Адалдықтың маңызды өлшемі – еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген еңбекқор адам ғана табысқа жете алатынын айтты.
Бақытын еңбектен тапқан
295
оқылды

«Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды», – деп атап өтті ел Президенті.

Ал қазақ ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Бәріне қанағат қыл да, еңбек ет» деген болатын. Елімізде адал еңбегімен, маңдай терімен жерден несібесін теріп, нәпақасын табатын, қара еңбектің адамдары көп. Бірақ көптің ішінде де бірегейлері бар. Табаны күректей 30 жылдан бері жер емген шаруаның бірі, жетісайлық Совет Мұсаев – бүгінде маңдай тердің рақатын көріп отырған жан.

Түркістан облысы Жетісай ауданы Мақталы ауылдық округіне қарасты Алмалы ауылында тұратын шаруа бұрынғы Мақталы кеңшарында бала күнінен ең­бекпен жетіледі. Кейіпкеріміздің айтуынша, асқар тау әкесінен 4 жасында көз жазып, анасы балаларын қара еңбектің күшімен өсірген екен. Шиеттей баланы қатарынан кем қылмай өсіру үшін таң алагеуімнен тұрып, қас қарайғанға дейін колхоз жұмысына жегілген. Ал Совет Тастанұлы – анасының жанкешті тірлігіне жаны ашып, бала болса да белі қайыса қара жұмысқа кірісіп, анасына қолғабыс еткен ер азамат. Онжылдықты тәмамдаған соң, Кеңес әскері қатарында болып, әскери борышын атқарған. Елге келген соң дереу қолына кекпенін алып, Мақталы кеңшарында жұмысшы болады. Бертін келе, 1996 жылы «Тастан-ата» шаруа қожалығын құрып, содан бергі кезеңде ауыл шаруашылығының түрлі саласында тер төгіп келеді. Егін де егеді, мал да бағады. 2 000 жылдары ауылға келіп егін еккен кәрістердің жанында жүріп, көмекші, кейін бригадир болып талай тәжірибе жинаған. Бүгінде дақылдың барлық түрін егуге машықтанған маман. Совет Тастанұлы жоғары өнім алу үшін суармалы жерді терең қопсыту тәсілдерін, сонымен бірге тамшылатып суару әдісін де қолданады.

Осылайша, бақытын еңбекпен тапқан шаруа бүгінде қыстың қытымыр аязында далада суыққа тоңып, жаздың аптап ыстығында күнге күйіп, егін ба­сында жүреді. Жылдың 4 мезгілінде де жерді бос жатқызбайды. Жаздыгүні қауын-қарбыз, мақта ексе, қыста қырыққабат жинайды. Одан бөлек, мал шаруашылығын да қоса атқаратын жұ­мысы бар. Жігіт ағасы қолы қалт ет­­кенде баптап бағатын 5-6 жылқысын көкпарға салатын қызығушылығы бар екенін айтады. 

Егіс науқаны қызған шақта 50-60 адам­ға дейін, кәдуілгі күндері 20-30 шақты жұмысшы егіс алқабында жүреді. Осынау қажырлы еңбектің арқасында бастапқыда жеңіл көлік, кейін газель, трактор көліктерін сатып алған. Екі ұлы Ресейде, әкесі осы жақтан жүк көлігіне артып жіберген қауын-қарбызды күтіп алып, сондағы келісілген нүктелерге таратады. Әке жолын қуған балалары да қара жұмыстың дәмін татып өскен. Асқаралы 60 жасқа таяған Совет Тастанұлы – бүгінде 7 ұл-қызды тәрбиелеп, өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты әке. 

Совет Мұсаев ауданда ұйымдас­ты­­ры­латын кез келген шарадан шет қал­май, қайырымдылық жасап, ерекше жандарға қолдау көрсетіп тұрады. Мақталы ауылдық округі аумағында тұратын тұрмысы төмен отбасыларға тұрақты түрде әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. Одан бөлек, қоғамдық жұмысқа белсенді атсалысады. Үлгілі отбасылардың қатарындағы Мұсаевтар әулиеті елге сыйлы, ауылға абыройлы. Совет әкейдің өзі де жүрген жерінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, ауылдағы бірлі-жарым тентекті тезге салатын абыз жан. Аудандағы ауқымды істері еленіп, бірнеше мәрте Алғыс хат ие­гері де атанды. Еңбекпен жетілген, әлі де барға қанағат етіп, егіс алқабынан бір сәтке де шықпайтын осындай нағыз адал еңбектің адамы қандай құрметке де лайық!

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы