Ол Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданында туған.
Бүгін – мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл
Ашық дереккөз
670
оқылды

Бүгін (1904-1989) мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

1920-1926 жылдары Ташкенттегі қазақ мектеп-интернатында тәрбиеленіп, Түркістан орман техникумында оқыған. БК(б)П Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін бітірген.

1926-1930 жылдары Қызылорда облыстық орман шаруашылығы орманшысының көмекшісі, су шаруашылығы бөлімінде статист,  Жамбылдағы Талас зерттеу партиясының кіші технигі, Шымкент облыстық су шаруашылығы бөлімінің технигі болған.

1931-1938 жылдары  Ташкент ирригация институтының бөлім меңгерушісі, кеңшар директорларын даярлайтын курс директорының орынбасары, Қазақ орман шаруашылығы тресі директорының орынбасары, директоры, Қазақ КСР Жер халкоматы басқармасының бастығы, 1938 жылы Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитетінің төрағасы.

1938-1951 жылдары Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы; 1954-1962 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары, төрағасы, Гурьев (Атырау) облыстық атқару комитетінің төрағасы, Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет етті.

Ұлттық кадрлар дайындауға зор көңіл бөлген. 1946 жылы Қазақ КСР-нің Ғылым академиясын құруға атсалысқан. 1962 жылдан Мәскеуде ғылыми жұмыстармен айналысты. Араб-қазақ, парсы-қазақ түсініктеме сөздіктерінің авторы.

Екі рет Еңбек Қызыл Ту, үш мәрте Ленин орденімен марапатталған. Туған ауылына, ондағы орта мектеп пен көшелерге есімі берілген.

2021 жылы Алматы қаласында Нұртас Оңдасыновқа ескерткіш орнатылды.