Балға бармақ батырған серіктестіктердің жұмысына айтылар сын да, тағылар мін де көп. Тараз қаласында жолаушы тасымалымен тоғыз автопарк айналысатын болса, олардың барлығы қызметіне жауапкершілікпен қарап жүр дей алмаймыз. Арасында тіпті «өзім білерменге» салып, қарапайым сақтық шараларын сақтамайтындары жетерлік.
Қоғамдық көлік төңірегіндегі түйткіл
288
оқылды

Бұлай деуімізге Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттары жүргізген зерделеу жұмыстары түрткі болып отыр. Тексеріс барысында жолаушылардың тағдырына жауапты жүргізушілердің барлығының бірдей тәжірибесі талапқа сай болмай шыққан. Яғни, автопарк бас­шы­лары жас жүргізушілерді жұмысқа аларда олардың тәжірибесіне мүлдем мән бермеген. Нәтижесінде, рөлде келе жатып жолаушыларға дөрекі сөйлейтін, артына қарап есеп айырысатын, ол аз десеңіз, ұялы телефонымен үйінде отырғандай емін-еркін сөйлесетін жүр­гізушілерге тұрғындар тарапынан шағым көбейген.    

Бұдан бөлек, қоғамдық көлік жүргізу­шілерінің киім үлгісі автопарк басшылығы тарапынан бақылауға алынбаған. Тәртіп бойынша автобус жүргізушілеріне арналған бірыңғай киім үлгісі болуы керек болса, кейбір автопарктер қызметкерлерін шортимен жұмысқа шығарып жіберген.

– Зерделеу жұмыстары барысында аяқ­та тәпішке, бұтта шорти киген жүргізу­шілердің жұмысын тоқтатуымызға тура келді. Сондай-ақ алкотестілеуден өтпеген жүргізушілер де анықталды. Яғни, алко­тестілеу құрылғысы үш күн бұрын бұзылып қалғандықтан, автопарк медбикесі жүр­гізу­шіні тексеріссіз жолға шығуға рұқсат берген. Алкотестілеу ауызша жүргізілген­діктен, медбикенің «кеше арақ іштіңіз бе?» деген сұрағына жүргізушілер «жоқ» деп жауап берген екен. Енді мұндай сауал арқы­лы жүргізушіге қоғамдық көлікті басқаруға қалай құқық беруге болады? Егер жүргізуші кеше ішкен болса, ол «арақ іштіңіз бе?» деген сұраққа «иә» деп жауап бермесі анық қой. 

Автопарктерге жылда қазынадан миллиардтаған субсидия төленіп жатыр. Олар енді ең болмаса медициналық құ­рал­дарын жаңартып қойса болады ғой, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Бақытжан Қалымбетов.

Негізі, халық қалаулысының сөзі орын­сыз дей алмайсың. Себебі биыл қоғамдық көлік шығындарын өтеуге бюджеттен 4,8 млрд теңге қаралған. Байқап тұрсаңыз, бұл аз ақша емес. Енді осы қаржының өтемі ретінде қоғамдық көлі­ктердің сапасы сұралғаны заңды емес пе?

Жалпы, бұл Тараз қаласындағы қоғам­дық көліктерге қатысты туындап отырған алғашқы жағдай емес. Былтыр да депут­аттар автопарктердің жұмысын тексеріп дабыл қаққан болатын. Олардың сөзіне сүйенсек, бүгінде қолданыста жүрген ав­то­бустардың 25 пайызының пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан екен. Әкімдік пен автопарктер арасында қоғамдық көлік­терді жаңартып тұру туралы келісім­шарт жасалса да,  соңғы он жылдың бедер­інде «Саяхат-99», «ДамРус», «Тараз­ПассТранс», ArsenTransCompany сияқты мердігерлер бірде-бір жаңа көлік алмаған. Ал «ДамРус», CityBus және ArsenTransCompany серіктестіктерінің  жеке өндірістік техникалық базасы  жоқ бол­ып шыққан. Ал субсидияға келсек, мұнда да «бармақ басты, көз қысты» әрекет көп. 

– Саланы нарықтық айналымға жі­беріп, субсидияны тоқтатса, жолақы құны күрт көтеріліп, қарапайым халықтың қалтасын қағатыны белгілі.  Сондықтан қала жұртының тұрмысы мен табысының төмендігін ескеріп, жергілікті билік  амал­сыздан тасымалдаушы компанияларға  бюджеттен мол субсидия  беруге  мәжбүр болуда. 

2022 жылы  9 тасымалдаушы ком­панияға  1 миллиард 198 миллион  689 мың 714 теңге субсидия есептелген. Бұдан бөлек, қалалық әкімдіктің жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ай сайын жекелеген әлеуметтік санаттағы азаматтар­дың  қоғамдық көлікпен тегін жүруі үшін 3-4 миллион теңге бөліп бер­ген. Былтырғы жылдың  он айының өзін­де 30 миллион  250 мың теңге  бюджет қаражаты тасымалдау­шы компанияларға төленген, – дейді Тараз қалалық қоғамдық кеңестің құрылыс, энергетика, инфроқұ­рыл­ымды  және ком­му­налдық салаларды дамыту жөніндегі комиссиясының төра­ғасы Рахманқұл Байтелиев.

Негізі, былтырдан бері қалалық қоғам­дық кеңес мүшелері қоғамдық көлік мәсе­лесімен жіті айналысуда. Нәтижесінде, тасымалдаушы компаниялар жүргізушілерге төленетін еңбекақы мен жанармайдан бө­лек негізсіз шығындарды есепке алғанын әшкере қылды. Мәселен, былтырғы  мау­сым-тамыз айлары  аралығында «ДамРус» ЖШС-на  10 миллион 717 мың теңге, «ТаразПассТранс» ЖШС-на 1 миллион 941 мың теңге, «Саяхат-99» ЖШС-на 8 миллион 232 мың теңге,  «СапарТранс 2012» ЖШС-на 1 миллион  849 мың теңге көлеміндегі   субсидиялық қар­жы  артық төленген. Сондай-ақ «Сапар­Транс 2012» ЖШС жалға алған 6 авто­бусының шығын­дарын өзінің жеке­меншігіндегі автобус­тардың шығындары­на негізсіз қоса есептеу нәтижесінде 1 мил­­лион 849 мың теңге артық  субсидия алған.

Рас, былтыр жергілікті биліктің арала­суымен автопарктер көліктерін жаңарта бастады. Алайда бұл толықтай жеткілікті дей алмаймыз. Сондай-ақ соңғы жылдары қоғамдық көліктердің қатысуымен жол-көлік оқиғалары да жиілеп кетті. Мәселен, биылғы жылдың басында 47 жасар тұр­ғын­ды автобус қағып кетіп, марқұм сол жер­де жан тапсырды. Сол кезде автобустар бір айда 700-ге жуық жол ережесін бұзғаны айтылған еді. Бұдан бөлек, күні кеше ғана тағы бір азаматша автобустың астында қалып кетті. Денесі екі дөңгелектің ас­тында езілген  әйелдің желіде тараған видеосы жұрттың жағасын ұстатты. Міне, кейінгі кездері болып жатқан осындай жағ­дайлар ойландырмай қоймайды. Сон­дықтан авто­парк басшылары әрбір қоға­мдық көліктің артында адам тағдыры тұрғанын ұғынса екен дейміз. Бәлкім, білік­сіз жүргізу­шілерді қызметке алғаны үшін ең бірінші басшы­ларды жазалау ке­рек шығар? Сол кезде тәртіп орнап, мем­лекет қаржысы талан-таражға салын­бай, әрбір автопарк қожайыны жауапкер­шілік жүгін сезінер?!

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы