Күнделікті өмірде ірі қала тұрғындары көшеде бебеулеп жүйткіп бара жатқан же­дел жәрдем көлігіне көз салмайды да.
Жедел жәрдем – жанға дәрмен
260
оқылды

Ал егер жедел жәрдем стансасына бас сұқса, жон арқасы мұздап қоя берер еді. Сырқаттардан алғыс емес, шағым ғана естуден шаршаған, өмір мен өлім арасындағы арпалыстан көңілін мұң шал­ған, кірлеген киімін ауыстыруға ша­масы қалмаған фельдшерлер... Жа­ла­қының аздығынан, жұмыс жүктеме­сінің ауырлығынан жаны күйзеліп, жа­нары тұнжыраған жүргізушілер... Ден­саумин елде жедел жәрдемнің 2 359 көлігінің небәрі 1 920-сы жүріп тұр­ғанын айтады.

Көлігінің ішіне мұң толтырған қызмет

Жетесіздердің дәрігерлерге ғана емес, жедел жәрдем жүргізушілеріне жұдырық ала жүгіріп, төбелесіп-төмпештеу оқиғалары қоғамда резонанс тудырғаны мәлім. Осыған байланысты биыл жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттыру мақсатында өңірлерде арнайы жұмыс жоспары әзірленді. Мысалы, қоғамдық пікірде дүмпу туғызған оқиғалардың бірі болған Қарағанды облысында Қарағанды, Теміртау, Сораң, Шахтинск, Абай, Балқаш қалалары мен аудандарына қатынайтын 80 жедел жәрдем машинасына салонын және айналасын түсіріп тұратын бейнекамералар орнатылды. Төрт камера жүргізушіге, алдыңғы әйнек пен көліктің артқы жағына және салонға бағытталған.

Бұл бейнебақылау жүйесі Жедел басқару орталығына, жедел жәрдем диспетчерлік қызметіне қосылды. Мұндай шара, әрине жедел медициналық көмек (әрі қарай – ЖМК) қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттырады, оларға қауіп төнсе жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Бірақ саладағы проблема тек қауіпсіздікпен шектелмейді. Жедел медициналық жәрдем өкілдері жалақының аздығына, көліктердің ескі-құсқылығына, жиі сынатынына, тіпті жанар-жағармайдың жетіспей қа­латынына шағымданады. Мысалы, бұдан біраз бұрын Түркістан облысында болған оқиға салада қалыптасқан жағдайдан хабар береді. Жедел жәрдем автокөлігінің жүргізушісі Қызылбаевқа қатысты «қатаң сөгіс» түрінде тәртіптік жаза шарасы қолданылыпты. Бұл қыз­метте түрлі оқиға кездеседі: асыққан жүр­гізушілер жол жүрісі ережелерін бұзып жатады, қауырт шақта кілт бұрылып аударылады, өзге көлікті соғып, жол апа­тына ұшырайды, тіпті адам қаққан жағдайлары болып тұрады. 

Ал мына кісіге мұндай жаза «өз міндеттемелеріне салғырт қарап, жауап­сыздық танытқаны үшін» жария­ланыпты. Ол неден байқалған? Ибрагим есімді әріптесінің әңгімелеуінше, Қызылбаев 4 маусым күні таңғы жетіде ауысымына уақытылы келіп, машинаны қабылдап алды. Тексеруден кейін бакқа ең құрығанда толтырыңқырап бензин құйып беруді сұрайды. Механик: «Кезекшілігіңе жетеді!», – деп, өтінішін орындаудан бас тартқан. Жалпы, басшылар жедел жәрдем машиналарының жүргізушілеріне сенім білдірмей, күдікпей қарайтыны жасырын емес. «Олар қосымша табыс табу үшін жанар-жағармайды жолай бөгде біреуге құйып береді» деген сезікпен қазір ЖМК көліктерінің бактарына пломба қойып тастау тәжірибесі қолданылады. 

Қызылбаев түн ауа, кезекшілігінен кері оралып келе жатқанда, стансаға жетпей, көлігі тоқтайды. Бензині тау­сылып қалған. Жүргізуші таңғы үш жарымда дереу механикке хабарласып, одан келуін және пломбаны алып тас­тауын өтінеді. Сонда ол өз ақшасына бензин құйып, стансаға оралады. Жүргізушілерге пломбаны өз бетінше шешуге тыйым салынған! Механик келмеген соң амалсыз пломбаны өзі алып, сатып алған бензинін құйып, стансаға оралады.

Қара басын қорғаштаса керек, 5 маусымда механик жандәрмен жүргізушінің үстінен «докладной» жазады, оның бөгде жанар-жағармай стансасынан бензин алғанын, өз ісіне жауапсыз қарағанын мәлімдейді. Жүргізушінің дәйектемелерін де қоса келтіреді. Аға дәрігер соған сүйеніп, ЖМК стансасының басшылығына баянат жолдайды. Ол өз кезегінде істің байыбына тереңдемей, қатаң сөгіс береді, жүргізушіні сыйақысынан айырады. Демек, жауапкершілік танытып, қалтасынан шығын шығару орнына жүргізуші көлікті бос багындағы бүтін пломбасымен бірге айдалаға тастап кетсе, жазаланбас па еді?!

Суасты иірімдеріндей көзден таса жүретін мұндай «хикаялар» жетерлік. Оның бәрі онсыз да ұнжырғасы түскен жедел медициналық көмек қызметкерлерінің жігерін жасытады, кәсібін тастап кетуіне итермелейді.

Жедел жәрдем кешікті, ел өшікті

Жедел жәрдем қызметінің қандай жағдайда екені былайғы жұртқа бәрібір, бұл олардың бас қатыратын шаруасы емес. Халық үшін маңыздысы – оның уақытында жетуі. Мысалы, Қостанай облысының Жітіқара ауданының тұрғыны Гүлжайна тосыннан қан қысымының қатты көтерілуіне байланыс­ты жедел жәрдем шақыртады. Онысы жедел жеткен, дәрі еккен. Сырқаттың шағымдануынша, жағдайының жақсаруын күтіп отырмай, басқа шақыртуға шұғыл аттанған. Ол кеткен соң науқас­тың дене­сінің бір жақ бөлігі сал болып қалыпты.

Қостанай облысының Денсаулық сақтау басқармасы фельдшердің сыр­қатқа тиісті көмек көрсеткенін және 15 минут бойы қан қысымын бақылағанын хабарлады. Бастапқы медициналық құжаттамаға сәйкес, тексеру барысында әйел басының ауыратынына шағымданған екен. Таңғы он бірден кете қайтара шақырту түсті. Сонда науқас орталық аудандық ауруханаға жатқызылыпты. Оның туысқандары қуынып жазған арызды қарау нәтижесінде сала шенеуніктері бірінші шақыртуға барған фельдшер К.А. «медициналық көмек көрсету алгоритмін сақтамады» деп таныды және оған қатыс­ты тәртіптік жаза қолданды. 

Төбе шашты тік тұрғызар тағы бір деректі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков айтып берді. Оның пайымдауынша, еліміздегі жедел медициналық көмек (ЖМК) көрсету қағидаларын қайта қарау өте маңызды. 

– Қағидаларда дәрігерлік бригаданың пациентке дейін жету уақыты айқын белгіленген. Дегенмен ірі қалалардан бастап, кенттер мен ауылдарға дейін жедел жәрдем қызметі нормалы уақытта жетпейтінін жиі естиміз. Мұндай жағдай жақында біздің әулетімізде болды. 23 шілдеде әкем кенеттен ауырып, сағат 13:50-де жедел жәрдем қызметін шақырттық. Ол 30 минутта келді. Бұл аралықта әкемнің жағдайы нашарлап қалған-ды. Шымкенттің жедел медициналық жәрдем көрсету стансасы қағидалар бойынша 2-ші жеделділік санатындағы сырқатқа 15 минутта жетуге тиіс еді. Бірақ кешіккеннен кейін тиісті жәрдемін көрсете алмай, әкемізден айырылып қалдық, – деді депутат Д.Исабеков.

Оның айтуынша, жедел жәрдем өз уақытында келсе, Қазақстан бойынша көптеген азаматты ажалдан арашалап қалуға болар еді. Депутат қағидалардағы нормалар көп жағдайда сақтала бермейтінін, кейде жедел жәрдем бір сағаттан көп кешігіп жететінін айтады. 

«Мұны қалай «жедел жәрдем» деп атауға болады?», – деген ол Денсаулық сақтау министрлігіне үш ұсыныс енгізді. Біріншіден, жедел жәрдемнің пациентке жететін уақытын қайта қарап, әлем елдерінің тәжірибесін зерттеу қажет. Екіншіден, жедел жәрдем қызметтерінің бір бөлігін жекеменшік секторға беріп, бәсекелестікті арттырып, сервистік қызмет саласын жетілдірген жөн. Үшіншіден, депутат барлық жедел жәрдем бригадасының жұмыстарына тексеру жүргізуді, мамандарының біліктіліктерін қатаң бақылау жасауды талап етті. 

Адам өмірі жеделділік санатына тәуелді

Денсаулық сақтау министрінің «Жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып көрсету қағидаларына» сәйкес, жедел жәрдемнің келу уақыты жеделділік санатына байланысты. ЖМК диспетчерінің шақыртуды өңдеу уақыты 5 минутты құрайды, осы уақытта ол шақыртуды жеделділік санаты бойынша іріктейді.

Жеделділік санаты қалай анық­талады? Тұрғын 103 нөміріне хабарласқанда диспетчер пациенттің өзінен, оның өкілінен не болғанын, науқастың жағдайын (анамнез), оның аты-жөнін, жасын, мекенжайын, телефонын сұрайды. Содан соң диспетчер жеделдік санатын өзі анықтап, барлық деректі жедел жәрдем бригадасына тапсырады.

Қағидаларға сәйкес, Қазақстанда жедел медициналық көмектің барлық шақыртуы 4 жеделділік санатына бөлінеді. 1-ші жеделділік санатындағы шақырту – өмірге тікелей қатер төндіретін пациенттің жай-күйі, ол шұғыл медициналық көмек көрсетуді талап етеді. Фельдшерлік және мамандандырылған дәрігерлік бригадалардың ЖМК диспетчерінен шақыртуды қабылдаған сәттен бастап, пациенттің тұрған жеріне дейін жету уақыты – 10 минуттан аспауға тиіс. 

2-ші санат – медициналық көмек көрсетпесе, адам өміріне әлеуетті қауіп төндіретін пациенттің жай-күйі. Жету уақыты – 15 минутқа дейін. 3-ші санат – медициналық көмек көрсетпесе, адамның денсаулығына әлеуетті қауіп төндіретін пациенттің жай-күйі. Жету уақыты – 30 минутқа дейін. 4-ші жеделділік санаты – жіті аурудан немесе созылмалы ауруының асқынуынан туындаған, ағзалар мен жүйелердің кенеттен болған және айқын көрінетін бұзылуларынсыз, пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және әлеуетті қауіп төндірмейтін жай-күйі. Бригада 60 минуттан кешікпей жетуі керек. 

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың дерегінше, жедел жәрдем стансалары шақырту қабылдағанда, пациенттің көбісін – үштен бір бөлігінен астамын «асықпайтын» санатқа жатқызатын көрінеді. Салдарынан, көп науқасқа көмекті зарыға күтуге тура келеді.

– Жедел медициналық көмектің барлық шақыртуы 4 жеделділік санатына бөлінеді. Санатына қарай ЖМК көлігі 10-нан 60 минут аралығында жетуге тиіс. Бұл ретте 60 минутқа дейін күтуді қарастыратын 4-ші жеделділік санатындағы шақыртулар жалпы санның 36,5%-ын құрайтынын атап өткен жөн! – деді министр Ақмарал Әлназарова.

Денсауминінің өзекті статистикасына жүгінсек, 2024 жылдың 9 айында ЖМК бригадаларының елдегі орташа келу уақыты: 1-ші санат бойынша – 9 минутты, 2-ші санат бойынша – 12 минутты, 3-ші санат бойынша – 18 минутты, 4-ші санат бойынша – 23 минутты құрапты. Яғни, қағидаларда бекітілгеннен тез жетіп барады. Стансалар жоғарыға осындай ақпарат берген. Шынында, олардың көп кешігіп жететіні жасырын емес. 

– «103» пультіне келіп түскен барлық шақырту ақпараттық жүйелерде тіркеледі. Республика бойынша стансалардың шақыртуды басқарудың автоматтандырылған жүйесімен (АБЖ) жарақтандырылу деңгейі 100%-ға жетті. Еліміздегі ЖМК бригадасының пациенттерге дейін келу уақытының қолданыстағы нормативі халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді және оны ұстану орынды деп санаймыз, – деген А.Әлназарова қоғам өкілдерінің және депутаттардың жедел жәрдемнің пациентке жететін уақытын қайта қарау ұсынысын қабылдамады.

Бір қарағанда, ресми статистика бойынша жедел жәрдемнің сырқатқа кешігіп жеткен оқиғалардың үлесі жалпы көлемнің 4,5%-ын ғана құрайды. Алайда санға шаққанда, биылғы жыл басынан бері 288 716 шақыртуға бригадалар кешігіп барған. Бұл жүздеген мың санның әрқайсысының артында адам тағдыры тұр. Кешігу кесірінен қазақ елінің қанша азаматынан айырылып қалғаны туралы статистика жарияланбады. 

Жедел жәрдем бекер шыңғырмайды

Жедел жәрдем машиналары қасақана, еріккеннен кешікпесе керек. Кешігу үшін барлық айыпты жедел жәрдем жүргізушісіне, бригадасына немесе министр Ақмарал Әлназароваға жүктей салуға болмас. Бұл жерде проблеманың кешенді екені байқалады. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем қызметінің бригадалары санын арттыруға, көліктерін тегіс жаңартуға қажетті қаражатты сұрайды. Үкіметтің қаржы мен бюджетке жауапты қанаты, Республикалық бюджеттік комиссия оны құптамайды, бюджетте оған қаражат жоқ дейді.

Сонымен бірге Астананың тек кейбір ауданын қосатын, айналдырған 22 шақырымдық LRT құрылысына 2023 жылы – 52,4 миллиард, 2024 жылы – 150 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлген! Бұл қаржы елдегі жедел жәрдемнің автопаркін жаппай жаңартуға жетер еді. Жедел медициналық көмек қызметіне ГАЗель Next, Соболь 4WD, Lada Largus, Mercedes-Benz Sprinter, Volkswagen Crafter және басқа да машиналар пайдаланылады. 

Олардың орташа құны 10-29 мил­лион теңге аралығында. Ендеше елордалық ЛРТ-ға екі жылда ғана шығындалған қаражатқа ЖМК қызметі үшін 7 мыңға жуық жаңа көлік алуға болатын еді. Еске сала кетсек, қазір рес­­ми мәлімет бойынша Қазақстанда 1 920 жедел жәрдем көлігі ғана жүр. Одан 3,6 есе көп жаңа автомобиль са­тып әперуге болады. Жете қаржыландырылмаған соң, облыс әкімдері жыл са­йын жергілікті ЖМК стансасына 60-80 көлік сыйлағанын жыр етіп, тұтас салтанатты рәсім өткізеді. Мұнша машина қай жыртығын жамауға жетеді? 

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова республикамызда халық санының өсуіне орай жедел медициналық жәрдем бригадалары тапшы екенін мәлімдеді. Бүгінде қосымша 379 жаңа ЖМК бригадасын құру қажет. Министрлік оны құруға дайын, бірақ бюджеттен қаржы бөлінбей тұр. Ведомство басшысы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, санитариялық автокөлікпен қамтамасыз ету, 4-жеделділік санатындағы шақыртуларды ұйымдастыру және басқа да өзекті мәселелерді пысықтап жатқанын жеткізді. Пысықтауын пысықтар, оның шешімін іске асыру үшін ақша қайда?

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір елдің ЖМК қызметінде жалпы саны 2 359 санитариялық автокөлік бар. Оның 1 472-сі – қалада, 887-сі ғана – ауылдық елді мекендерде. Алайда осы 2,3 мыңның ішінде жүріп тұрғаны – 1 920 көлік қана! 

«2024 жылдың 9 айында санитария­лық автокөліктің тозуы 58,7%-ға жетті немесе 1 385 көлігінің тозығы жеткен. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 18%-ға артық. 2023 жылдың 9 айында 40,7% болған еді. 2024-2028 жылдарға арналған ЖМК автопаркін жаңарту қажеттілігі – 2 264 бірлікті құрайды. Алайда биыл 22 бірлік санитариялық автокөлік алынды: Абай облысында – 4, Түркістан облысына – 13, Маңғыстау облысында – 5-еу. Жыл соңына дейін 108 көлікті сатып алу аяқталады: Алматыда – 48, Астанада – 35, Ақмола облысында – 25», – деді министр.

Бұл тым аз. Тығырықтан шығу үшін ведомство меншік нысанына қарамастан МСАК ұйымдарын, соның ішінде жеке клиникаларды жұмыс уақытында 25 мың тұрғынға 1 мобиль­ді бригадасын бөліп, 4-жеделділік санатындағы шақыр­туларға қызмет көрсетуге міндеттемек. Бұл үшін олар да мобильді бригадаларын құруы керек. Қолданыстағы қағидада – 35 мың тұрғынға 1 бригада делінген. Бұйрық әзірге қабылданған жоқ: жобасы келісім рәсімдерінен өтіп жатыр.

Бүгінде жедел жәрдем қызметі операторының, фельдшерінің жалақысы 150-300 мың теңге аралығында, алатыны одан аз. Қазақстанда ЖМК қызметінің 20 дербес стансасында, 98 қалалық қосалқы стансасында және 232 аудандық бөлімшесінде 1 486 көшпелі бригада ғана жұмыс істейді. Мысалы, 6,2 мыңнан астам ауылға 582 бригада қызмет көрсетеді. Биылғы 9 айда ЖМК бригадалары 6,3 миллион шақыртуға жанталаса ат­­танған. Елде дәл осындай ғаламат жүктемені еңсеретін басқа қызметті табу қиын. Олай болса, мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да жедел жәрдем қызметіне лайықты құрмет, қолдау көрсетілсе жөн.

Айхан ШӘРІП