Депутаттың айтуынша, Президент тапсырған экономиканы әртараптандыру жөніндегі прогрессивті бастама Үкімет тарапынан жеткілікті деңгейде жүзеге аспай отыр.
Депутат мемлекеттік бюджетті пысықтау кезінде Үкімет тарапынан жіберілетін олқылықтар жөнінде айтты
876
оқылды

Бүгін Мәжіліс депутаттары алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын мақұлдап, оны Сенаттың қарауына жіберді. Осы ретте «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев мемлекеттік бюджетті пысықтауда Үкімет тарапынан жыл сайын жіберілетін олқылықтар жөнінде айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Елнұр Сабыржанұлының айтуынша, бұл құжат – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын ең маңызды заң.

– Дегенмен, елдің бюджетін пысықтауда Үкімет тарапынан жыл сайын жіберілетін олқылықтар жетерлік. Соларға тоқталып өтсем:

Бірінші, біздің бюджет қаржысының басым бөлігі мұнайға, шикізатқа тәуелді. Әлі күнге дейін республикалық бюджеттің 40 пайызын қазба байлықты экспорттаудан түсетін кіріс құрайды. Осы тәуелділіктің салдарынан Президент тапсырған экономиканы әртараптандыру жөніндегі прогрессивті бастама Үкімет тарапынан жеткілікті деңгейде жүзеге аспай отыр. 

Сондай-ақ, еліміздегі орта бизнестің экономикадағы үлесі небәрі 7 пайыз ғана. Бұл – тым аз көрсеткіш. Бір түйір табиғи байлығы болмаса да әлемде «Азиялық жолбарысқа» айналып отырған мемлекеттер цифрлық технология, көлік өндірісі, жоғары білім беру, медицина, спорт, мәдениет және туризм саласын әлемге жоғары бағаға экспорттап отыр. 

Яғни, жоқтан бар жасап, оны қымбатқа сатуда. Ал біз дайын шикізаттан өнім шығара алмай әлек болудамыз.

Сондай-ақ, бюджетте экономиканы дамыту бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейді. 2024 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімі 4 пайызды құрап отыр. 

Мәселен, қазір санкциялар астында өмір сүріп жатқан ЕврАзЭС-ке кіретін мемлекеттердің өзінде экономикалық өсім Қазақстанға қарағанда жоғары. Тіпті ол елдерде инфляцияның өзі төмен. 

Президентіміз айтқандай, біздің бюджет әрдайым әлеуметтік сипатқа ие болуы тиіс. Бұл – өзгермейтін аксиома. 

Өйткені зейнеткердің зейнетақысын, ананың бала күтімі үшін алатын жөргекпұлын, мүгедектің пособиясын көтермесек, төмендетуге болмайды. 

Дегенмен, Үкімет мүгедектерді әлі қолдамай отыр. Олардың ең төменгі жалақыдан да төмен жәрдемақысын өсіруге құлқы жоқ. Мүгедектерге берілетін әлеуметтік жәрдемақының көлемі жыл сайын тек Үкіметтің 7 пайыздық инфляциялық индексациямен ғана өсіп отыр. 

Мысалы, мүгедектер үшін жыл сайын қосылатын сома бар-жоғы 5-6 мың теңгеден аспайды. Бұл – осында отырған Үкімет мүшелерінің бір күндік түскі асының құны. 

Еліміздегі мүгедек жандар биыл орташа есеппен 74 660 теңге, яғни 153 АҚШ долларын алса, 2025 жылы 79 280 теңге, яғни 162 доллар алады екен. Келесі жылға мүгедектердің алатын жәрдемақысына бар-жоғы 9 доллар немесе 4400 теңге ғана қосылыпты. 

Ал елімізде дәрі-дәрмектің бағасы ұшып тұр. Азық-түлік бағасы да қымбаттамаса, арзандамайды. Осындай жағдайда, 79 мың теңгемен мүгедектігі бар адам қалай күн көрмек?! 

Тағы бір мәселе – шешімін таппайтын жұмыссыздық. Әрине, экономикамыз әртараптандырылмаса, негізгі табысымыз шикізатқа тәуелді болса, терең өңдеу өндірісі дамымаса, еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік деңгейі 5 пайыздан аспаса, онда жұмыссыздық мәселесі ешқашан шешімін таппайды. 

Бүгіндегі Үкіметтің статистикасы бойынша 950 мың адам жұмысқа орналасып, 5 процент азамат қана жұмыссыз деген көрсеткішіне ешкім де сенбейді. 

Тәуелсіз сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстандағы жұмыссыздықтың шынайы деңгейі 12%-дан кем емес. Бұл – кемі 1 миллион адам жұмыссыздар қатарында деген сөз. 

Тағы бір өзекті мәселе – халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі әлі күнге шешімін таппай отыр. 

Тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны өспесе, азаймауда. Соңғы төрт жылда олардың саны тағы 200 мыңға өсті. Бүгінгі күні үй кезегінде 649 мың адам тұр.

Бюджет жобасындағы тым аз – 72 млрд теңге, шамамен 5 мың отбасына жетеді. Ал жыл сайын кезекке тұрушылардың саны – қосымша 50 мың адамға өсіп отыр.

Әріптестер, айтылған проблемаларды шешу Үкімет пен Парламенттің жүйелі ортақ жұмысының арқасында іске асатыны анық. Сондықтан жоғарыдағы сын-ескертпелерді бірге шешуіміз қажет.

Құрметті депутаттар! Мәжілістегі ең ірі Фракцияның бюджетті пысықтаудағы ұсыныстары нақты әрі ауқымды болды. Оған дәлел біздің партияластардың өзі 2 триллионнан астам өзгертулер енгізіп, оның шамамен жарты триллионы қолдау тапты. Бұл – бір. 

Екінші. «Ауыл – ел бесігі» бойынша қосымша 30 миллиард теңгеге ұсыныстар енгізіліп, оның аясында 60 миллиардқа жуық жоба қаржымен қамтамасыз етіледі. 

Сондай-ақ, су мәселесінде де «AMANAT» Фракциясы Президенттің шынайы қоғамдық тірегі екендігін айқын көрсетті. 30 миллиардқа жуық қосымша қаражат бөлдіртіп, ауылдарға бағытталған 100-ден астам жобаны бюджеттік заңмен бекітті. Бұл – Президенттің 2026 жылға дейін елді 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз ету жобасын нақты орындау. 

Үшінші.  2025 жылға арналған бюджет 25,8 трлн теңгені құрап отыр. Бұл былтырғымен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге артық.

Төртінші. Ең бастысы, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасын жүзеге асыруға 2025 жылға арналған республикалық бюджетте 8,8 трлн теңге, яғни бюджеттің үштен бірін құрайтын қаражат қарастырылған. Бұл былтырғы бюджетпен салыстырғанда 3,3 триллионға көп қаражат. 

Сондай-ақ, Президенттің пәрменімен елімізге заңсыз шығарылған активтер қайтарылып, қайтарылған қаражатқа әлеуметтік нысандар салынып, халық игілігіне берілуде. 

Осыны ескере отырып, «AMANAT» Фракциясы бірге нақтыланған бюджет жобасын қолдайды және әріптестерімізді де қолдауға шақырады, – деді депутат.