«Қатыгездік жасадым»: Баян Алагөзова өзін «Махаббат бекеті» фильміне түсірген Талғат Теменовтен кешірім сұрады

Продюсер өмір бумеранг екенін өзінің басындағы жағдаймен мысал келтіре отырып айтты.

Продюсер Баян Алагөзова «Din Dina show» бағдарламасында жас кезінде жасаған қателігі үшін өкінетінін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.    

Продюсер өмір бумеранг екенін өзінің басындағы жағдаймен мысал келтіре отырып жеткізді. Өйткені қоластындағы біраз қыз танымал болып, жетістікке жеткенде продюсерге сатқындық жасап, кетіп қалған. 

«Бірнәрсе дұрыс емес. Қай жерден қателік жібердім?» деп ойладым. Оның жауабын таптым да. Бір кезде мен де дәл солай істеген екенмін. Мен де «Мен өзім жұлдыз болдым. Менің арқамда сіздің бағыңыз жанды. Бәрі менің арқамда болып жатыр. Өйткені мен таланттымын, менің кәсіби жетістігіме сіздің ешқандай қатысыңыз жоқ» деп айтқанмын», – дейді продюсер.

Енді қателігін түсінген Баян Мақсатқызы режиссер Талғат Теменовтен кешірім сұрағысы келетінін айтты. Оған айтқан айтқан сөзі үшін өкінетінін жеткізді.

«Талғат Теменовтен кешірім сұрағым келеді. Орал қаласынан шыққан кішкентай ғана Баянды бір күнде Қазақстанға танымал жұлдыз қылды. Мен «Махаббат бекеті» фильміне түскеннен кейін еліміздегі ең танымал қыздардың қатарында болдым. Кейін арамызда түсініспеушілік болды. Ол фильмнің жалғасын түсіргісі келді. Мен сол кезде «Мен енді киноға түскім келмейді. Менде бәрі жақсы. Сіз маған керек емессіз» дедім. Ол – менің алғашқы ұстазым. Көп дүниені сол кісіден үйрендім. Орайы келіп тұрғанда, Талғат Досымғалиұлынан кешірім сұрағым келеді. Сол кездегі әрекетім, қатыгездігім үшін», – деді Баян Алагөзова.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.