Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: Күзбен қоштасу...
142
оқылды

Бүркеншік аты: Сәруар

 

***

Ез емес ек, кім қалды енді айбынды,

Сен кеткелі:

күн көңілсіз, ай мұңлы.

Мен өзіңнен сұрамаймын ұлы бақ

Тым болмаса бөліп берші қайғыңды.

 

Жыр жазбай-ақ сен туралы тым ұлы,

Табыла ма кәусар мұңның тұнығы?

Толқын болып тұңғиыққа ала кет,

Сезімімдей кесілмеген бұрымы.

 

Сүре ме өмір біздің жазған жыр мәңгі,

Сен - биіксің, аласартпа тұлғаңды!

Кездесуге сылтау таппай қиналам,

Тастап кетсем бе екен әлде сырғамды?

 

Жат құшаққа жалын жыр ма керегі,

Көкжиектей қимай кеткен кең елін.

Жетімсіреп, жаным жылап қалғанда

Сені қатты құшақтағым келеді...

 

МОНШАҚ ЖЫР

 

Мұңнан шекпен тіккен жандай күзді аңсап,

Тізбек құрып тырна оралды бізге ән сап.

Мұз құрсауын жібітпеген көктемдей

Бақыт сонша болғаны ма қызғаншақ?!

 

Жәбір көрген жапырақтай желден құр,

Тамшысы едің жүрегімнің бірден-бір.

Ала таңдай шұғыла боп құйылған

Бақи болған өмір бағын гүлдендір.

 

Таныта алмай өміріме тұспал мың,

Сезімімнің қаламын сан ұштар кім?

Момын көңіл - моншақ жырдың иесі

Қанатындай қалқып ұшқан құстардың.

 

Мәуесіндей жырын көмген шынардың,

Тағдырым да есіміңді сұрар мың.

Кешкі іңірде тамып түскен жасыңды

Мен сезбеген шығармын...

 

***

Ұшыра алмай жанымның кептер мұңын,

Кеудеге кеп шерлі күй кептелді мың.

Жолайырықта жүректер жылай ма екен,

айнып кеткен сезім мен серттен бүгін?!

 

Сағыныштың қиратып тас қамалын,

Тағдыр шертіп шерлі күй, бастар әнін.

Жапырақтай дірілдеп қамсыз көңіл

жанарымды жазықсыз жасқа малып.

(кете бардық..!)

 

содан бері…

көкіректе шерлі күй қалған дәйім,

Құшып жалғыздығымды сор маңдайым.

Ғұмыр сенсіз жолынан адасқан ба?!

Сенсіз бақ та - қасірет, арман да - уайым.

 

Жел айдаған кетер мұң нұсқап қайда,

Адасқақ түн… жауабын түс таппай ма?!

сенің салған әніңдей елеңдеймін,

құс келгенде немесе құс қайтқанда!

 

ұшыра алмай жанымның кептер мұңын,

Кеудеге кеп шерлі күй кептелді мың.

Жолайырықта жүректер жылайды екен,

айнып кеткен сезім мен серттен бүгін!

 

КҮЗБЕН ҚОШТАСУ...

 

Аспан жылайды...

Суық бола ма түн бүгін?

Бұлтқа жасырған сәулеңді, айтшы, кім, Күнім?

Біздің өлкеден тағы күз кетіп барады

Ішіне сақтап сұмдығын.

 

Жылытпас енді құшақ та ыстық жат мұңлық,

Мизам шуақтан бағымды арай таптым нық.

Дәл сіздей мені тастап барады күз тағы

Жаныма жасап сатқындық...

 

Пердесін таңның тамшыдай мөлдір ашқан мұң,

Жалғасын жазып ғазиз ғұмырлы дастанның.

Құстар да "қош" деп, сыңсу әуенін шырқайды

Ұзатып алыс күз-ару қызын аспанның.

 

Ұлпа қар құшқан жапырақ сынды жан сенбей,

Күзгі бақтарда қалып қойғандай нәрсем кей.

Мені суыққа тастап барады жыл құсы

Қатігез екен... дәл сендей.

 

***

Таң сызылды

көктемді аңсап тағы,

жалғыздық - ой! …санадан алшақтадым.

Тәңір-әкем қорыған жалғыздығын,

Үзеді кеп жанымның моншақтарын.

 

Күз сипатып маңдайын жадау мұңға

Сағынуға, аңсауға жаралдым ба?

Босата алмай ызғарлы түн құшағын

Түсіме кір, өтініш, таң алдында…

 

Тентек желдей бағыттан жаңылысқан,

Сенсіздіктің бәрі - сор,

бәрі - дұшпан.

Іңір түссе, жамылып мұң көрпесін

кеткім келді жұтылып сағынышқа…

 

Кеткім келді ғасырдан бақ таласқан

түстерімді ұмытқыш… жаттамас таң.

Біздің жаққа сағыныш ұя салды,

жүрегімді аяшы,

Аспан…

Аспан!

 

ІҢІР

 

Азалы мұң сүйрейді мақпал ғалам,

Жырым қайда?

жадымда сақталмаған.

«Көкем» деген дауысқа жаңғырып кеп

Жауап қатқан (жауапсыз) хаттар ғана!

 

Қас қарайса, сен жайлы сұрайды іңір,

Мұң жамылып жылар түн, жылайды Гүл.

Анам отыр жанары жас боталап

есіне алып сені бір, Құдайды бір.

 

Тілім-тілім кеудем - жыр, қараса анық,

Іңір неге кетті екен жара салып.

Аспанға ұқсап кеткен бе жаным ізгі?

жылай берем көзімнің сорасы ағып.

 

Ой паналап, ұйқысыз түнімді ойлап,

Солғын тартып кеткендей бүгінде аймақ.

Көкжиекке Күн сіңіп кете барды

Іңір жайлап барады… іңір жайлап.

 

***

«хат жазбаймын деп едім, кешір, Күнім»

                                                  Ф. Төлтай.

 

Ерте, ерте, ертенің есімде үні,

Сәттерді аңсап қайтқан құс көшіндегі.

Көңілімді тұмшалап күз оралса,

«хат жазбаймын деп едім!».

– кешір мені…

 

Қасіреттен қойғым кеп жанымды алшақ,

Күбірлейді сенген сәт, сағынған шақ.

Мен көктемге құстардан бұрын жетем,

сен шырқайтын ең ізгі әніңді аңсап.

 

Әкете алмай ертеңге шақтарды аман,

(Сол баяғы жауыр мұң, жаттанды адам).

Қарығанда салқыны қарашаның

жылытатын жанымды хаттар ғана…

 

Жарлы үміттің жанымнан зарын естіп,

Таласа алмас тағдырдың бағына ешкім.

Елегізте беретін ертелі-кеш,

жаңғырыққа жол салып тағы ілестім.

 

Баянсыздау баққа ұқсап есімдегі,

сағыныштың өшкені - өшіргені.

жалғыздыққа жұтылып кетпеу үшін

серттен тайып, хат жаздым

– кешір мені!

 

ЖАУРАУ!

 

Көңілімді тұмшалауға құштар күз,

Жібіместен жүрегімді құшқан мұз.

Жанарына өрнек салған күздей көп

Оралмаған отанына құстармыз.

 

Бақи болған көктем сынды мәңгілік,

Көкжал көңіл жылатады жанды ұлып.

Жапырағы сырғып түскен сезімдей

Мұңлық болу - заңдылық.

 

Сағынышқа сусап қалған көктемдей,

Ғаріп болған күндер қайда өткен кей.

Қаңыраған қаладағы бұл жүрек

Көктемдегі күңіренген көк белдей.

 

"Тәу" еткенмен маңдайдағы бағыма,

Көкжиектей жете алмаспын жаныңа.

Жетім қазбын жалғыз қайтқан еліне

Жаурап жаным бара жатыр тағы да...

 

***

Көшкен бұлттар жазып жатыр тағы өлең,

Тағы да кеп еске салды сені Әлем.

көктемді аңсап келе жатқан жарлы екеу:

сынық қанат көбелегім

және мен.

 

Құстар айтып көктен талай үзік ән,

Сағынышқа боп жүрміз бе біз ұран?

Өбіп кетер самайыңды себепсіз

Іңірдегі самалға да қызығам.

 

Шертілердей кеудемдегі күй ақыр,

Асқақтығың барын білем,

(жия тұр).

«жалғыздығың жайлы мен де білем» деп

сыбырлайды жағалау мен театр.

 

сол театр,

жарық іздер ілкі іңір,

Жас жуады көрерменннің кірпігін.

Сомдап жүрген рөлімізден жаңылдық

Қайғысы да, қасіреті күлкілі.

 

Бұлт ауады, атар талай құла таң,

Көктемді әлі іздеп келем, ұнатам.

Түндерге жыр тамып кетті жанымнан

сынық қанат көбелегім жұбатар…

кім білсін?!

 

***

Адасқан түнде таптырмай жанға жолшырақ,

Жүдеген үміт, жадау көңілді қамшылап…

Кетіп барады бұлт-тағдыр көшіп төбемнен

Бұйыртпай бізге, (Тәңірім!), тағы тамшы бақ!

 

Ғасырдан мылқау есіткім келген дүбір мың,

Бұлт арасына жасырғам сені ғұмырдың!

Қасымда қалшы… Өзекке тепсе өгей жұрт

Құшағыңа кеп тығылдым!

 

Тұмшалап жанды жабырқау үміт таңды ашқан,

Тағдырымды жүр тілгілеп шерлі алдаспан.

Жаныма байлап жоғалып кетсем ғайыпқа

Есенғали мен Жұматайларды шаң басқан…

 

тауып ал мені.

 

***

Жолықпай-ақ жанардағы жақұтсыз

Қалдырар сан санамызға уақыт сыз.

Тәңіріңе табыстай сап тағдырды

Отырмысың бүгін тағы бақытсыз?

 

Жазықсыздау жас көтеріп жанары,

Бұл көктемнің көңілсіз бір бар әні.

Көкейдегі Құдайды іздеп тапшы тез

Көздеріңде көктем өліп барады...