Тілді құрметтемейтін шенеунік сөз естіді
Тілді құрметтемейтін шенеунік сөз естіді
315
оқылды
Үкімет мүшелері мемле­кеттік тілде сөйлеуден ар­лан­бауы керек. Мәжілістің жал­пы отырысында Палата Төраға­сы Нұрлан Нығматулин Цифр­лық даму, иннова­циялар жә­не аэроғарыш өнер­кәсібі ви­це-министрі Асхат Ораз­бек­ке ескерту жасады. Де­путат­тардың бірі оған қазақ тілінде сұрақ қой­ған. Асқар Жұ­ма­ғалиевтің орын­басары оған орыс тілінде жауап берді. Онысы үшін тіпті «ғафу өтін­беді». Биік лауазымды шендінің бұл теріс қылығы Нұрлан Зайрол­ла­­ұлы­ның шамына тиді. Ол мем­лекеттік тілде қойылған сауалға мемлекеттік тілде жауап қайыр­ма­ғаны үшін шенеунікті сынға алды. «Әрине, Парламентте ілеспе аударма жүреді. Бізде залда отыр­ған әр адам қазақша-орысша ер­кін сөйлей алуы үшін барлық жағ­дай жасалған. Бірақ қазақ ті­лінде қойылған сұраққа қазақ тілін­де жауап бермегеніңіз дұрыс емес!» деп мемлекеттік тілге құр­мет біл­дірген вице-министрге сын-ескертпе жасады Мәжіліс спикері. Жиында Мәжіліс депутаттары Әкімшілік рәсімдік-процестік ко­декс және оған ілеспе заң жоба­сын I оқылымда қарап, мақұл­дады. Осы құжат арқасында аза­маттар өтінішін қарау жұмысы қайта құрылмақ, ал меморгандар ха­лық шағымына жеделірек үн қатуы тиіс. Палата басшысы әкімдік пен министрлікке жүгінген адам өз мәселесі шешілеріне сенімді бол­ғаны жөн деді. – Меморгандар қызметкері мынаны түсінуі керек: кодекс қабыл­данған соң олардың азамат­тар мен ұйымдар өтінішін қарау бойынша жауапкершілігі күшей­тіледі. Жаңа кодекске сәйкес егер азамат сотқа берсе, онда әу бастан сол адамның емес, меморганның «айып­тылық презумпциясы» қарас­тырылады. Бұл мүлдем тың тәсіл. Ендеше шенеуніктерге істі сотқа дейін жеткізбегені, мәселені сотқа дейінгі қарау сатысында ше­шім бергені дұрыс, деп нық­тады Н.Нығматулин. Ол ел басшылығы тиімді және жинақы мемлекеттік аппарат құру туралы стратегиялық міндет қой­ға­нын қаперге салды. Бұл міндетті орындау әкімшілік рәсімдерді жетілдіруді және әкімшілік сот өн­дірісін енгізуді талап етеді. Мә­жіліс бірінші оқылымда құптаған кодекс осы мақсатқа жетудің ұстын-базасына айналады. «Әкімшілік процедуралар мен сот өндірісін реттейтін нор­малар алғаш рет бір құжатта бі­ріктіріліп отыр. Бұл кодекстің мақ­саты – билік пен халықтың сындарлы диа­логын нығайта түсу. Мем­лекеттік органдардың жауап­кер­шілігін арттыру. Осы­ның барлығы халық мұқтажды­ғына жедел ден қоюға қабілетті, ел үніне құлақ аса­тын мемлекет саясатына сәй­кес келеді» деп түйді Мәжіліс төра­ғасы Нұрлан Нығматулин.   Елдос СЕНБАЙ