Былтыр күзде Жетісу облысында жүгерішілер ала жаздай табан ет, маңдай терін төгіп өсірген жүгерілерін қабылдау бағасы тым арзан болғандықтан дер кезінде жинай алмай, жинағанын өткізе алмай әбігерге түскен еді.
Қызылшашылардың көңілі алаң
244
оқылды

Жүздеген гектар «дала аруы» орылмай алқаптарда қалып, қоймалар мен қырмандарға үйілген мыңдаған тоннасы іріп-шіріп кеткен болатын. Үкімет деңгейінде назар аударылып, жиыннан-жиын өткізілгенмен мәселе толы­ғы­мен шешілмей, жүгерішілер зиян шегіп, екінші қайтіп бұл салаға жоламастай күй кешкен. Биыл дәл осындай жағдай қант қызылшасына байланысты қалыптаса бастады.

Былтырғы дүрбелең кезінде алдағы жылға қант қызылшасы ал­қаптарын арттыру көзделіп отыр­ғанын айтып, келер күзде тәтті түбір өткізуде қиын­дық­тар бол­уы мүмкін екенін болжаған едік. Сонымыз шындық­қа айнал­ғандай. Қазір Жамбыл облысының қызылшашылары жина­лған өнім­дерін қайда жібер­ерін білмей дал болуда. Алатау асырып, қырғыз ағайындар мен Жетісудағы «Ақсу» қант зауытына өткізе бастап еді. Жақында ақсу­лықтар Жамбыл облысынан шикі­зат қабылдауды тоқтатқан­дарын мәлімдеді. Өйт­кені Жетісу облыс­ын­дағы екі қант зауыты осы өңір­дегі аудандардан жиналған тәтті түбірді қайда сақ­тарын білмей, ест­ері шығып отыр. Осыдан біраз бұрын «Көксу» қант зауыты он күн­ге шикізат қабыл­дауды тоқта­тып, қызылшашыларға өнімін Ақсуға өткізуге кеңес бер­ген. Қа­зір «Ақсу» қант зауытының шикі­зат сақтайтын кагаттық алаңы да аузы-мұрнынан шығып, тәтті түбір үйінділерін өңдеп үл­гер­мей жатыр. Мұндай жағдай «Көксу» қант зауытында да болып,  көксу­лықтар биыл берекелі болған мол өнімді не істерін білмей қина­луда. 

Биыл Жетісу облысында 13 700 гектарға қант қызылшасы егілсе, одан жалпы 615 мың тонна тәтті түбір жиналады деп болжанған. Қазір осы 13 700 гектардың 8 600 гек­тарынан 403 мың тонна өнім алы­ныпты. Жалпы, себілген көл­ем­нің 63 % жиналған тәтті түбір­дің  352 мың тоннасы «Ақсу» және «Көк­су» қант зауытына өткізіліпті. Бұл туралы Талдықорғандағы Жур­­­налистер үйінде өткен  бри­фингте облыстық Ауыл шаруашы­лығы бас­қармасының басшысы Нұрдәу­лет Кененбаев мәлімдеді. Оның айту­ына қарағанда, обл­ыстағы қант қызылшасын жинау және өнімді зауыттарға өткізу мәсе­­ле­сіне қатысты жағдай қал­ыпты. Дабыл қағатындай кем­шіліктер жоқ. Қазір 13 700 гектар қызылша алқабының қалған 5 100 гектар­ында тәтті түбір жинау жұ­мыстары қарқынды. Гектар өнім­ділігі 472 цент­нерден айналып отыр және бұл жақсы көрсеткіш. Облыстағы екі зауыттың қуатты­лығы 700 мың тонна өнім өңдеуге жетеді. Әзірге кәсіпорындарға облыс шаруашы­лық­тарынан 352 мың тонна өнім өткізіліп, өңдеу жұмыстары өз ырғағында жүргізі­луде. Дегенмен шикізат қабыл­дауда азды-көпті мәсе­лелердің бары рас. Олар ка­гат­тық алаңдар­дың тарлығына және соған сай шикізатты сақтауға байланысты болып отырған көр­інеді. 

– Бізде қант қызылшасының себілуінен бастап, жиналуына дейінгі барлық жұмыс үдерісі жан-жақты ойластырылған. Қызыл­шаны қазуға жалпы 103 комбайн жұмылдырылды. Мол өнімді шаш­пай-төкпей жинап алу үшін бюд­жеттен қаражат бөлініп, 19 жапыр­ақ жинағыш пен 20 комбайн са­тып алынып, шаруаларға таратыл­ды. Ендігі жерде зауытқа өнім өткізуге тұрған көлік кептелісін азайту мақ­сат­ында шараларды қолға алу­дамыз. «Көксу» қант зауыты  аудан­­дар үшін арнайы кесте жаса­ды. Аталған кәсіпорын бүгінге дей­­ін күніне 3 мың тонна шикізат  қабылдаса, алдағы кезде оны 4 мың­ға дейін көтермек. Қазір қал­ған 5,1 мың гектарда жүріп жатқан қызылша қазуды қараша­ның 20-сына дейін аяқтауға  мүм­кіндігіміз бар. Жалпы, қант қыз­ыл­шасын жинау мен өткізу мә­селелері об­лыс­тық жедел штабтың тұрақты бақы­лауында, – дейді Н.Кенен­баев.  

Брифингке арнайы келген зауыт басшылары да өздері бас­қаратын кәсіпорындардың өнім қабылдауға қатысты жұмыс­тары­ның жай-жапсарын баянда­ды.  

– «Көксу» қант зауытында күні кеше­ге дейін тәулігіне  150-160 жүк көлігін немесе 3 мың тонна өнім қабылдап келдік. Қазір кагат алаңында жиналып қалған 140 мың тонна тәтті түбірді өңдеуге кіргізіп жатырмыз. Жұмыс қар­қынды, соған қарамастан  алаңдар бірден босай қоймайды. Өйткені шикізаттың орнын тазалау жұмыс­тары да уақыт алады. Қазір қосым­ша жер дайындаудамыз. Қалай әзір болады, солай күніне  4 мың тон­на қабылдауға көшеміз, – дейді «Көксу» қант зауытының дирек­торы Алтынбек Абатов.

Ал «Ақсу» қант зауытының дир­екторы Самат Нәдірбековтың айтуына қарағанда,  қазірге дейін  «Ақсу» қант зауытына 210 мың тон­на қант қызылшасы кіргізіліпті. Қазанның 22-сіне дейін күніне 300 автокөліктен қабылдап келгенімен сонан кейін кагат алаңының тол­уына байланысты күніне 160-170 машина кіргізуге мәжбүр болған. Соған сай 25 қарашадан бері Жам­был облысынан қызылша қабыл­дау тоқтатылыпты. Қазір Ақсу, Сарқан, Алакөл ауданы шаруашы­лықтарынан қызылша қабылда­нып жатыр. 1 қарашадан кейін Тал­дықорған өңірінен де өнім қабыл­дау басталмақ.

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы