Сенатта Инклюзия жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері және сарапшылар ерекше қажеттілігі бар азаматтардың сапалы білім алу мүмкіндігін кеңейту, сондай-ақ оларды іске асыру жолдарын талқылады. Отырысқа бірқатар министрлік пен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.
Инклюзивті қоғам қалыптастыру маңызды
284
оқылды

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев Ләззат Қалтаеваны Сенат Төрағасының кеңес­шісі болып тағайындалуымен құттық­тады. Сондай-ақ ол Ләззат Қалтаева Палата жа­нын­дағы Инклюзия жөнін­дегі кеңестің төрағасы болып қала беретінін атап өтті. Сенат Төрағасы әріптесіне сена­тор ретінде заң шығару саласында атқарған еселі еңбегі үшін Мемлекет бас­шы­сының Алғыс хатын сал­танатты түрде тапсырды.

Іс-шара барысында Пала­та Спикері баршаға тең мүмкіндік жасалған инклю­зивті қоғам қалыптастыру ел Президенті қолға алған ре­фор­малардың маңызды ба­сым­дық­тарының бірі екенін айтты. Соңғы жылдарда осы бағытта жүйелі жұмыс жүр­гізіліп келеді. Соның нәтиже­сінде көптеген салада оң үрдіс байқалып отыр.

Сондай-ақ Мәулен Әшім­баев қазір Қазақстанда 725 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұратынына, оның 232 мыңы ерекше білім беруді қажет етініне назар аударды. Сенат Төрағасы олардың бәрі лайықты білім алуға құқылы екенін тілге тиек етіп, аталған мәселеде әлі де болса түйіні тарқатылмаған түйткілдер барын еске салды. Бұл, ең ал­­ды­мен, кәсіптік және жо­ға­­ры білім алуға қатысты бо­лып отыр.

«Өкінішке қарай, соңғы жылдарда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар саны артып отыр. Сондықтан бар­лық балаға сапалы білім алу­дың қолжетімділігін қамта­ма­сыз етуді жетілдіру керек. Ерекше қажеттілігі бар адамдарды оқыту орта білім­мен шектелмеуге тиіс. Олар­дың лайықты жұмыс тауып, қоғамның толыққанды м­ү­шесі болуы үшін кәсіби және жоғары білім алуына да жағдай жасалуы қажет. Қазір жоғары оқу орындарында білім алып жүрген мүмкіндігі шектеулі азаматтар саны аз. Бұл аталған санаттағы адам­дардың сапа­лы білім алуына кедергі келтіретін қиын­дықтар бар екенін көрсетеді. Демек, олар­дың әрі қарай жұмысқа орнала­сып, қо­ғам­нан өз орнын табуына теріс әсер ете­тін мәселелер жоқ емес», – деді Мәулен Әшім­баев.

Сенат Төрағасы сапалы білім алуға және мүгедектігі бар адамдардың қабілеттерін дамытуға тұсау болып отыр­ған тағы бір өзекті мәселеге тоқталды. Ол – еңбек нары­ғының осы санаттағы азамат­тардың қажеттілік­теріне бейім­­­­­­делмеуі.

Елімізде 2012 жылдан бері мемлекеттік білім грант­тарын бөлу кезінде 1 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандарға қарас­тырылып келеді. Алай­да палата Спи­кері­нің ай­туынша, бұл шара жеткіліксіз. Инклю­зивті білім беруге қа­тысты проб­лемаларды шешу кешенді тәсілді қажет етеді. Сон­дық­тан бұл ретте заман­ауи білім беру бағ­дар­лама­лары, оқыту­дың тиімді әдіс­тері, ерекше білім беру қа­жеттілігі бар ба­ла­лармен жұмыс істей ала­тын білікті педагогтер даяр­лау сияқты мәселелерге баса мән берген жөн.