Қаратал ауданының шалғайдағы ауылдарында жылдар бойы жұртты мезі қылып, жақсылықтан үмітін үздірген про­блеманың бірқатары биыл шешімін тапты.
Көпбірлікте жаңалық көп
237
оқылды

Сондай елді мекендердің бірі – балықшылар тұратын Көпбірліктегі көп мәселенің басында күйі кеткен күре жол тұрған болатын. Бұл жолға бұған дейін бірнеше рет қаржы бөлінгенімен, мердігерлер күрделі жөндеуді қайта-қайта сиырқұйымшаққа салып, ақырында жолды да қатырмай, бөлінген  ақшаны да су аяғы құрдымға жіберіп тынғаны есімізде. Сонымен бірге Балқаштай кішігірім теңіздің жағалауындағы ауылда ауызсу да үлкен проблема еді. Таза сумен қамтуға да бірнеше рет қаржы қарастырылғанмен, олар да жолға бөлінген қаражаттың кебін киген. Бұдан басқа да проблемалар жетіп артылатын шалғай ауылдың шырайы кіретін болды.

Қаратал ауданына  жұмыс сапарымен барған облыс басшысы жылдар бойы жыр­ға айналған жолдың біткені туралы айтты. Айтып қана қойған жоқ, онда ат­қарылған жұмыстарды өз көзімен көріп қайтты.  

«Үштөбе – Алмалы – Көпбірлік» авто­мобиль жолының жалпы ұзындығы – 176 шақырым, соның 137 шақырымы жөнделсе,  оның 78,5 шақырымы биыл төселіпті. Ал қалған бөлігі жақсы және қанағаттанарлық жағдайда екен. 

Көпбірліктен Алмалы ауылына дейінгі ұзындығы 28 шақырым жол бөлігіне 2021 жылы орташа жөндеу жасалыпты. Жолдың қалғанының жұмысы төрт бөлікпен атқарылған көрінеді.

– Былтыр жалпы ұзындығы 30 шақы­рым болатын учаске жөнделді. Бүгінде автотрассаның 40 шақырымына, яғни 90-147 шақырым бөлігіне асфальт төселді. Қазір абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар 10 қарашаға дейін бітеді. Трас­са­ның екінші және үшінші учаскелер­інде де жөндеу аяқталып, пайдалануға берілді. Жолдың  барлық учаскесі асфальт­талды. Жобаның құны 4,9 млрд теңгеден асады. Жол 3-ші санатты, жүру бөлігінің ені – 7 метр, – деді жол құрылысы туралы баян­даған облыстық Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев.

Облыс әкімі жөндеу жұмыстарының сапалы атқарылғанын атап өтіп, мердігер ком­пания жұмысшыларына істі уақытылы аяқ­тағаны үшін ризашылығын жеткізді.

– Халықпен кездесулер кезінде тұр­ғын­дар Көпбірлік ауылына баратын жол­дың мәселесін жиі көтеретін. Осыған байланысты оны жөндеуге қатысты нақты шара­лар қабылдадық. Қазір толық жөн­деліп бітті. Бұл трассамен жүк көліктері көп жүрмейтіндіктен және жұмыс сапалы орын­далғандықтан, жол кемінде он жыл қыз­мет етеді. Көпбірлік – шалғайда жат­қан ауыл. Алдымен оның жолын жасадық, сосын ауызсу сапасын жақсарттық. Бұдан әрі де шалғайдағы және шекаралық ауыл­дарды дамытуға бағытталған нақты жос­пар­лар бар, – деді Бейбіт Исабаев.

Ауызсу демекші, Көпбірлік ауылында бұл мәселе де  шешімін тапты. Ауылда орта­лықтандырылған су құбыры болғаны­мен, соңғы жылдары тұрғындар тұзды су ішуге мәжбүр еді. 2010 жылы ауылда су­мен жабдықтау жүйесі қайта жаңғыртыл­ған. Жаңа желілер салынып, тереңдігі 100 метрден асатын ұңғыма қазылып, тұщы­ландыру қондырғысы орнатылды, ысырмалары ауыстырылды. Бірақ қыруар қаржы жұмсалған жоба дұрыс нәтиже бер­меген. Соңғы жылдары судың тұздылы­ғы литріне 5,9 грамнан 8 грамға дейін өсіп, тұрғындар таза суға зәру болып қал­ған. Ақыры  бюджеттен қаражат бөл­ініп, мәселені шешуге қажетті шаралар қа­был­данды. Атап айтқанда, 2 шақырым  желіге қайта жаңғырту жүргізіліп, жаңа су мұнарасы тұрғызылды, оған қоса тұздану деңгейі литріне тіпті 12 грамға жет­кен күнде де суды тұщыландыруға қуа­ты жететін жаңа қондырғы орнатылды. 

Көпбірлік ауылының тұрғындары облыс әкімімен жүздесуге жуырда пайда­лануға берілген денешынықтыру-сауық­тыру кешенінің алдына жиналды. Олар ауылға келетін жолдың жөнделіп біткеніне және ауызсудың сапасы жақсартылғанына  ризышылығын білдірді. 

– Көпбірлік – облыстың ең шалғайдағы ауылының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз облыс орталы­ғына жақын елді мекендерді ғана емес, алыс жатқан ауылдарды абаттандыру мен дамытуға ерекше көңіл бөлудеміз. Халық­тың өмір сүру сапасын жақсарту үшін ең бірінші сапалы ауызсу, жол, жарық және әлеу­меттік нысандар керек. Тұрғындар тұр­мыстың жақсарғанын сөз жүзінде емес, іс жүзінде сезінуі тиіс. Сіздердің ауыл­ға келетін жолды жөндеп бітірдік, ауызсудың сапасын жақсарттық, денешы­нық­тыру-сауықтыру кешенін, ауылдық әкім­дік салып бердік. Енді сіздердің өтініш­теріңізге сәйкес кітапханасы бар мәдениет үйі тұрғызылады. Екі ауылдық округке ортақ өрт сөндіру депосын құрып, қажетті техникамен қамтамасыз етеміз. Сол сияқты көшелерді жөндеуге, жарық­тан­дыруға назар аударылады, – деген облыс басшысы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатындағы осындай жұмыстар әлі де жалғасатынын жеткізді. 

– Ұзақ жылдардан бері біздің шалғай­дағы ауылға арнайы келген бірінші облыс әкімісіз. Бұл ауылдықтардың мәселесі наз­ар­дан тыс қалмайтынын көрсетеді деп ойлаймын. Мысалы, ауылымызда заман­ауи денешынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Мұнда балаларымыз дзюдо, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисінен секцияларға барып, спортпен айналысуда. Осы жерден мықты чемпиондар шығады деп сенеміз. Ендігі бір тілегіміз, осы спорт кешенінің артында орын бар, сол жерге балалар үшін воркаут алаңын салып берсеңіздер, – деді ауыл тұрғыны Нұрлан Бердахметов.

Тағы бір тұрғын ауыл балаларын түрлі жар­ыс­қа апару үшін шағын автобус бөлін­се деген тілегін жеткізді. Облыс әкімі айтылған ұсыныстарды қолдап, аудан әкіміне және басқа да тиісті лауазым­ды тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Балқаш көлінің жағалауына апаратын 2,5 шақырымдық жолдың мәселесіне де назар аударды. Тұрғындардың  айтуынша, жаңбырлы күндері жағалауға жету қиын.  Облыс әкімі аталған жолға қиыршық тас төсеуге қаржылай көмек көрсетілетінін айтты.

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы