Күдікті мен жәбірленуші 10 жылдан аса уақыт бұрын ажырасқан, алайда ер адам бұрынғы жұбайының қыр соңынан қалмаған.
Әйелін балаларының көзінше өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты
401
оқылды

Қарағандыда бұрынғы әйелін кәмелетке толмаған екі баласының көзінше өлтірген ер адамға қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Сот талқылауы барысында сотталушы кінәсін мойындады. Прокурор оған орташа қауіпсіздік мекемесінде 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады. Жәбірленуші тарап сотталушыға 15 жыл бас бостандығынан айыруды тағайындауды және одан 30 миллион теңге көлемінде азаматтық талап-арыз өндіріп алуды сұрады.

"ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша кінәлі деп танылсын және орташа қауіпсіздік ҚАЖ мекемесінде 14 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Сотталған адамнан жәбірленушінің пайдасына 20 миллион теңге мөлшерінде моральдық зиян өндірілсін. Үкімді азаматтық талап бөлігінде орындау, сотталушыға алты ай мерзім беру, ал орындамаған жағдайда көрсетілген соманы мәжбүрлеп өндіріп алу", – деп үкімді жариялады судья Самал Аринова.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағандыда ер адам бұрынғы әйелін өлтірді деген күдікке ілінген болатын. Ол әйелді кәмелетке толмаған екі баланың көзінше жарақаттаған. Күдікті мен жәбірленуші 10 жылдан аса уақыт бұрын ажырасқан, алайда ер адам бұрынғы жұбайын қудалап келген. Адам өлген түні марқұмның балалары полицияға қоңырау шалған, бірақ ер адамға тек қорғаныс нұсқамасы жазылып, оны марқұмның пәтерінде қалдырып кеткен.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.