Қазақтың тәуелсіздік тарихы төрткүл дүние­нің төрт бұрышына билігін таратқан сақ, ғұн бабалардан бастау алады.
Республика – азаттықтың асыл діңгегі
571
оқылды

Беріде елдің еркіндігі мен ұлт азаттығы Түркі қағанаттары, Алтын Орда, Жошы ұлысы сияқты әлемдік империялардан алтын арқау, күміс өзек тартады. Еншісіне Ащыбас-Шатты алып, Үстірт үстіне «Есен түлейін» құрған қазақы-еркін тайпалар одағы мен Шайбани әулетінің ырқына бағынбай, Қозыбасқа дербес ту тіккен Қазақ хандығы тәуелсіздіктің тың дәуірінің шыңдары іспетті. Ал толық мағынасындағы «Қазақ республиканизмінің» тарихы Қазақстанның «Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларациясынан» бастау алады.

Қазақстан, әрине, бұған дейін де «республика» аталды. Мысалы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1990 жылғы 25 қазандағы №307-XII Қаулысымен бекі­тілген құжат түпнұсқада: «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемле­кеттiк егемендiгi туралы деклара­циясы жөнiнде» деп аталады.

Қазақстан атауына «республика» ай­қындауышы алғаш рет өткен ғасырдың басында жалғанды: 1920 жылғы 26 та­мызда Бүкілресейлік орталық атқару комитеті (БОАК) мен РСФСР Халық комиссарлары кеңесінің бірлескен декретімен Ресей құрамындағы «Қырғыз Автономиялы Социалистік Совет Республикасы» құрылды. «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік!» деп мақала жазып, ұран тастаған Сәкен Сейфуллиндей арыс азаматтарымыздың арқасында 1925 жылғы маусымда Қазақстанның атауы өзгеріп, Қазақ Автономиялы Социалистік Советтік Республикасына (Qazaq Aptonom Sotsijalistik Sovettik Respublikasь) айналды.

1936 жылдың 5 желтоқсанында КСРО-ның жаңа Конституциясының қабылдануы­мен бірге Қазақ АССР-інің мәртебесі «одақтас республикаға» дейін «жоғары­латылды» және ол РСФСР құрамынан шығарылды. Сөйтіп, Қазақ КСР-і атала бастады. Алайда отаршылдық езгі мен тоталитарлық қысым заманында Қазақ елі бәрібір толыққанды «респуб­лика» дәрежесіне жете алмады. Саясат­тану­шы-ғалым Зейін Сабырқұловтың айтуынша, қазақтың шынайы рес­публиканизмі тек азаттыққа қол жет­кізгеннен кейін ел егемендігінің, тұғырлы тәуелсіздігінің риясыз рәмізі болып беки алды.

– Мысалы, 80-жылдардың соңына қарай Мәскеу жоғарғы партия мектебінде оқып жүргенімізде, бізге «Қазақстан Республикасы» деп жазуға бейресми тыйым салатын. «ҚазКСР» немесе «Қазақ­стан» деп түзетіп қоятын. Жалпы, республиканизм – тұтас идеология. Ел билеудің бұл формасы азаматтық еркіндік пен ар-ұжданның үстемдігін білдіреді. Азаттық үшiн алысып, Алаш қамы үшін жанын пида еткен арыстарымыз ХХ ға­сыр басында «Алашордасын» құрғанда сонау Кант дәуірінен тұжырымдалған нағыз республиканизм идеологиясын ұстын етті. Өкінішке қарай, кеңестік то­талитаризм тұсында бұған қол жеткізу мүмкін емес еді, –  деді ғалым. 

Оның түсіндіруінше, бүгінде «респуб­ликаны» тек монархияға қарама-қайшы сипаттағы басқару формасы ретінде түсіндіру белең алған. Мысалы, әлемдегі екі жүзден астам тәуелсіз мемлекеттің 140-ы республикалық басқару қалыбын таңдағаны айтылады. Алайда бір ғана Ресей Федерациясының құрамында 22 республика бар, басқа еркіндікті айт­пағанда, оларға өз мемлекетінің басшысын «Президент» деп атауға тыйым салынған. Бұл республиканизмнің табиғатына жат. Сондықтан АҚШ, Мексика, Бразилия, Үндістан және басқа да федерациялардың құрамдас бөліктері республика емес, «штаттар» аталады. 

Республикада төрге билік емес, халық озады 

Саясаттанушының түсіндіруінше, республиканы жай ғана басқару формасы ретінде қабылдау оны өзіне әу бастан тән көптеген аса маңызды коннотация­лардан айырады. Республиканизм құндылықтарын LVCH аббревиатурасы айқындайды. Мұндағы L – libertas, мемлекеттің азаттығы және азаматтары­ның еркіндігі; V – virtus, ар-ұждан мен ерлік; С – communebonum, қоғамдық, ұлттық ортақ игілікті құруға араласу; H – honestas, азаматтардың сіңірген еңбегін лайықты бағалау, мойындау. 

Нәтижесінде, классикалық мағынасы­нда республиканизм немесе республика­лық құрылым дегеніміз – бірінші кезекте азат халықтың еркін азаматтары ортақ игілік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, бірлесе өмір сүру қағидаларын бірге түзетін құрылым. Неміс философы Иммануил Канттың байламынша, мұндай қоғамда азаматтар бір-бірімен материал­дық байлығымен емес, қайырымдылы­ғымен, ізгі істерімен жарысады. Бұл ойды Қазақстан көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Нағыз мемлекетшіл, отаншыл адам қара басының қамын емес, халқының игілігін ойлауы керек» деп өрістетті.

Осы орайда Президенттің «Әділетті Қазақстанды» құру бағыты, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырым­дамасын ілгерілетуі республиканизм идеологиясымен тығыз қабысып жатыр. Ол 2024 жылғы 15 наурызда, Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында «Әділетті Қазақстанның», «Екінші Республиканың» маңызды идеологиялық тұжырымдары мен негізгі бағыттарын тарқатып айтып берді. 

– Тағы бір қайталап өтейін: бұл – Тәуелсіздік пен Отаншылдық, Бірлік пен Ынтымақ, Әділдік пен Жауапкершілік, Заң мен Тәртіп, Еңбекқорлық пен Кәсіби біліктілік, Жасампаздық пен Жаңа­шылдық. Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады, – деді Қ.Тоқаев. 

Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты да монарх пен аристократияны емес, халықты бірінші орынға қоятын, төрге оздыратын республиканизмнің асыл ұстын, берік тіректерімен тығыз ұштасып жатыр. Мемлекет басшысы орталық пен аймақ­тардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиістігін нықтады. 

Сарапшылар республиканизмді даралар тағы бір құндылық қатарында  – халық үшін маңызды шешімдердің референдум арқылы қабылдануын атады. Бұл тұрғыда Қазақстан жұртшылығы мемлекетіміздің жаңа келбетін қалып­тастырған, саяси сипатын жаңғыртқан, әр саладағы тың реформаларға жол ашқан Ата заңға өзгерістерді 2022 жылғы 5 маусымдағы референдум арқылы қабылдады. Сондай-ақ ел Президенті АЭС құрылысына қатысты мәселені 2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдумға шығарды. Қ.Тоқаев айтқандай, референдум – тікелей демократияның өте тиімді тетігі: халқымыз қандай шешім қабылдаса, мемлекетіміздің түпкі байламы да солай болуға тиіс. 

Республика әлемге Шығыстан тараған

Жарты әлемді жалпағынан басқан ұлы империялардың мирасқоры саналатын Қазақстанның монархияға оралмай, республикалық басқаруды таңдауы бекер емес. Қазіргі заманда ол – билік қалы­бының үздігі саналады. Мұның сыртында ол «далалық демократияның» мұрагері  – Ұлы дала елінің шығыстық табиғатына мей­лінше етене жақын. Тарих ғылым­дарының кандидаты Марат Утеубаевтың айтуынша, «республика» термині латын­ның қоғамдық іс дегенді білдіретін respublicum сөзінен шыққанымен, шынында басқарудың республикалық формасы біздің дәуірімізге дейінгі IV-III мыңжыл­дықтарда Таяу Шығыстың қала-мемлекеттерінде пайда болған. 

– Оларда билікті жиын, сондай-ақ билеуші басқаратын кеңес сияқты сайланбалы билік органдары жүзеге асырды. Шаһар-мемлекеттің толық құ­қылы азаматының бәрі қатысатын жиын билеушіні сайлаған. Тарихтың өрбу барысында республика әралуан қалыпта дамыды. Ежелгі дәуірде ол Афина демократиялық республикасында (б.д.д. V-IV ғасырлар) және Рим аристократиялық республикасында (б.д.д. V-II ғасырлар) гүлденген шағына жетті. Ал орта ғасыр­ларда Италияның Венециясы мен Генуя­сында қала-республикалар формасында сақталды. Себебі ол кезде монархиялық басқару үстем болған-тын, – деді эксперт.  

Республикалық басқару түрі Англия мен Франциядағы төңкерістерден соң, XVII-XVIII ғасырларда кең таралды. Бұл революциялар абсолютті монархияны құлатуға және республиканы орнатуға бағытталды. Бұл республикалар халықтың егемендігі, сайлау, табиғи құқықтарды кепілдендіру, биліктің ара-жігін ажырату сияқты қағидаттарға негізделді. 

– Республика басқарудың формасы ретінде Қазақстанда да дамудың біршама ұзақ эволюциясынан өтті. Қазақстанды мемлекеттік басқарудың түрін таңдағанда, бұл таңдау мемлекеттік биліктің жоғарғы органдарының құрылымын, оларды қалып­тастыру мен өзара әрекеттесуінің тәртібін айқындайтын көптеген факторға тәуелді болды. Сондай-ақ бұл таңдауға территориямыздың ұлан-байтақтығы, гео­графиялық орналасуы, азаматтық қоғамының кемелдігі, этникалық құрамы, мәдениеті, діні, сыртқы ортасының ық­палы және басқасы әсер етті, – деді Марат Утеубаев. 

Нәтижесінде, тарихшының айтуынша, ХХ ғасырдың басынан бергі тарихи дәуір кезеңдерінде РСФСР құрамындағы ҚазАССР, КСРО құрамындағы ҚазССР, 1990 жылғы 25 қазаннан бергі азат Қазақстан сияқты республиканың саналуан түрі туындады. Мұндағы бас­тапқы екеуі толыққанды республика болма­ғанымен, олар дәстүрлі хандықтан ажырап қалған, орыс империясының отаршылдығынан арыла қоймаған қазақ қоғамының қазіргі заманғы жағдайға бейімделуіне септесті.

Республиканың жаңа келбеті қалыптасуда

Республиканизм тәуелсіздік жылдар­ында да біршама түрленді. 90-жылдардың басында Қазақстан «парламенттік республикаға» жақын болды, барлық негізгі шешімдерді Жоғарғы кеңес қабылдайтын. 1995 жылғы тамызда жаңа Конституция қабылданып, Қазақстанда қос палаталы кәсіби Парламент пайда болғалы, мемлекетте бірте-бірте «супер­президенттік басқару» бекіді. Ал 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында Мемл­е­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның «бас­қарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшетінін» жариялады. 

– Қазақстандағы заманауи респуб­ликаның бүкіл әралуандылығын шартты түрде 2 негізгі түрге топтастыруға болады: Парламенттік республика және Прези­денттік республика мен оның туындысы – республиканың аралас нысаны. Бұларды бір-бірінен ажыратқанда, келесі нышан­дарына назар аудару қажет: заңшығару­шылық және атқарушы биліктің өзара іс-қимыл режимі, сондай-ақ Үкіметті кімнің қалыптастыратыны және оның кімнің алдында жауап беретіні, – деді сарапшы Марат Утеубаев.

2022 жылы Ата Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді Үкімет жаңадан сайланған Президенттің емес, Парламент Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғарады. Президент Мәжілістің келісімі болса ғана Үкімет басшысын қызметке тағайындай алады. Үкімет мүшелерін қызметке тағайындау үшін де Мәжіліс комитеттерінің қолдауы қажет. Парламент, соның ішінде Мәжіліс сенімсіздік білдірген жағдайда Үкімет толық құраммен немесе оның жекелеген мүшелері отстав­каға кетеді. Парламенттің Премьер-Министрді орнынан кетіруі бүкіл Үкіметтің өкілеттігі тоқтатылғанын біл­­діреді. Мәжілісті төтенше немесе со­ғыс жағдайы кезеңінде таратуға тыйым салынған. Яғни, Қазақстан «Парламенттік республика» емес, аралас модельді қолданады.

Бұл ретте заң шығарушы билік – халықтың түрлі топтары, санаттары мен қабаттарының мүддесін ілгерілетіп, солардың атынан өкілдік етеді. Ал атқарушы билік – мемлекеттің іші мен сыртында туындайтын проблемаларға жедел үн қатып, оларды ұтымды шешуге міндетті. Республикалық басқару форма­сының сан алуан түрінің бірін таңдау да осы екі билік тармағы арасындағы тиімді ықпалдастық пен теңгерімді іздеумен тікелей байланысты. Тиісінше, билік органдарын жетілдіру үшін Қазақстанда әкімшілік реформалар жиі жүргізіледі.  

– Дүниежүзінде республикалық басқарудың әртүрлі моделінің тиімділігі мен өкілділігі арасындағы теңгерімге биліктің өзара әрекеттестік режимдерін, оларды қалыптастыру тәртібін және келісім алу тетіктерін араластыра қол­данып, жаңаша үйлестіру арқылы қол жеткізіледі. Тұтастай алғанда, Қазақстан­дағы республикалық басқару формасы мемлекет пен қоғамды дамытудың барлық тарихи және заңдылық шарттарына толық сәйкес келеді. Қазақстандық республиканизм объективті эволюциялық процесс аясында өркендеу үстінде, – деді тарих ғылымдарының кандидаты Марат Утеубаев. 

Қорыта айтқанда, республикалық басқару моделі – тәуелсіздігіміздің берік бір діңгегіне айналды. Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды ре­формалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Был­тырғы көктемдегі сайлаудан кейін Парламенттегі саяси партиялардың қатары көбейді. Депутаттық корпустың құрамы айтарлықтай өзгерді. Халық тікелей сайлайтын бірмандатты депутаттар пайда болды. Олар көптеген заң жобасына бастамашы болып, өзекті мәселелерді батыл көтере бастады.

Парламент қабылдаған заңдар республикамыздың нығайып, өсіп-өркендеуіне тікелей әсер етеді. Заң шығарушы билік өткен ІІ сессиясында 102 заң қабылдады. Мұнда қоғамдық бақылауға, ұлттық қауіпсіздікке, адам сау­дасымен күреске, ғылым және техно­логияға және басқасына қатысты заңның әрқайсысы өз саласында республиканың тұғырлы құндылықтары­ның қуаттана түсуіне үлес қосады.

Азаматтардың бойында демократиялық қоғамға тән жаңа әдет-дағдылар мен саяси мәдениет қалыптасып, жаңа құн­дылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мә­де­ни кодымыз өзгере бастады. Жер жүзінде, айналамызда геосаяси теке­тірестер өршігеніне қарамастан көп­векторлы сыртқы саясатын өрбіткен Қазақстан бейбіт дамуын жалғастырды. Бір сөзбен айтсақ, «Әділетті Қазақстан» құрылып жатыр.

Айхан ШӘРІП