Осыдан екі жыл бұрын Аралбек Берікұлы Дубайдағы және Республикалық физика-математика мектебіндегі (РФМШ) жоғары лауазымдардан бас тартып, небәрі 700 адам тұратын Самар ауданындағы Құлынжон ауылындағы шағын мектептің директоры болуды таңдаған.
Дубайдағы ұсыныстан бас тартып, ауыл мектебін сақтап қалған ұстаз
4,671
оқылды

Екі жыл бұрын Аралбек Берікұлы Дубайдағы және Республикалық физика-математика мектебіндегі (РФМШ) жоғары лауазымдардан бас тартып, небәрі 700 адам тұратын Самар ауданындағы Құлынжон ауылындағы шағын ғана мектептің директоры болуды таңдайды. Бұл шешім Қазақстандағы ауыл мектептерінің жаңа моделін қалыптастырудың негізін қалады.

Аралбек келген кезде мектеп жабылудың аз-ақ алдында тұрған еді. 5-сынып оқушылары көбейту кестесін білмейтін, ал жоғары сынып оқушылары 6-сынып деңгейіндегі тапсырмаларды орындай алмайтын. Осылайша, Aidyn&Anar Rakhimbayev Foundation және әлемдік деңгейдегі педагогикалық университеттердің бірі Michigan State University (MSU) қолдауымен «YBYRAI MEKTEBI» жобасы бастау алды.

«YBYRAI MEKTEBI» – тек мектеп емес

Бұл – оқушыларды, ата-аналарды және мұғалімдерді біріктіретін инновациялық білім беру экожүйесі. Ауылдың тірегіне айналған комьюнити-орталық ата-аналарды оқу процесіне белсенді түрде тартып, оларды арнаулы курстардан өткізіп, бала тәрбиелеуге және оны дамытуға қолдау көрсетеді. Сонымен қатар орталық ауыл балаларына робототехника, гидропоника, экология, медиа-сауат сияқты бұрын қолжетімсіз болған үйірмелерге қатысу мүмкіндігін беріп отыр. MSU-мен бірлесіп әзірленген білім беру әдістемесін қолдану арқылы ауылдық жерлерде де әлемдік деңгейдегі білім алуға жағдай жасалып отыр.

Қазір екі жылдағы нәтиже де таңғаларлық:

- 2022 жылы мектеп пен комьюнити-орталықты жаңартуға $1,1 миллион бөлінді. Соның арқасында инфрақұрылым жаңарып, заманауи технологиялар енгізілді. 15 жаңа үйірме ашылып, оған 173 оқушы тұрақты түрде қатысып жүр.

- Магистр дәрежесі бар мұғалімдердің үлесі 15%-дан 25%-ға дейін өсті. Бұл педагогтардың біліктілігін арттырып, оқу процесіне заманауи әдістерді енгізуге ықпал етті.

- 2023 жылы үш оқушы облыстық дарынды балаларға арналған мектепке, бір оқушы IQanat High School Burabay-ға қабылданды.

- Соңғы екі жылда ҰБТ бойынша орташа балл 53-тен 102-ге дейін өсті.

«Менің басты мақсатым – әрбір оқушының әлеуетін ашуға мүмкіндік беретін білім беру экожүйесін құру. Ал ата-аналар мен мұғалімдер осы процестің белсенді қатысушылары. Біз білім беріп қана қоймай, қазіргі заманға бейімделіп, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруды көздейміз. «YBYRAI MEKTEBI» жобасын одан әрі дамытып жатырмыз. Мен оны ауылдық білім берудің болашағы деп санаймын», – дейді Аралбек Берікұлы.

Конференция және болашақ жоспарлар

24 қазанда MSU және Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы өкілдерінің қатысуымен жобаның нәтижесіне арналған конференция өтті. MSU профессоры BetsAnn Smith жобаның Қазақстандағы ауылдық білім беру үшін маңызын атап өтті:

«YBYRAI MEKTEBI – жаңашылдықтың әрі қоғамдық қолдау тіпті ең шалғай аймақтағы білім беру жүйесін өзгертетінін көрсеткен мысал. Біз ата-аналар мен жергілікті көшбасшыларды тарту арқылы ауылдық жерлерде тұрақты білім беру моделін қалыптастырып жатқанымызды байқаймыз», – деді ол.

Ең қызығы, Аралбек жобадағы келісімшарты аяқталғанына қарамастан, ауылда қалу туралы шешім қабылдады. Ол Астанадағы өмірден бас тартып, оқушыларының жоғары нәтижеге қол жеткізуі үшін Құлынжонда жұмысын жалғастыруды таңдады. Алдағы уақытта мектепті кеңейту және шалғай ауылдардан келетін оқушыларға арналған жатақхана салу сияқты жоспары да бар. Айта кеткен жөн, YBYRAI жүйесі ауылдық жердегі білім беру стандартын өзгертіп, басқа да ауыл мектептеріне енгізіле бермек.