Бала күнінде санада қалған жарақаттар адамның ересек өмірінде неге қайта оянады? Ата-ананың әрбір әрекеті мен сөзі баланың болашағына қалай әсер етеді?
Баланың тұтас әлемі – тек ата-анасы
305
оқылды

Балалық шақтағы психологиялық жарақаттар туралы ашық әңгімелер көбейген бүгінгі қоғамда осы мәселеге қатысты көзқарастар да өзгеруде. Осы орайда біз психотерапевт Сая Бақимовамен сұхбаттасып, адам психикасына жарақат әсері, олармен жұмыс істеудің жолдары және ата-аналардың жауапкершілігі жайлы сөйлесіп көрген едік.

– Сая ханым, бүгінде балалық шақтағы психологиялық жарақат және оның ересек өмірге әсері неге жиі талқыланады? Қоғамда не өзгерді, бұл туралы ашық айтуға бізді не итермелейді? Адамның ересек өмірінде жиі кездесетін балалық шақтағы психоло­гиялық жарақат түрлері қайсы?

– Бүгінде адамдарда өзі жайлы рефлексия жасауға көбірек уақыт табылды. Сол себепті адамның ішкі дағдарысы туралы жиі айтып жүрміз. Жалпы, неге адамның балалық шақ­тағы жарақатының салдары ауыр? Өйт­кені бала күнінде адамның психикалық қуаты жоқ. Мәселен, ересек адам басына қиындық түссе, ол өзінің психикалық аппараты, өмір­лік тәжірибесі, туған-туыс, дос-жаран­дары­мен қарым-қатынасы, яки қандай да бір білімі (мысалы діни) арқылы жағдайды тал­дай алады. «Бұл істің де бір хайыры бар» деп өзіне басу айта алады. Ал кішкентай бала проб­лема туындаса, оны түсіне де, тоқтата да алмайды. Оның психикалық аппараты өте әлсіз. Ал түрлеріне келетін болсақ, жас ке­зінде ата-анасынан айырылуы, көпбалалы үйде баланың ата-анасымен тікелей байла­нысы болмаса, яки аз болса, шақалақ ша­­ғында анасынан басқа жақыны бағып алып, соның қолында өссе, ұзақ уақыт бойы тұр­мысы төмен, қиын әлеуметтік жағдайда өссе (мұның ішіне ас-ауқаттың тапшылығы да, сол уақыттағы қоршаған ортамен байланысы да кіреді), өмірлік табиғи апаттарға тап болса (мысалы, бала күнінде баспанасы өртеніп кетсе, жол апатына ұшыраған болса), ересек адамның балаға жасайтын физикалық және психикалық, жыныстық зорлық-зомбылық салдары және тағы басқа да жағдаяттарды атауға болады. Осы аталған жағдайдың бірі ересек адамның өмірінде кездессе, ол жоға­ры­да айтылған түрлі фактордың бірінің не бірнешеуінің септігімен жағдайды қорыта алады. Ал баланың ондай мүмкіндігі жоқ, тіптен қалыптасып үлгермейді. 

– Неге ересек адамдар көбіне өзінің пси­хологиялық жарақатына ата-анасын кінә­лайды? Бұл өзін-өзі танудың жаңа тренді ме, әлде жауапкершілікті өзінен алшақтатуға тырысу ма?

– Баланың өзінің ішкі жарақатына ата-анасын кінәлауының логикалық себебі бар: оның кішкентай күнінде барлық жауап­­­кершілік ата-анасының мойнына жүктеледі. Өйткені бүлдіршін о баста әке-шешесінен басқа ешкімді танымайды, өзге де әлеуметтік концепциялар жайлы ұғымы қалыптаспаған, өмір, тағдыр дегенді түсінбейді, оның таным-түсінігіндегі тұтас әлемі – тек ата-анасы. Сол себептен өзінің бала өмірінде кезіккен қиын жағдайлар мен оның салдарына әке-шешесін кінәлайды. Әйтсе де, бұл құбылыс осы қал­пын­да өмір бойына қалып қалады дей ал­май­мыз. Адам терапия барысында, өзін-өзі тану жолында бұл кінәлау сезімі азаяды, яғни ересек адам ата-анасын кінәлаудан өзіне жауап­­­кершілік алуға (авт. – деңгейіне) көбірек өтеді. 

– Өз жарақатын тану және онымен жұмыс істеу адамның эмоционалды тұрақтылығына әрдайым ықпал ете ала ма? Жағдайды кері­сін­ше ушықтыратын сәттер бола ма?

– Негізі, терапияға келген уақытта екі сценарий де болуы ықтимал: иә, адам бірте-бірте эмоциялық тұрақтылыққа жетеді, я болмаса, бұрынғы жағдайы нашарлап, ішкі күйін ұшықтырып жіберуі де мүмкін, оны  – кері терапиялық әсер дейміз. Оның үстіне, адам баласының ішінде кез келген жағдайды тұрақты ұстап тұруға тырысатын, қандай да бір өзгерісті жақсы көрмейтін үлкен күш бар. Әрбір психика өзін қалай бар сол қалпында сақтап қалуға ұмтылады. Былай қарағанда, адамның психикалық аппаратының жай-күйі оны бүгінгі күніне дейін тірі күйінде жеткізді. Бұл орайда адам психикасы «мен тірі қалдым, бәрі жақсы, ештеңе өзгертпейміз, өзгертетін болсақ, оның салдары қандай бо­латыны белгісіз, сол себептен осы тұрақ­ты­­лықты сақтап қалу керек» дегендей ойлайды. Адамның өзгерісті бейсаналы түрде қала­­­­мауынан да терапияның кері әсер бере­тін кез­дері болады. Бұл уақытта терапия тоқ­татылады. 

– Балалық шақтағы жарақатпен жұмыс істеуде маңызы және психологиялық тера­пияның ондағы рөлі қандай, өткенді түсінуге қалай көмектеседі?

– Адам өзінің жарақатымен терапия барысында жұмыс істейді. Әйтсе де, ішкі жа­рақаты бар барлық адам терапияға жете бермейді. Олар дін, басқа да білімі яки ко­мюнитиінің көмегімен, кейде өзге біреу­лерге жәрдемдесу арқылы ішіндегі пробле­масын жеңуге тырысады, өнермен айналысу, яғни кино түсіру, кітап жазу арқылы ішкі фанта­зиясын жүзеге асырып жатады. Пси­хоте­ра­­пия бәріне жете бермейтіндіктен, адам қо­­лынан келгенін істеп, өз жолын табуға ты­­ры­­сады. Күнделікті өмірде адам өзімен-өзі сөйлеп, өзіне айта алмайды ғой, ол әрі кетсе жазады. Ал бұл екеуі екітүрлі процесс. Біз сөй­­­­­леген уақытта миымыздың бірнеше бөлігі іске қосылады: біз сөйлейміз, оны естиміз, айтылған әңгімені қорытамыз, тағы сол сияқты. Ал психологтен өзгемен сөйлескен уа­­қыт­та адам маман сияқты тыңдай алмайды, ол өзінің ойын айтып, кеңес бергісі келеді, сөзін бөледі, оның ауыр сезімдеріне шыда­ғысы келмейді, сәйкесінше, ақылын ай­та бастайды, кейде проблемасын құнсыз­данды­рып жіберуі мүмкін. Сондықтан адам­ды жақ­сы тыңдауға, оны түсінуге тырысуға, қосымша сұрақтар арқылы ойын өрбітуге көмектесе­тін – терапия жүргізетін психо­логтер. 

– Неге кей адамдар жарақатын түсініп, онымен жұмыс істегеннен кейін де ата-ана­сына ренішін ұмыта алмайды?

– Дені сау, ақыл-есі дұрыс, қарттығы жетпеген, мидың органикалық ауру-сырқа­тына ұшырамаған адамның санасында еш­теңе ұмытылмайды, өмірімізде болған бар­лық естелікті жадымызда сақтаймыз. Оның үстіне, ата-анаға ешқашан ренжімеу, реніші болса да оның ұмыту деген ұғым жоқ. Әке-шешесі балаға ауыр жарақат салатын, қиын қылмыс жасайтын жағдайлар бар. Олар неге ренішін ұмытуы керек?!

– Интернет пен ақпараттың қолжетімділігі адамдардың өз жарақатын түсінуіне қан­шалықты әсер етеді? Психология жайлы ақ­параттың көп болуынан адам өзіне түрлі жарақатты таңып алмай ма?

– Ақпараттың көптігінен жарақаттану болмайды. Керісінше, әртүрлі мәліметке қолжетімділік жағдайды түсіне түсуге, ол жай­лы қандай да бір ұғым қалыптастыруға кө­­мектеседі. О баста адам жан дүниесінде бір аласапыран барын сезеді, сөйте тұра ол сезімі өзіне түсініксіз болады. Кейін әртүрлі деректі зерттеу, оқу, тыңдау барысында сол ақпарат­тардың ішкі күйіне сай келіп-келмейтінін байқайды. Бәлкім, психология жайлы ақпа­раттардың адамның жас шамасына сәйкес болуын қадағалауымыз керек. Мәселен, жасөспірімдердің ересек адамдарға қатысты психологиялық мәліметтерді білуі ерте деп есептеймін, яғни олардың жасынан бұрын оқымауына көңіл бөлу керек. Олар алдымен өзіне тән табиғи процестерден өтуге тиіс. 

– Қазіргі ата-аналар баласының жарақат алуына әкелетін жағдайдан қалай аулақ бола алады?

– Баланы кішкентай күнінде қараусыз және ұзақ уақытқа қалдырып кетпеуден бастау керек. Әр ана өз нәрестесінің қанша уақытқа шешесіз шыдай алатынын біледі: бірінде – 1 сағат, енді бірінде 3 сағат болуы мүмкін. Бүлдіршін қатты шырқырап жылап, тіпті, қарайтын басқа адам болса да, анасын аңсап қалмауға тиіс. Бала қатты жылап қалған кезде оның психикасында ауыр про­цестер жүріп жатады. Сондықтан балаңыз тым кішкентай, емізулі болса, оны ұзақ уа­қытқа қалдырмаңыз. Сондай-ақ баланың болашағында болғалы жатқан үлкен өзге­рістер жайлы алдын ала түсіндіруге ты­рысу керек. Мәселен, бала мектебін ауыс­тыратын болса, не басқа қалаға, яки үйге көшетін болсаңыз, әсіресе ата-анасы ажырасқалы жатса алдын ала балаға түсіндіріліп айтылуы керек. Бір сәтте «біз ажырасатын болдық» деп әке-шешеге екі жаққа кетіп қалуға бол­майды. Жалпы, жарақат деген не? Ол – адам­ның күтпеген, білмеген жағдайын төбе­ден жай түскендей етіп ескертпестен айта салу. Бала бәрібір ештеңе түсінбейді, ол кішкентай деген оймен оған еш жағдайдан хабар айтпай жүруге әсте болмайды. Отбасы өміріндегі ба­лаға қатысты кез келген өзгерісті кез кел­ген жастағы балаға айтып, ескертіп, түсіндіру керек. Ол өзінің ой өрісі, шама-шарқы жеткенше түсінуге тырысады. Мүмкіндігі жеткенін қабылдайды, жетпегенін фанта­зияға айналдырып алады. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айдана НҰРМҰХАН