Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Әскери-патриоттық тәрбие мәселелері талқыланбақ
214
оқылды

Бірінші оқылымда депутаттарға білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Үкіметтің түзетулері мен әскери-патриоттық тәрбиеге қатысты Парламент депутаттары ұсынған заң жобасын қарау ұсынылады.

Білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баламалы түрде кәсіби қабылдаушы отбасына орналастыру көзделеді. Балалар анықталған сәттен бастап мұндай отбасына балалар үйіне жіберілмей-ақ, қамқоршы немесе қорғаншы орган мен қабылдаушы тәрбиешілер арасындағы келісімшарт негізінде беріледі. 

Әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі депутаттар бастамашы болған заң жобасы азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің бірыңғай жүйесін құруға және осы жұмысқа барлық мемлекеттік орган мен ұйымдарды тартуға бағытталған. Осы мақсатта Қорғаныс министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар жанынан әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестерін құру ұсынылады. Бұдан басқа, азаматтарға әскери жиындарға шақыртусыз және күнделікті жұмыстарынан қол үзбей-ақ, тұрғылықты жерінде әскери оқу орындарында, білім беру ұйымдары жанындағы әскери кафедраларда (факультеттерде), сондай-ақ әскери-техникалық мектептерде ақылы негізде әскери дайындықтан өту мүмкіндігі беріледі. Оқу жұмыстан тыс уақытта және өндірістен қол үзбей жүргізіледі.

Сонымен қатар Мәжіліс Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтас­тығы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қарайды.