Ұлытау облысында Қаныш Сәтбаев атындағы республикалық олимпиада өтті. Академиктің 125 жылдығына орай ұйымдастырылған жарысқа химия пәні бойынша бақ сынау үшін еліміздің әр өңірінен 9-11-сынып аралығындағы 78 оқушы келді.
Ұлытауда Ұлы академик ұлықталды
267
оқылды

Жезқазған қаласында өткен олимпиаданың ашылу салтанатында  Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков жас ғалымдарға сәттілік тілеп, ұйымдастыру ісіне қолдау көрсеткен  Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығына, «Қазақмыс» корпорациясына, The Ulytau Educational Foundation қайырымдылық қорына алғысын жеткізді. Сонымен қатар жиынға қатысқан Президенттің ғылым және инновациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі, Ұлытау облысының құрметті азаматы, ғалым Күнсұлу Закария ізденімпаз жастарға ізгі ниетін білдірді. 

Іс-шара барысында Ұлытау облысына қарасты қала-аудан мектептерінің оқушылары мен жас ғалымдары көрме ұйымдастырып, тәжірибелерімен бөлісті. 

Қазылар алқасының төрағасы  Құрманғали Бекішев  үздік нәтиже көрсеткен оқушыларды ІІІ дәрежелі дипломмен марапаттаса,  ІІ дәрежелі диплом алғандарды  «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Ғаждембек Тұрсынов,  І дәрежелі диплом иелерін Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Зина  Ақылбекова құттықтады.

The Ulytau Educational Foundation қайырымдылық қоры басшысының бірінші орынбасары Серік Әбенов Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен ұйымдастырған Қаныш Сәтбаев атындағы республикалық химия олимпиадасында жоғары жетістікке жеткен оқушыларға және командаға «Үздік олимпиадалық команда» аталымын, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті және Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар Педагогикалық университетінің гранттарын табыстады.

Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің грантын Павлодар облысы дарынды балаларға арналған №8 лицей мектебінің оқушысы Ярослава Кравчук, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Санжар Жакубов иеленді. 

Қызылорда облысы С.Шаухаманов атындағы №9 білім инновация лицей интернатының оқушысы Арен Теңізбаев пен  Астана қаласы Canadian International School оқушысы Равиль Тарих болса Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар Педагогикалық университетінің грант иегері атанды.

Олимпиада қорытындысы бойынша Канада елшілігінің ауыспалы кубогі Павлодар облысының командасына табысталды.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның «Жезказганцветмет» өндірістік бірлестігі филиалының бас директоры Жасұлан Байниязов ең жоғары балл жинаған Павлодар облысы дарынды балаларға арналған №8 лицей мектебінің оқушысы Ярослава Кравчукты құттықтап, арнайы сыйлық табыстады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Ұлытау облысы