Республикалық маңызы бар Қызылорда-Жезқазған күрежолының игілігін көретін күн алыс емес. Қазір автожолдың Сыр өңіріне тиесілі аумағында қайта жаңғырту жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.
Күрежолдың игілігін көрер күн жақын
722
оқылды

Талай жыл жырға айналған тасжолдың бүгінгі күйі көңіл жадыратады. Жолшылар жол құрылысы қарқын алған үш учаскеде толықтай асфальттау жұмыс­тарын бітіріп, ел игілігіне пайдалануға беруге тастүйін дайындалып жатыр. Көлік министрлігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Сапа керуені» баспасөз турында Автомобиль жолдары комитеті, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» және «Қазавтожол» компаниясының мамандары бірлесіп, автожолдың қазіргі күйімен таныстырды.

Бұған дейін аталмыш жолға қатысты қордаланған мәселе көпті толғандырып келді. Халық тарапынан айтылған сын-ескерт­пелер аз болмады. Бәрінің тілегі бір. Жолға шыққан жамағаттың қауіпсіздігін назардан тыс қалдырмай, жол құрылысы сапалы жүргізілсе деген мақсат. Бұл тұрғыда арнайы жол мамандары бәрі талапқа сай жасалып жатқанын жеткізді. 

«Қазір екі өңірдің арасын жалғайтын автожолдың Қызылорда облысына қарасты бөлігінде тиісті жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Басты мақсат – санға емес, сапаға көңіл бөлу. Жолшылар жұмыс сапасын бір сәтке де назардан тыс қалдырған емес. Бүгінде күрежолдың Қызылорда облысына апаратын 90 шақырымы пайдалануға беріліп, жол белгілерін орнату мен таңбаларын сызу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аясында жол жиегін тегістеу, абаттандыру жұмыстары да атқарылатын болады. Нақты уақытта күрежол бойында 700-ден астам жұмысшы тер төгіп жүр. Жұмысшылардың басым көбі жергілікті жердің тұрғындары. Жолды 2025 жылы толық аяқтап, ел игілігіне пайдалануға беретін боламыз», – дейді жол құрылысының жұмысымен таныстырған Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы Нұртілек Хасенов. 

Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұрған автожол құрылысы бір сәтке тоқтаған емес. Мамандардың пікіріне сәйкес, нақты уақытта Сыр мен Ұлытау өңірінің арасын жалғайтын 450 шақырым жолдың 192 шақырымына қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде, 3 учаскеде үш қабат асфальт жабындысы төселген. Жалпы құны 72,7 млрд теңгені құрайтын жобаны жүргізуге 5 мердігер компания тартылған. Мердігерлердің төртеуі қытайлық болса, біреуі жергілікті «Қыран» компаниясы болып табылады. 

Жол құрылысының сапасы құзырлы орындар тарапынан қатаң бақылауда тұрғанын жоғарыда атап өттік. Бұл тұр­ғыда мердігер компаниялар да жауапкершілікті сезініп отырғаны аңғарылады. Ең бастысы, Еуропалық даму және қайта құру банкі арқылы қаржыландырылған жобаны жоғары сапада жүргізуді «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК мамандары ұдайы бақылауда ұстап отыр. 

«Күрежолды қайта жаңғырту жұмыстарына жүрдім-бардым қарауға жол берілмейді. Мемлекет тарапынан қойыл­ған басты талап осы. Соған сәйкес, әрбір атқарылған жұмыстарды ұдайы бақылауда ұстап отырмыз. Өйткені автожол құрылысынан қандай да бір ақау шықса, оған мердігер компания тікелей жауапты болып табылады. Осы орайда жол сапасы бойынша мердігерлерге 5 жылға кепілдік мерзімі қойылып отыр. Осы жылдар аралығында кемшіліктер болса дер кезінде қалпына келтіруге міндетті. Осы мақсатта жылжымалы зертхананың көмегімен жол сапасына тұрақты түрде зерделеу жұмыс­тары жүргізіліп отыр. Нәтижесінде, үш учаскедегі жолдың тегістігі 98 баллдық жүйемен жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр», – деді бұл жайында «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК бас директоры Болатбек Айтбаев.

Осы орайда айта кеткен абзал, биыл жол сапасын зерделеу орталығы арқылы 1024 рет тексеру жұмыстары жүргізілген. Соның негізінде жол жабындысы мен құрылыс материалдарынан 4,2 мың сынама алынса, оның 20 пайызы талапқа сай еместігі анықталыпты. Соған сәйкес, мердігер өз қаржысы есебінен 167,1 млн теңгеге қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізгені мәлім болды.

Жол құрылысына тартылған жергілікті жалғыз мердігер «Қыран» компаниясы өзіне тиесілі аумақты толықтай аяқтап отыр. Бүгінде күрежол бойында демалыс орындарының құрылысына кіріскен мердігер межелі жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауға мүмкіндіктері мол екенін алға тартады. 

«Автожолды қайта жаңғырту бойын­ша тиісті жұмыстарды 2022 жылдың сәуір айында қолға алдық. Негізінен, бізге жолдың 127 мен 156 шақырым аралығы тиесілі. Яғни, 29 шақырым жолды қалпына келтіру міндеті жүктелді. Бүгінде бізге тиесілі 29 шақырымның үш қабатының жабындысы толығымен аяқталды. Сондай-ақ жол белгілерін қою мен жолақтарын сызу жұмыстарын да бітірдік. Нақты кезеңде жолаушыларға арналған демалыс орындарының құрылысын жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыстарға 150-ден астам жұмысшы мен 90 бірлік жол техникалары жұмылдырылды», – дейді «Қыран» ЖШС-ның жоба жетекшісі Есентай Өмірзақов.

Жалпы, 2025 жылдың аяғына дейін Сыр өңіріне тиесілі жол бөлігін толықтай аяқтап, ел игілігіне пайдалануға беру жос­­парланып отыр. Ал келер жылдан бас­тап Ұлытау өңіріндегі күрежолды қайта жаңғырту жұмыстары бастау алатыны мәлім болды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы