«Поэзия» номинациясы: Елес пен Эверест

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

         Бүркеншік аты: Аспан ұлы

 

ЕЛЕС ПЕН ЭВЕРЕСТ

 

Маған салған тау сынақтың бір ұшын,

Көтере алмас Қарашоқы бір ұшын.

Ғасырдан да ұзақ болған жылдарым,

Мен өзіңді сүрдім екен кім үшін?

 

Мәнсіз сұрақ — менсіз жүрмес, мұң ішім

Ымырт түн тек маған берген ырысын.

Таң басымен тәубесімен іс қылған

Түзу жан боп көрген де жоқ жұмысым.

 

Бір көлеңке естіртеді дыбысын,

Біраз аяқ көрсетеді елесін.

Бәрін қидым жанған шындық күлі үшін,

Бәрін қидым жүрек үнсіз үні үшін.

 

Мен барда Жел тербесе екен тынысын,

Мен барда Жер бұзбаса екен бір ұшын.

Олда, бұлда — не болса ол болсыншы,

Орындалып бітсе екен тек Ұлы ісім.

 

***

Қайран қазақ, көңілдің толқынындай,

Жарты жеріңнің асты толған жарты мұнай.

Қымыз кетсе неміске патент болып,

Қызың кетсе қытайға сор күнің-ай.

 

Талға байлау бір жіптің тағдырын-ай,

Ақ аю мен Айдаһар сен құрымай.

Елге жар ғып ән айтып есінеген,

Ұйқы басқан қайран да елдігім-ай.

Оятады бізді қашан енді Құдай?

 

Өзі өзгермей қауымды өзгертпейді,

Қайғыларды жұт келіп көздеп мейлі.

Бір күнгі тойған, жүрген күнді ойлаған,

Ертеңсіз есер езге сөзде өтпейді.

 

Ел қорғайтын шама бар ұлдар қайда,

Әсерден бәрі қашса құл болмай ма?

Ертең Құдай сақтасын деп айтайық,

Бірақ қорғансыз қалған ел құр қалмай ма?

 

Қызыңды ертең біреу күң қылмай ма,

Артыңа тақаса да мың бір найза.

Езуінен күлкісі кетпеген ез,

Ерлікті ұмыт қылған ұлдар майда.

 

Ойлағаны бәрінің пайда болып,

Неге елім барасың майдаланып.

Малын қиған жаны үшін, ал намысын,

Сақтау үшін жан берген қайда халық?!

 

КӨШЕ

(Өтірік өлең ізімен)

 

Күн батып кеш кіріп,

Көшеде кешкілік

Жүздесіп қайтты бауыр мен дос тұрып.

Ауыл мен маңай да,

Ән салып, талайға

Тұрды үні естіліп.

 

Көше ол — күн жолы,

Құс жолы — ол аспан.

Жалғыздың ізімен жарасқан,

Тағдырдың ісімен таласқан.

 

Сол жолдан тауып ап бір бақыт,

Кетердей іздеумен жүрміз ғой

Төндірмей қара аспан.

 

Дегенмен, өлеңмен

Өзекті тыныш басса да

Арманнан ақыл асса да,

Сұңқардың сорынан —

Мен үшін бақаның бағы асқан.

 

Сұңқар боп сорлауың не керек?

Бақаның хандығы көлінде.

Басқаның ойларын елемек —

Ес емес, ессіздік тегінде.

 

Жәә, сандырақ,

Соқпақ жол, көрген түс

Құрметсіз шығарған төрден түс.

Көшемен кетеміз бәріміз

Себебі, көшемен келгенбіз.

 

Туылған дәл төрде ешкім жоқ,

Сол төрде қалар да кімің бар?

Содан соң, сол жолда елемес

Кеше-ақ сөреде тізілген

Шашылып жатты көп шылымдар.

 

***

Апат, жанған от, қызыл шырақ

Шырылдайды бозторғай, Құдайдан ғұмыр сұрап.

Шырылдайды балапан, келмей жатып кетуге сенбей

Тасиды тасқын жолдары

Өткелі де сәл ары өтуге келмей.

 

Жол, Ай, бозарған бұлттардың елесі

Кеше бар, ал бүгін жоқ адамдай денесі

Ғасырдың тамтығын тасыған сәттермен

Жападан біреу бар өмірге кектенген.

 

Өмірге от құрсап кеудесін біреудің

Қан жылап ұлудың орнына күлермін.

Қарқылдап күлудің орнына жыладым

Сен де дәл мендей боп өтерсің шырағым.

 

Жемқордың желімен, сұңқардың сор күні

Астасып азап боп жатса да барлығы

Жасампаз елміз деп жаңғырық естілді

Соғылып тас жолда ескінің қалдығы.

 

Не бермес, не алған қолдарды құптамас

Сайтанның табаны, сол ма Отан? қыртқан, аш

Суырлар ел билеп, суына түкірген

Күпірмен күн көрген бұл елден сыртқа қаш..

 

Жас қыздың жанары желтілдеп, селкілдеп

Оны да бағады басы ашық кең түрме.

Әке боп, аға боп қамқорлық қылмасаң

Қаракөз аруды өмірге келтірме.

 

Жемтікке тоймаған жетесіз шаттанар

Шоқ болып орамы, барары от болар

Мұнафық діншілден атеист артық боп

Қарғаның ауызы қан көрсе көп қарар

 

Жеттіме соңғы күн, келдіме заманың

Ақырғы қу заман тайды ма табаның

Жалғанды шимайлап кеткендер Құдайсыз

Келеді бір күні  жетеді ажалың.

 

Өтірік иман ғып, өтірік құл  болып

Өтерсің осылай жалмауыз жыл көріп

Шынжыры тозақтың шыншылға бата алмас

Сендерге сол күні орнайды түн болып.

 

ӨЛЕҢ ЕМЕС СӨЙЛЕМДЕР

 

Ол да мені ойладыма деп жүру —

Сенің ғана ойларыңның белгісі.

Сағынсаң да жоқ болған сол елесті,

Тартылыстан қатты сезер Жер күші.

 

Тәтті естелік күлдіреді жүректі,

Мұңын түртіп ол да өзінше алдамақ.

Басы бүтін, соңы ғайып тілекті —

Қабыл болмағаны үшін ол қарғамақ.

 

Хош, сені кім есіркейді өмірде

Өзіңді өзің оятпасаң таң сайын.

Әлдекімге алаңдаулысың неге,

Шашылады неге күнде мұнша ойың?!

 

Анаң сипар басыңнан тек балам деп,

Ал қалғаны алақанның жолдары.

Бүлінсе де быт-шыт боп бар ғалам кеп,

Дұға сұрар ізгі жанның қолдары.

 

Жолықтырмас сендік жанды соқпақта,

Ол өмірдің саған берген сорлары.

Тастап кету, аттап кету арманнан —

Ол тағдырға сенің салған торларың.

 

Білесің бе, мен мыңы рет өліппін,

Бір тірілу кем болып тұр ал қазір.

Мың рет түсте мың бейнеге жолықтым,

Құрап алар құласам да қолда жыр.

 

Танысы көп, іздері жоқ бұл жердің,

Алматы деп атын қойды ел қазір.

Қаржысы көп, қарыны ашқан біреудің,

Алдында тұр түсініксіз бар мәзір.

 

Кептеліскен кепілің жоқ тағдырға,

Енді төгіп, шашып неңді бересің?!

Тоң мінезің тек өзіңді тоңдарған,

Сөксең де енді, тек өзіңді сөгесің!

 

Әлі сағым сағынасың өткенді,

Ал ол болса көрсетпейді елесін.

Жақсылықты Алла сыйлар депті енді,

Ал жамандық өз ісіңнен көресің.

 

Ұста қайда, ұстап жүрген балтасын

Жасап берер мұңнан өтер кемесін.

Енді сеніп берсең балға біреуге,

Басыңа кеп қадап кетер шегесін..

 

ӨТЕДІ ӨМІР, ӨЛГЕНДЕ НАҒЫЗ МАХАББАТ!

 

Өтеді өмір, өмір — ол өзен аққан бір,

Ақында күй боп, тамылжып бітпей жатқан жыр.

Арудан қалып, ауырған жанның емін де,

Ес кетіп іздеп өлеңнен ғана тапқан сыр.

 

Қайсы бақытың, қайсы бақытың, барма ол?

Сабылып іздер оны да жатыр алда жол.

Бақыт дегенің — сенің қазіргі сәтің ғой,

Кеше мен ертең жалғыз шайтанның қармағы ол.

 

Сен сүйген сұлу, сезімсіз өшкен сандырақ

Сен сенген жігіт, өзгеге жатыр ән құрап.

Байысаң әсте бояудың бәрі жиылып,

Ұнатқан сені қыз болып алдап, нандырат.

 

Махаббат өлген, көзінде құмар жігіттің,

Махаббат болған қызыңа кілт пен көліктің.

Өзіңдей сүйген өзіне ғана керегін,

Жаманға бола жас жігіт неге желіктің?

 

Өлген махаббат жанарды енді тұмшалап,

Келмейді сірә, шақырсаң дағы бір сағат.

Кілтің де құрсын көрінген құлпы іздеген,

Итің де құрсын қоқыс боп қалған мұлжалап.

 

Ақшаны арман, алдауды сезім деп көрген

Бұл ғасыр жүгі — дүниемен ғана шектелген.

Жүректі жұлып, қалтаны қалың қойғанмен

Ожданың сенің бәрібір өзіңді жек көрген.

 

Асты сат солай, басты сат солай, сат бәрін

Сатылмас бірақ, ойлашы алда сәт барын.

Махаббат өлген, іздесең оны егер де —

Ажалға қарай асығып бара жатқаның!

 

****

Біреуді сүйдің, біреуді ұмыт қылдың да,

Біреуге бердің жазықсыз гүлді жұлдың да.

Біреуді мұңлы тастадың мынау тағдырда,

Біреуді бірақ теңедің бітпес мың жылға.

 

Ей, мендік жүрек ес кеткен сенде не осы?

Әлде бәрі де шайтанның ма екен жебесі?

Сен сонда дағы далбасаларға сенесің,

Қисық ағаштан салумен өмір кемесін.

 

Сезім сандырақ, ол бүгін алдап ертең жоқ

Кезің ал бірақ шат күлер әлі келген жоқ.

Бақытты өзің іздейсің, бірақ жол білмей

Табуға саған оны ешкім УӘДЕ берген жоқ.

 

Уәде өтірік, оранған көрпе секілді

Ұйқыға кетсең қалдырған ашық шетіңді.

Бәріне сенген, бәріне берген қолыңды —

Қайтармай өмір, қайтарды ма екен бетіңді?

 

Не болды сонда, бітті ме шамдар жағатын?

Не болды сонда, келді ме таяу сағатың?

Арманға бастар адасқан жолда ағатың,

Таңдарға бастар таусылды ма екен тағатың?

 

Махаббат — малта, езгілеп соны іше бер

Кемесі кеміс, теңізге мейлі, түсе бер.

Өнерді өмір деп білсең, өмір ол — сезім

Тек сезім ғана — дүниеге біткен күшті өнер.

 

Шексіз теңіз де — шексіздіктердің шеті емес,

Екі өмірде де есіңді алған екі елес

Адамды өртер тозақта білсең от емес,

Өртейді ождан, өзгесі ауыр зат емес.

 

Ожданды сүйсең, көбелек сезім келмейді

Адамды сүйсең арманың сірә өлмейді.

Адамды көмер адамзат білсең — бос арман,

Ал, топырақтар көмбейді!