Олар жылқыларды Ақтоғай ауданына қарасты қыстақтардың бірінен қалаға сатуға әкеле жатқан.
Қарағандыда әкелі-балалы 40 бас жылқы ұрлағаны әшкере болды
423
оқылды

Қарағандыда мал ұрлығына қарсы қойылған бекетте ұрланған жылқылар анықталды, - деп хабарлайды Aikyn.kz

2 қараша күні таңғы сағат 04.00 шамасында Қарағанды қаласына кіре берісте орналасқан мал ұрлығына қарсы бекетте тұрған полиция қызмектерлері 57 жастағы азаматтың басқаруындағы КамАЗ автокөлігін тоқтатты. Көлік ішінде жүргізушімен қоса 57 жастағы азамат және оның 29 жастағы ұлы болды. Ал көліктен 40 бас жылқы анықталды.

Жүргізушінің айтуынша, жылқылар 57 жастағы жолаушыға тиесілі екен, алайда тексеріс кезінде жылқылардың нақты оған тиесілі екенін анықтайтын құжаттары болмады. Олар жылқыларды Ақтоғай ауданына қарасты қыстақтардың бірінен қалаға сатуға әкеле жатқаны анықталды. Жылқылардың нақты кімге тиесілі екенін анықтау мақсатында көлік полиция бөліміне жеткізілді.

Криминалдық полиция қызметкерлері жылқыларды суретке түсіріп, Ақтоғай аудандық полиция бөліміне жолдап, кейін олар ауыл тұрғындары отыратын WhatsApp чатқа таратқан. Онда таратылған фотолардың нәтижесінде аудан тұрғындарының жылқысын бағатын бақташы өзіне тиесілі екі жылқыны таныды. 

Қазіргі уақытта барлық жылқы Үштөбе ауылындағы үйлердің бірінің қорасына түсіріліп, ол жерге полиция қызметкерлері күзет қойды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары қылмыстық істің негізінде басқа да жәбірленушілерді және қылмысқа қатысты тұлғаларды анықтау бойынша кешенді шараларды жүргізіп жатыр.