Кеште Ұлттық мереке – Республика күнінің мән-маңызы мен тарихы жайлы презентация көрсетіліп, таныстыру жасалды.
Бременде Республика күніне орай іс-шара өтті
1,740
оқылды

25 қазан күні Германияның Бремен қаласында Республика күніне орай «Тұғыры биік туған ел» деген тақырыпта мерекелік кеш өтті. Кешті «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Бремен қаласының Constructor университетінде білім алып жүрген қазақстандық азаматтар ұйымдастырды. Мерекелік кешке қазақ жастары мен аға буын өкілдерінен 70-ке жуық адам қатысты.

Кеште Ұлттық мереке – Республика күнінің мән-маңызы мен тарихы жайлы презентация көрсетіліп, таныстыру жасалды. Сонымен қатар ән шырқалып, күй тартылып, домбыраның қоңыр әуені қалықтады. 

Мұратбек Өсербаев, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында Constructor университетінде тәжірибеден өтуші ғалым:

Тағылымы мол кездесу болды

– Мен Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУЗ-дің «Технологиялық машиналар мен жабдықтар» кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарамын. Мемлекетіміз ұйымдастырып отырған «500 ғалым» жобасы аясында Германияның Бремен қаласына келіп, ғылыми тағылымдамадан өтіп жатқанымызға 9 айдай уақыт болды. Бүгін 25 қазан – Республика күніне орай Constructor университетінде өте тамаша мерекелік кеш өтті. Елден алыс жүрсек те мерекелік кешті ұйымдастырған азаматтарға ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын. Мерекелік кеш тек ресми түрде ғана емес, қазақтың ұлттық тағамдары қойылған салтанатты дастарқанға ұласты. Кешке келген жастар мен аға буын өкілдері жақсы әсер алып қайтты, тағылымы мол кездесу болды.  

Мерей Есенғалиева, Бремен қаласындағы Constructor университетінің 3-курс студенті:

Бұрын мұндай кеш ұйымдастырылған емес  

– Мен компьютер ғылымдары мамандығы бойынша 3-курста оқып жүрмін.  Осы мамандықты игерген соң тағы да бірнеше жыл Еуропа елдерінде тәжірибе жинап, сосын елге барып бизнес ашқым келеді. Бүгін біздің бір шаруаларымыз бар еді, бірақ осы кешке арнайы уақыт бөліп келгенбіз. Өте жақсы әсер алдық. Бұрын-соңды бүгінгідей кеш ұйымдастырылған жоқ. Республика күніне арнайы ұйымдастырылған кешіміз керемет өтті. Өзіміздің қаракөздерімізді көріп, елге деген сағынышымызды бастық.   

Іс-шара соңында жастар өздерінің алған әсерлерін айтып, ұйымдастырушыларға ризашылық білдірді. Мерекеге арналған жиын соңы жастардың би кешіне ұласты.

Бейбіт ТОҚТАРБАЙ,

журналист

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.