Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заңдарды қабылдады. Сондай-ақ биржа саудасы мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдап, Қазақстанның аумақтық қорғанысы туралы заң жобасын ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда мақұлдады.
Мәжіліс бюджетті бекітті
250
оқылды

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферт туралы заң жобаларын қарау. Жалпы отырыс Премьер-Министр Олжас Бектенов пен Үкімет мүшелерінің қатысуымен өтті.

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2025 жылы 62,2 млрд долларды, ал 2026-2027 жылдары 69,9-78,7 млрд долларды құрайтынын атап өтті. Республикалық бюджетке алдағы үш жылға арналған кепілдендірілген трансферттің мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалады.

– Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде 2025-2027 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылды. Бұл ретте республикалық бюджет кірісі 2025 жылы 15,6 трлн теңге деңгейінде деп болжанып отыр. 2027 жылға қарай 18,2 трлн теңгеге дейін немесе 16,4 пайызға өсуі мүмкін. Республикалық бюджет шығыстары 2025 жылы 25,8 трлн теңге, 2026 жылы 23,2 трлн теңге, 2027 жылы 24,6 трлн теңгені құрайды, – деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Өз кезегінде Қаржы министрі Мәди Тәкиев бюджеттің өткен жылдардағыдай әлеуметтік бағытта қалып отырғанын атап өтті. 2025 жылы әлеуметтік салаға 9,8 трлн теңге бөлу жоспарланған. Сонымен қатар депутаттардың түзетулерін ескере отырып, республикалық бюджеттен өңірлерге 7,5 трлн теңге бөлінеді. Ал экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға 2,1 трлн теңге қарастырылған.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, инфляция біртіндеп төмендеп келеді. 2025 жылы ол 5,5-7,5 пайыз аралығында болса, 2026 жылы ол мақсатты көрсеткішке жақындап, 5-7 пайыз аралығында болады деп болжанып отыр.

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Еркін Әбіл қосымша баяндамасында алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын әзірлеу барысында депутаттар 250-ден астам түзету енгізгенін айтты.

– Депутаттар тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық, көлік және коммуникациялар, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және тағы да басқа негізгі бағыттар бойынша шығыстарды арттыруды ұсынады. Бұл шығыстар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға, өңірлерді дамытуға және ел азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған, – деді Еркін Әбіл. 

Сондай-ақ ол депутаттардың бастамасымен 2025 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға және халықты ауызсумен қамтуға қосымша 15 млрд теңге қарастырылатынын жеткізді.  

Мәжілістегі саяси партиялардың фракция жетекшілері де заң жобаларына өз бағаларын берді. «АМАNАТ», «Ауыл», Respublica және Қазақстан Халық партиясы фракциялары қолдап, «Ақ жол» фракциясы қарсылық білдірді, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясы қалыс қалды. 

Талқылау қорытындысы бойынша екі заң да қабылданып, Сенатқа жолданды.

Қорытындылай келе палата Спикері Ерлан Қошанов республикалық бюджет жобасы күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесін орындауға мүмкіндік беретінін баса айтты.

– Біз үш жылдық кезеңге арналған ел бюджетін талқылауды аяқтап, қабылдадық. Бюджетте Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасы мен жыл сайынғы Жолдауларында белгіленген бастамаларын іске асыруға баса зер салынды. Бюджеттің жалпы шығыстарының шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Мәселен, келесі жылы әлеуметтік төлемдер өсіп, төлем алушылар саны артады, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Сондай-ақ депутаттар биржа саудасы мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады. Түзетулерді әзірлеуші Екатерина Смышляева екінші оқылымға дайындық барысында депутаттардан тауар биржаларының лицензияларының қолданылуын тоқтата тұру және одан айыру тәртібін айқындау, клиринг орталықтарының бағдарламалық қамтамасыз етілуіне талаптарды енгізу, әлеуметтік маңызы бар биржалық тауарлардың саудасын ұйымдастыру тәртібін нақтылау, сондай-ақ тауар биржалары жарғылық капиталының тұрақты мәндерін айқындау жөнінде ұсыныстар түскенін айтты.

Мәжілісмендер «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң жобасын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда қарады. Оларды депутаттарға Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Сұлтан Қамалетдинов таныстырды. Оның айтуынша, заң жобасы аумақтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін белгілейді.

– Әзірленген нормалар тиісті қаржы бөлінген аумақтық қорғаныс жүйесіне салалық сипат беруге, орталық және жергілікті атқарушы органның ұйымдағы функциясы мен өкілеттігін айқындауға, жеке және заңды тұлғаның осы саладағы құқығы мен міндетін бекітуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігіне орталық, жергілікті атқарушы орган, меншік нысанына қарамастан, ұйым қызметін мемлекеттік бақылау функциясын жүктеуге ықпал етеді, – деді С.Қамалетдинов.

Жұмыс тобының жетекшісі Максим Рожин өзінің қосымша баяндамасында Қазақстанның қорғаныс жүйесіне «ерікті адам» және «өзін-өзі қорғау құралымдары» деген жаңа ұғымдар енгізілетінін атап өтті. Азаматтардың соғыс жағдайы кезінде өзін-өзі қорғау құрамаларында ерікті қызмет атқару мүмкіндігі қарастырылған.

Есепті тыңдаған депутаттар Үкіметтің жауапты мүшелеріне жоба стандарттарына қатысты сұрақтарын қойды. Талқылау қорытындысы бойынша заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.

Бұдан бөлек, Мәжіліс Сенаттың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына енгізген түзетулерімен келісті.

 С. БЕГІМБАЙ