамыз жатқа айтатын

«Оқысаңыз , балалар,

Шамнан шырақ жағылар,

Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылардың» өзі болады. Із­де­ген құжат иек  астында, Алматыдағы  Орталық ғылыми кітапхананың  сирек  Қо-р­ын­да сақталып келген екен. Секең оны із­де­ген, таптқан, бар ынтасын салып, екі  жыл­дай уақытта  қазақша  сөйлеткен. Секеңнің үлесі – аудармадан аудару емес, түпнұсқадан,  көне түркі тілінен тікелей тәржімалауында, айтуға оңай болғанмен, бұл – мехнатты жұмыс. Әсіресе, күні кешегі Ахмет атаның әліпбиімен жазылған еңбекті түпнұсқадан оқи алмайтын ұрпақ үшін бұл тіпті ерлік! Осылайша, «Тәзкире-и  Бұғра  хан» тәржімесі отандық  түркітану, шығыстану, исламтану, тарих  және  пәлсафа ғылымдары  үшін тың  нысан, соны  жаңалық боп енді. Осы кітаптың маңызы туралы тәржімашымыз былай дейді: «Түркілер тарихы мен мәдениетінде Сұлтан Сатұқ Бұра хан мен оның ұрпақтары билеген кезеңнің маңызы өте зор. Қарахан мемлекеті­нің тұсында әлемдік ақыл-ойдың маржаны саналған Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігі», түркі халқынан шыққан тұңғыш эпциклопе­дист-ғалым Махмұт Қашқаридің «Түркі сөз­дерінің жинағы», Ахмет Жүйнекидің «Ақиқат сыйы», әйгілі Түркістан Пірі, ғұлама әрі ақын Әзірет Сұлтан Хожа Ахмет Йасауидің «Хик­меттері» дүниеге келді. Түркі дүниесінің төрт діңгегіне айналған осынау ғажайып туын­дылардың құт-мекені, киелі қонысы, қасиетті ордасы һәм сәулетті сарайлар мен мазарлар салдырған дәулетті қағандарымыздың өт­кен дәуренін зерттеу мен зерделеу –  қазақ ұлты­ның да мәңгілік борышы. Біздің келешек ұрпақтарымыз сонау Қашқар уәлаятының Артыш кентінің түбінде күмбезін күн сүйіп жатқан Әзірет Сұлтан Сатұқ Бұғра хан мен түмен бабтың ордасы, қазақ халқының руха­ни байтағы Түркістанда маңдайын көкке тіре­ген маңғаз мазардың иесі, иісі түркінің киесі Әзірет Сұлтан Ахмет Йасауи арасын жал­ғайтын алтын жүлгелердің құпиясын құмар­та оқып, үйренуге тиіс. Сол асылы­мыз­­дың сынығы, мәңгілік құндылықтардың мәйегі, мәдени мұрамыздың ең мәндісі назарларыңызға ұсынылып отырған – «Тәз­кире-и Бұғра хан», – деп бүгінгі және кейінгі ұрпаққа аманаттайды. Бұл да ғалымның ғылымға, бабалар мұрасына деген шексіз іңкәрлігін айғақтайтын факт. 

Секеңнің құстың қос қанаты іспетті әдебиет пен тілді қатар алып жүргендігін дәлелдей түсетін бірнеше мақаласы бар. Оның бір-екеуіне қысқаша тоқтала кетуді жөн көрдік. «Есімнама ілімінің кейбір мәсе­ле­лері» деп аталатын мақалада тіл біліміндегі жалқы есімдерді зерттейтін оно­мастика саласына қатысты пікірлерін ғас­ырлар қойнауынан тарта талдайды. «Онамастика» деген жаттілдік терминнің морфологиялық құрамын, әр сыңарының этимологиясын талдай келе, бұл терминге балама ретінде «есімнама» терминінін ұсынып, оны уәждейді: «...«онома» гректің «есім, ат» деген ұғымдағы сөзінен алынған болса, «нама» сөзі орта ғасырдағы қазақ тілінде және жеке шығармалардың атауының соңына жалғанып жазылатын болған. Мәселен, «Мұхаббат-нама», «Жаһаннама», «Шаһнама», «Ғибрат-нама», «Ескендір-нама», тағысын тағы Әсіресе, шағатай, оғыз-қыпшақ тіліндегі кей диалектілерде «нам» – кісі есіміне қатысты айтылады». Бірақ автор ұсынған бұл термин қазір «персоналия» деген ұғымның баламасы ретінде тілімізге өткен ғасырдың соңғы ширегінде-ақ еніп кеткен еді. Осы персоналия мен ономастика терминдерінің қайсысының  «есімнама» атауына мағына­лық жақындығы басымдығын терминолог­тар­дың еншісіне қалдырдық. Осы еңбегінде орта ғасырда өмір сүрген Махмуд Қашқари, Әбу-райхан Бируни, Ибн Батута, Якут, Ибн Сина, Мұхамед Хайдар Дулати, Захаридин Бабыр, Ұлықбектің шығарма­лары­нан мысалдар келтіріп, Арал, Қуаң­дария, Балқан, Мұғалжар,  Алатау сияқты топонимдерді түсіндірудегі жаңсақ көз­қа­рас­тарды сынайды.  Айталық, жер-­су атауларының тарихи-әлеуметтік немесе мифологиялық жақтарын, жергілікті хал­ық аңыздары мен фольклорлық шы­ғар­малардың деректерін, өткен ғасырдағы баспасөздерде берілген атауларды ескермеу, географиялық бедер мен мекеннің атауын шатастыру, тағысын тағы сол сияқты маңызды фак­тор­ларды  ескермеуден кеткен қателік­тер­ді сынай отырып, «топонимдердің таса­сында маңызды тарихи оқиғалар, көне мифтік аңыздарға бай фольклорлық мұраларда жасырынып жататындығына» зерттеушілердің назарын аударады. Расында да Балқан топонимінің түсіндір­месін  беруде еуропалық  Балқан тауы мен Балқан шығанағы туралы түсінік бер­іп, өзіміздің Каспий теңізінің жағалау­ын­дағы Балқан  шығанағын немесе қазақтар мен түрікмендердің бір кездері қатар қонған құтты мекені – Балқан тау­ын ескермеу бұл саланы зерттеушілер тарапынан кеткен ағаттық екеніне дау жоқ. Ғалым  осы мақаласында ғимараттар­ға, мекемелерге атау қоюда соңғы жылдары үрдіске айналып бара жатқан лингвоэко­логия мәселесін де орынды көтереді. 

Қысқасы, сөз басында айтқандай, «Шың­дарға биік талпынып, талай  ал­қынса» да, бүгінде Серікбай Қосан – жазба ескерткіштерді түпнұсқада оқып, зерт­тейтін, қазақ филологиясына, қала берді, түр­кологияда өзіндік қолтаңбасы бар ғалым. Зерттеулерімен болсын, өлең­дері­мен болсын, Қызылорда мен Аралдан әлдеқашан ұзап кеткен қазақ. Әйтпесе, «Шығ­ыстан шыққан керуеннің Шаңында қалған алтынмын» деп жазар ма еді? Он­ың сөзі алып Евразия кеңістігінің Шы­ғыс бөлігінен Батысқа бағытталып тұрған жоқ па? Ал керуен шаңында не қалмады дейсіз? Бақыр да, мыс та, басқа да. Ал алтын­ның жөні басқа! Мерейтойы­ңыз құтты болсын, керуен шаңындағы Алтын аға!

Тыныштық Ермекова,

профессор,  филология ғылымдарының докторы