«Менің атым... Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып калғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін».
Менің атым – Қазақстан
777
оқылды

Қожаның осы монологі көптің есінде болуы керек. Бұрыннан балаға ат қоюға ерекше мән берген халықпыз ғой. Қазір елден ерек есім қойған жандар көп. Солардың арасынан Республика күніне орай, елімізде патриоттық сипаттағы сөздермен аталатын азаматтарды іздеп көрдік. 

Дербес мемлекеттердің тәуелсіздігін айғақ­тайтын «Шекара», «Рәміз», «Ата Заң», «Теңге», «Кон­ституция» сияқты белгілердің болуы шарт­ты. Дәл осындай атаумен есім алған адамдар да бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елде Қазақстан есімді 7 адам, ал Казахстан есімін алған 24 адам тұрады. Одан бөлек, есімі Отан 136 адам, Ел мен Атазаң есімді 1 адам, Рәміз 3 адам, Атамекен 17 адам, Тәуелсіз 2 адам болса, Тәуел­сіздік есімін 1 адам алыпты. Ол Жетісу облысы Көктал ауылында тұрады. 8-сыныпта оқитын Тәуелсіздіктің есімін әкесі Батырбек Қабанбайұлы ырымдап қойған екен. Айтуынша, егемендіктің қадірін біліп жүрсін деген ниетпен қойған.

«Ұлым 1 желтоқсанда туды. Бұл сол кездегі «Тұңғыш Президент» күніне тура келген еді. Алдымызда – Тәуелсіздік күні. Әрі желтоқсанның ызғарында азаттық үшін күрескен Ләззат Асанова Көкталда, Ербол Сыпатаев Панфиловта туған ғой. Тәуелсіздік құрбандарының есімі ұмы­тылмауы үшін осы есімді қойдым. Одан кейін балама ат қойғанда болашағына да әсер ететінін ұмытпадым. Ешкімнің қолына қарамасын, еркін өссін деген ниетпен ырымдап «Тәуелсіздік» деп қойдым», – дейді әке. 

Ал 2006 жылы дүниеге келген Ақсу ауданының тумасы Отан Оразбеков өз есімін «отаншыл болсын» деп атасы ырымдап қойғанын айтты.

Ұлттық статистика комитетінің ресми сайтында «Ватан» есімді 16 адамның және 576 адамның аты «Мамлакат» екенін байқадық. Одан бөлек, Қазақстанда «Россия» есімді 6 адамның бар екені туралы дерек бар. Бұдан өзге этно­стардың да өз еліне деген патриоттық сезімі балаға ат қоюда байқалады деп топшылаймыз. 

Белгілі бір уақыт аралығындағы елеулі оқи­ғаларға қатысты да ерек есімдер қойылатынын мойындау керек. Тәуелсіздік алғаннан кейін 25 адамға «Егемен» аты қойылса, 12 адам «Теңге» есімін иеленген. Этнограф Досымбек Қатранның айтуынша, елімізде қандай да бір оқиға болса, сонымен байланысты есімдер қойыла бастайды. 

«Ашық дереккөздерде саммит кезінде туған Саммитхан, Саммитбек сияқты 20-ға тарта адам бар екен. Азиада ойындары уақытында дүниеге келген Азиада қыздың бар екенін білеміз. Соны­мен қатар ірі тұлғалардың есімін береді. Ол кейде балаға ауыр болып есептеледі де, оның есімін өзгертіп айтады. Бұрынғы дәстүр бойынша балаға ырымдап ат қоя беруге болады. Оның астарында бір гәп бар деген сөз. Өйткені адамның аты өзінің атынан хабар береді. Өз атына лайық болған дұрыс. Бірақ қазіргі заманғы көзқарас өзгерген шығар. Бала өскенде оны қалай қабылдайды? Осы жағынан да қараған дұрыс. Әлемнің қаншама елінде ат қоюдың ерекшеліктері бар. Біздің елдегі ерекшелік есім қойған кезде сөздің түпкі мағынасын ескереді. Сондықтан есім қойған кезде байқап, зерттеп барып таңдаған дұрыс»,  – деді этнограф.

Айта кету керек, кезеңдердегі ауқымды өзгерістерге байланысты есім қою тек Қазақ­станда емес, әлемнің кей елдерінде де болатын үрдіс. Мәселен, 2022 жылы Украинада «Северус», «Фрея» «Князь» есімдері жиі қойылды. Өйткені «Северус» – бір кездері жетістіктерімен танымал болған әскери операциялар, ал «Фрея» жауын­герлік және магиялық күшке ие соғыстың нәти­жесіне әсер ете алатын құдай ретінде бейнеленсе, «Князь» әскери күштерді басқарған. 

«Әр елдің салты басқа» демекші, жаңа туған балаға есім қою дәстүрі әлем елдерінде түрліше. Дәстүр мен заңның ұштасуынан қойылған есім баланың болашағына тікелей қатысты деп жатамыз. Ресейде балаға экзотикалық есім беру заңды түрде шектелген болса, АҚШ-та баланы кез келген қарапайым сөзбен де атауға болады. Ал Германияда ұлдарға ата-баба есімі қойылса, қыздарға сәйкесінше әйелдердің есімі қойылады. Испанияда мақұлданған есімдердің ұлттық тізімі бар. Халқының балаға ат таңдау еркіндігі жоқ, тек ресми тізімнен ғана таңдай алады. Егер осы тізімге кірмейтін есіммен атаған жағдайда, айыппұл төлеуге тура келеді-мыс. 

Халқымызда «Баланың атын ұлық қой, көтере алса, ұлық болсын» деген аталы сөз бар. Ырымға сүйеніп, егемендігімізге қатысты есім­дерді арқалаған баланың ертеңі тәуелсіздігіміз сияқты жарқын болатынына сенеміз. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ