Тудың көлемі 98 шаршы метр болса, биіктігі – 40 метр.
Республика күніне орай «Медеу» мұз айдынында Ту көтерілді
2,055
оқылды

«Медеу» мұз айдынында мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтті. Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Туды көтеру рәсімі дәстүр бойынша әскери оркестрдің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталды. Мемлекеттік Тудың көлемі 98 шаршы метр болса, биіктігі 40 метр.

25 қазан – Қазақстан тарихында ерекше мән мен мағынаға ие елеулі дата. Талай қиын-қыстау заманды басынан өткерген ұлы дала елінің тәуелсіздігіне жол ашқан, елдікке бастаған айтулы күн. Себебі осыдан тура отыз төрт жыл бұрын Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданған еді. Дәл сол күні біз ата-бабаларымыз арман еткен азаттыққа қадам бастық. Ал биыл осы бір маңызды күннің «ұлттық мереке» мәртебесін алып, қайта жаңғырғанына – екі жыл. 

Ұйымдастырушылар аталған жиынның басты көздеген мақсаты – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі мен тәуелсіздігінің маңызын атап өту, ел азаматтарының отансүйгіштік сезімін арттырып, өз елінің тарихы мен мәдениетіне деген құрметін одан әрі нығайтуға үлес қосу екенін атап өтті.

Тарихи тағылымы мен өскелең ұрпақ үшін маңызы зор Республика күні – мемлекеттілігімізді бейнелейтін ұлттық мереке. 2022 жылдың 16 шілдесінде өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихы қадамының символы болуға тиіс екенін, тәуелсіздік алуға орасан үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі қажет екенін айтқан еді.

Естеріңізге салайық, бүгін сағат 21:00-де Абай алаңында және 21:30-да «Астана» алаңында дрондар шоуы өтеді. Мұнда 500-ден астам дрон 3D арқылы ұлттық мәдениеттің элементтері мен ел тарихындағы маңызды оқиғаларды бейнелейді.