Жыл сайын облыс аумағына қыс таянғанда жол бойына блок бекеттер қойып, қатаң бақылау жасалса да мал ұрлығы азаяр емес. Жақында тағы бір осындай бекет Қарағанды қаласындағы «Арай» базарына мал ұрлығының алдын алуға байланысты қойылды.
Ұрлық тыйылмай тұр
293
оқылды

Әлбетте, мал ұрлығы қысқы соғым уақы­­­­­тында өршиді. Қызылсыраған халық базарға қарай ағылатыны тағы бар. Міне, осы уақытты пайдаланып қалғысы келген ұрылар, біреудің соңғы малына да қарамай барымталауда. 

Осы ұрлықтың алдын алу үшін ша­ра­лар жасалып жатқанымен, шамамыз тек басқанын қанжығасында кеткен етті қайтарумен келеміз.

Осы бағытта жылда Қарағанды облысының жол бойларында блок бекеттер орнатылады. Биыл да осы мақсатта 18 жылжымалы блок-бекет қойылды.

Тәртіп сақшылары аталған бекет­терде мал және ет өнімдерін тасымал­даушыларды тоқтатып, құжаттарының белгіленген талаптарға сай болуын тексереді.

– Жыл басынан бастап облыс аумағында 25 мал ұрлығы тіркеліп, оның 18-і ашылды. Мәселен, жақында Бұқар жырау аудандық Полиция басқармасының қызметкерлері аудан тұрғынының құны 1 миллион тұратын Голштейн асыл тұқымды ірі қарасын ұрлаған күдіктілерді ұстады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қоз­ғалып, тергеу әрекеттері жүріп жатыр, – дейді Қарағанды облыстық Полиция департаментінің Құдияров Бақытжан.

Сақшылардың айтуынша, аталған блок-бекеттер ерекше үкімге дейін жұмыс атқарады. Мал ұрлығының басым бөлігі еркін жайылымнан болса, кейбір жағдайда мал иесі төрт түлігінің қай уақытта жоғалғанын білмейтін кездер болады. Полицейлерге жайыл­ымнан мал жоғалу бойынша 17 арыз түсіп, жүргізілген іздестіру іс-шаралары барысында 106 мал, яғни 56 жылқы, 12 ірі қара мал, 38 ұсақ мал табылды.

Мал ұрлығының алдын алу және болдырмау мақсатында, Қарағанды қаласындағы ет өнімдерін сататын «Арай» базарына Полиция департаменті басшылығының шешімімен блок бекет қойылды. 

Айта кету керек, облыстың әр ауда­ны мен ауылынан осы базарға қарай мал етін өткіземіз деп ағылған көліктердің қарасы қалың. Делдалдар да осы жерде өз нәпақасын айырады. 

Аталған бекетте тұратын полиция қызметкерлері ет өнімдерін тасымал­дайтын көліктерді тексеретін болады. Сақшылар ет өнімдерін тасмалдау­шыларға еттің сапалы, ұрланбағанын және мал етінің таза болуын анық­тайтын санитарлық дәрігерлерден #2 нұсқадағы анықтамасының болуы қажет екенін еске салады. 

Бекетте жүргізілген жұмыс нәтиже­сінде бір түн ішінде 35 автокөлік тек­серіліп, екі көліктен ет тасымалдау кезіндегі заңбұзушылық анықталды.

Мәселен, 56 жастағы облыс тұрғыны ет өнімдерін тасымалдау кезінде тиісті құжаттары толық болмаса, 25 жастағы ауыл тұрғыны Фольксваген пассат авто­көлігімен ешқандай құжатсыз ет өнімдерін сатуға әкелгені анықталды.

Былтыр қыркүйек айының соңында әлеуметтік желіде асылтұқымды жыл­қыны ұрлағандар туралы ақпарат тараған болатын. Міне, осы ұрлық облыстың тасжолдарында блок бекеттің арқасында ашылды. 

«Ұрлық түбі қорлық» десек те, осы сөзді місе тұтпай, малды өрістен де, қора­дан да алып кетушілер азаймай тұр. Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты Мұстафин кентінде мал ұрлығына қатысы бар деген күдік­пен үш ер адам ұсталды.

Жергілікті полиция бөлімінің қыз­меткерлері 26-35 жас аралығындағы күдіктілердің шаруа қожалықтарының бірінен «Гольштейн» тұқымды сиырды ұрлап кеткенін анықтады. Жәбірленуші келтірілген шығынды 1 млн теңге деп бағалады.

Ұсталғандар өз кінәсін мойындап, ұрланған мал табылды. Оқиғаға бай­ланысты қылмыстық іс қозғалды, тер­геу жұмыстары жалғасуда.

«Мал ұрлығы тыйылмай тұр» десек те, қолдағы малға ыждахатпен қараған да дұрыс-ау.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы