Еліміздегі негізгі астықты аймақ саналатын теріскей облыстарда шаруашы­лықтың басы-қасында жүрген шаруалардың шақшадай басы шарадай болып, алған өнімін қалай сақтарын білмей мазасыз күйге түскен.
Астықты аймақтың айтары бар
677
оқылды

Өйткені бәрінің де айтар уәжі бір – алынған өнім сапасыз. Бітік шыққан «сары алтынның» басым бөлігі ыл­ғалды әрі класы өте төмен. Мұнымен қоса, астық қабылдау пунктері мен элеваторлары аузы-мұрнынан шыға толып тұр. Кезек күткен шаруалар элеваторлардың алдын торуылдап бірнеше тәулік бойы кезек күтуге мәжбүр болатынын айтады. Қыруар қаржысы мен алған қомақты несиесін де қайтара алмайтынын айтып шыр­ылдаған шаруалар үшін өнімді сақтап қалудың өзі мұңға айналған... 

Ауыл шаруашылығы мини­с­тр­лігі таратқан ресми мәлімет­тер­ге жүгінсек, Қазақстан биыл гек­тар­­ы­на орташа есеппен 16 цен­тнерден жалпы көлемі 26,5 мил­лион тоннадан астам астық жина­ған. Бұл еліміздегі бұрын­соң­ды болмаған толайым көр­сеткіш. Бірақ оны сақтап, өң­деп және іске жарату әрі сату жайы қазақ шаруаларын аса қат­ты алаң­датып тұр. Өйткені Ресей Қа­зақстанның барлық астығына, онымен қоса қызанақ, бұрыш және басқа да тұқымына түгелдей шектеу енгізіп тастаған. 

Үкімет отырысында елдің Пре­мьер-Министрі Олжас Бек­тенов бұл жағдайда бірінші мәсе­ле жиналған биылғы астықты сақтау және сатудың жолын табу қажеттігін мәлімдеді. Ауыл шар­уа­шылығы министрлігі мен жер­гі­лікті облыстық әкімдіктерге ег­іс­тік алқаптардан орылған ас­тық­ты уақытында жинау, элева­торларда кептіру, астық қабылдау пунктерінде үздіксіз жұмыс ре­жи­міне көшу қатаң тапсырылған. 

Қазақстан астық одағының өкілі Евгений Карабановтың айту­ынша, Ресей ауыл шаруашы­лы­ғын қадағалау басқармасының енгізген шектеуі қазақстандық өнімде үлкен көлемде каран­тиндік нысандар анықталуымен, яғни былтырғы деңгейден үш есе асып кетуімен байланысты. 

«Мұндай факторлар, әдетте бел­гілі бір өңірге ғана қатысты бол­атын. Атап айтқанда, бір өңір­ден өнім жөнелту уақытша жаб­ылатын. Бірақ тұтас елге шек­теу енгізу қандай да бір саяси жағ­дайларға байланысты болуы мүм­кін. Бәлкім бұл Қазақстан 16 та­мызда енгізген астық импорт­ы­на тыйым салумен байланысты болуы да әбден ықтимал. Бірақ Қазақстан тек Ресейге емес тұтас­тай астық импортына тый­ым сал­ған еді. Сондық­тан Қа­зақ­станды бұл мәселеде әдейі осылай жасады деу дұрыс бол­мас еді», – дейді Евгений Кара­банов. 

Сарапшының мәліметін­ше, Ресей ауыл шаруашылығын қада­ғалау ұйымы еліміздің Ауыл шар­уа­шылығы министрлігіне би­дай, тұқым, қызанақ пен бұ­рыш, кей­ін­ірек қауынға да фито­сани­тариялық сертификаттарды беру­ді тоқтату туралы өтініш хат жол­­даған. Артынша тыйым жа­с­ы­­мық тұқымына да жетті.  

– Біз Ресейге жаппай бидай мен жасымықты экспорттап жат­па­ғанымызды түсіну керек. Біз­дің өнім Ресей Федерациясы ар­қы­лы транзит түрінде көп жағ­­­­­­дай­да Қара теңіз және Балтық тең­­ізі бекеттері арқылы Еуропаға өт­е­ді. Ресей ауыл шаруашылығын қа­дағалау мекемесінің соңғы ше­ші­мінде бе­кеттерде жүктерді тіке­лей ау­ыс­­тыру түрінде шектеу­лермен ғана жүзеге асыруға бола­тыны айт­ылған, – дейді сарапшы. 

Евгений Карабанов бұл жағдайда тек Ресеймен шектеу­лерді алып тас­тау жөнінде келіс­сөз жүргізу немесе жана­ма бағыт­тар іздеу қажет деп санайтынын жеткізді. Сарап­шы­ның айту­ынша, бидай сияқты мол­ өнім әдетте сыйым­дылығы 20 мыңнан 50 мың тон­на­ға дей­ін­гі үлкен көлемде тасы­малданады. Сал­ыстыру үшін айтсақ, 20 мың тон­на шамамен 300 темір­жол вагон­ын құрайды. Көптеген бе­кеттің мұндай ірі көлемде өнімді қабыл­дауға қау­қары жоқ. Ресей бір мезетте тең­із­дегі және вагон бекет­­теріне тікелей ауыстыруды қамтамасыз етуді ұсынады. Олай болмаған жағдайда кеме астық­тың вагон­дарға тиелуін күтіп қалып немесе вагондар уақыт­ында тиелмей қаржылық ірі шы­ғындарға әкеліп соғады. 

– Осылайша, еліміз астық өнім­і­нің экспортында елеулі қиын­­дықтарға тап болды. Астық экспорты қазір сыйымдылығы 3-5 мың тоннаға дейінгі шағын көлемде ғана шығарылуда. Бірақ бұлай шығару аса тиімсіз. Өйтке­ні жүкті тасымалдау құны үлкен кемелерге қарағанда әлдеқайда жоғары. Бұл экспорттаушыларды тым үлкен қосымша шығынға ба­т­ырады, – дейді сарапшы. 

Саланың бүге-шігесін зерт­теген мамандар жанама бағыттар бойынша бидайды экспорттау елімізге қымбатқа түсетінін айтады. Алғашқы бағыт Балтық елдері ар­қылы Еуропаға шығу болғаны­мен, бұл жерде Ресей порттары ба­ғыт­ымен салыс­тыр­ғанда өнім­нің әр тоннасы 30 дол­ларға дейін қымбатқа түседі. Екінші Кас­пий теңізі арқылы ортақ дәл­із­бен шығу жолы Бал­тық теңізі елдерінен гөрі тағы 15 долларға артық болып шықты. Бұл бағытта қосымша Әзербай­жан порттық бекеті арқылы бол­ғандықтан тағы қосымша шығын келтірмек. Тағы бір бағыт – Иран арқылы экс­портқа шығару. Бірақ сарапшылар қазіргі сәтте бұл бағытты тек теориялық тұр­ғыда айтып жүргенімен тасымалдау құнының қаншаға түсетінін еш­кім білмейді. Иранда теміржол ин­­фра­­­құрылымы аса дамымаған. Мұнымен қоса, контейнерлер ар­қылы құрлықпен жөнелту су­ және теміржол арқылы ас­тық тасу вагондарымен жөнелтуге қарағанда әлдеқайда қымбатырақ болады.   

Үкіметтегілер астықты негізі­нен Орталық Азия, Ауған­стан және басқа да елдерге экс­порт­тауды жоспарлап отырғанын жеткізді. Үкіметтің соңғы отыры­сында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Қазақстанның астық бойынша экспорттық әлеуеті 12 миллион тоннаға бағаланатынын жеткізді. 

Үкіметтегілер, министр­лік­тегілер «бидайды экспортқа шы­ғарамыз, астықтың шығымы мол» деп езеурегенімен, шаруа­лар­дың уәжіне сенсек экс­порт тү­­гіл өзіміздің ішкі нарыққа ас­тық­ жете ме деген сауал көбірек маза­лады. Өйткені астықпен жыл­­­дар бойы айналысып келе жат­қан диқан қауым биылғы ас­тық­тың шамадан тыс сапасыз­дығын айтып зар илеп отыр. Шаруа­лардың айтуынша, алынған өнімде 3 класты бидай жоққа тән. Бәрі 4-5 класты, бірақ оны өт­кізудің машақаты көп. Қым­батқа ешкім алмайды. 

– Биыл өнім бәрімізде мол шықты. Бірақ сапасы төмен. Еш­кімде Үкімет 110 мың теңге баға ұсынған 3 класты бидай жоқ. 4-5 класты бидайды қымбатқа ал­май­­ды. Оның үстіне, элеватор­ларға жеткізу аса зор шы­ғын шектіріп тұр. Қазір бидайы­мыз небәрі 45-50 мың теңгеге ғана бағаланып жатыр. Бұл оның өзін­дік құнын да ақтамайды. Был­тыр, алдыңғы жылдары 7-8 цент­нер­ден алған­ның өзінде би­дайдың кірісі бола­тын. Биыл шы­ғын шек­песек, кіріс кіреді деп айта алмаймын. Элеваторларда кез­екте тәуліктеп тұрып, оны өт­кізе алмай жатыр­мыз. Шаруалар­дың бәрі қазір дағдарған жағдай­да. Тығырыққа тіреліп тұрмыз, – дейді «Лавровка» ЖШС-ның басшысы Самат Қошанов.

Шаруалар айтпақшы, элева­торлар мен астық қабылдау бе­кет­теріндегі кезек үзілер емес. Би­дайдың сапасы төмендігінен, элеваторларда астықтың молды­ғы­нан баға төмендеп кеткен. Ал­ған өнімді элеваторларға жет­кізіп кептіру және өткізу шаруа­лар үшін үлкен уайымға айналған. Мұны Парламент Мәжілісінің депутаттары да мойындап отыр. 

– Бүгінде астық нарығында ауыр жағдай қалыптасып отыр. Элеваторларда сыйымдылық жетіспейді, бидайды өткізу нары­ғы жоқ. Бидайдың бағасы күн санап түсіп жатыр. Диірмендер тоқтап жатыр. Жүк тиеудің нақты перс­пективасы жоқ. Элеватор­лардың техникалық мүмкіндік­тері астықты жедел түрде қабыл­дап, кептіріп және тиеуге мү­м­­­­кіндік берер емес. Өнім іс жүзінде сапасы төмендетіліп қабылданып жатыр, – дейді Парламент Мәжі­лісінің депутаты Еркебұлан Мәмбетов. 

Вице-пре­мьер Серік Жұман­ғариннің атына сауал жол­даған депутаттың пікірінше, элева­торлардың басым бөлігі «Аз­ық­-түлік келісімшарт кор­порация­сының» астығымен толып тұр. Сондықтан астықты ел­дің ішінде орын ауыстыру мә­се­лесін жыл­дам шешу қажет. Теріскей облыс­тардың элеватор­ларынан неғұр­лым бос оңтүстік элеваторына астық жеткізу қажет. Мұнымен қоса, астықты өткізу­дің жаңа нары­ғы да ауадай қажет. Депутат сонымен бірге астықтың белгілі бір бөлігін астық мол шыққан 2011 жыл сияқты сатып алу мәсе­лесін қарастыруды да ұсынды. 

– Астық нарығында қазір тұр­ған мәселені дереу шешу үшін ас­тықты жылдам экспорттауға ынталандыратын жүк тиеу және жөнелту кезеңінде көлік шығын­дарын субсидиялауды, ҚҚС және басқа да шығындарды жылдам қайтару сияқты жеңілдіктер беру­ді ұсынамыз, – дейді Еркебұлан Мәмбетов. 

Азық-түлік келісімшарт кор­порациясы биыл «Экспорттық партиялар консолидациясы» бағ­дарламасын іске қосқан. Оған сәйкес корпорация ұсақ және орта шаруашылықтарға өнім­дер­ін экспортқа өткізуге көмектес­пек. Корпорация қазір астықты сатып алуға төрт елден ұсыныс түскен. 

– Бүгінде «Азық-түлік келіс­імшарт корпорациясымен Қазақ фермерлерінен жалпы сомасы 14,5 миллион долларға ауыл­ша-р­уа­шылық өнімдерін жеткізуге им­порттаушылармен төрт экс­порт келісімшарттары жасалды. Пилотты контрактыларды жасау­дың оң тәжірибесін одан әрі кө­бейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді корпорацияның баспасөз қызметінен. Корпорация аталған бағдар­ла­ма шеңберінде толып қалған элеваторлар да босатыла­тынын  да атап өтті.

 

P.S.

Қалай дегенмен де, астық нары­ғындағы ахуал қазір аса күр­делі. Түйткіл бірінші кезекте қарапайым шаруалар мен хал­ық­тың шымбайына батқалы тұр. Мол астық жинадық деп дау­рық­қанымызбен, іріп-шіріп кетпесе екен деген қауіп басым...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы