Астанада Республика күніне орай ұйымдастырылған қазақ күресінен «Қазақстан барысы» ХІІІ республикалық турнирі аяқталды.
Ерасыл Қажыбаев, «Қазақстан барысы – 2024» турнирінің жеңімпазы: Ең қиын қарсыласым – өзім
1,559
оқылды

Бұл турнирге өңірлік жарыстардың қорытындысы бойынша іріктеліп алынған еліміздің үздік палуандары жиналған еді. «Қазақстан барысы–2024» атағын және алтын тайтұяқ жүлдесін Абай облысының палуаны Ерасыл Қажыбаев жеңіп алды. 

– Ерасыл аға, биылғы жыл сіз үшін толағай табыс­ты болды. «Қазақстан барысы» шыңына жеттіңіз, белбеу мен алтын тайтұяқты қанжығаңызға байла­дыңыз. Жалпы, осы жарыстан кейінгі сезіміңіз қан­дай? 

 – «Қазақстан барысы» турнирі – еліміздегі ең ірі жоба екені белгілі. Қазақ күресімен айналысатын әр палуанның арманы – осы байрақты жарыста озып шығу. «Қазақстан барысы» турниріне қатысып келе жатқаныма биыл 6 жыл толыпты. Бұл атақты жеңіп алу мен үшін үлкен еңбекті білдіреді. Өйткені бұл жерде тек менің ғана емес, бапкерлерімнің, қолдау білдірген ағаларымның, ата-анамның үлесі бар.

Ең алғашқы сәттерде ерекше толқыныс болды. Атымды айтқан кезде денем мұздап кетті. Қанша жылдан армандап келе жатқан жүлде болғандықтан керемет сезім болды. Бұған дейін әртүрлі жарақаттар, жеңілістердің кесірінен күресті қоям деген сәттер де болды. Бірақ күрестегі ағаларымның ақылының арқасында тастамауға бекіндім. Осыған дейін екі мәрте финалға шықтым, «Ер кезегі – үш» демекші, осы жолы жеңіске жеткеніме қуаныштымын! 

– Сізді күреске не алып келді? Спорттық манса­быңыз қалай басталды?

– Бала күнімнен күресуге икемім болғандықтан, ішім күреске тартып тұратын. Қызығушылығым одан сайын артып, күрестің самбо, дзюдо, қазақ күресі секілді түрлеріне барып жүрдім. Содан түрлі жарыстарға қатысып, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым. Кезінде үлкендеріміз «өз ісімен айналысатын адам міндетті түрде биік шыңды бағындырады» дейтін. Осы сөз менің мотивациям болып кеткендей. Жеңіске жеткен сайын сол сөз­дерді еске аламын.

– Жарыс кезінде ең қиын қарсыласыңыз кім болды? 

– Ең қиын қарсыласым – өзім дер едім. Өйткені ең үлкен күрес – бұл ішкі қорқыныш, күмән және өзіңе деген сенімсіздікпен күрес. Әр жарысқа шы­ғарда өз-өзімді жеңуге тырысамын. Үлкен психо­логиялық қысымдар, шаршау мен жауапкершілікті сезіну сынды сезімдермен күрессең сенімділігің артары сөзсіз. 

Жарыстағы қарсыластарыма келетін болсақ, оларды бөліп-жармаймын. Сайыс тартысты, қызық өтті. Барлық өңірден келген палуандар мықты өнер көрсетті, бұл жерде осалы болған жоқ. Сондықтан тактикалық тұрғыда барлығына дайындалдым десем артық айт­паймын.

– Финалдық белдесу жайлы айтсаңыз. Ерсұлтан Мұзаппаровпен белдесу қалай өтті?

– Ерсұлтан бауырымыз – қазақ күресінен, белбеу күресінен әлем чемпионы. Ерсұлтанның салмағы жеңіл болғандықтан, бапкермен ақылдаса келе белдесуге дейін созуды шештік. Өйткені бұл палуанды негізгі уақытта жеңу қиын. Ал белдесуде әйтеуір көтеріп болсын, жеңуге талпындым. 

– Сіздің ойыңызша, күресте жеңіске жету үшін ең маңызды қасиет қандай? Күш пе, техника ма әлде психологиялық дайындық па?

– Менің ойымша, күресте жеңіске жету үшін ең маңызды қасиет – бұл техника мен психологиялық дайындықтың үйлесімі. Әрине, күш те маңызды, бірақ ол жалғыз өзі жеткіліксіз. Техникасы басым палуан қарсыластың күшін өзіңе тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Техникалық шеберлік күштің көп болуын талап етпейтінін ескеру керек. Психология­лық дайындыққа келетін болсақ, ол – өзіңе сену, стрестік жағдайларда сабырлы болу, қарсыластың қысымына берілмеу сынды шешуші рөл атқарады. Күрес тек денемен ғана емес, ақылмен де жүргізіледі. Сондықтан ең бастысы – техника мен психологиялық дайындықты жоғары деңгейде ұстау, ал күш – бұл қасиеттерді толықтырып тұратын маңызды элемент.

– Спортпен байланысты қандай да бір ырымдарыңыз бар ма? Мысалы, жарысқа киетін ерекше киім немесе сәттілік әкелетін дүниелер дегендей...

– Егер шынайы жауап берсем, менде спортпен байланысты ешқандай ерекше ырымдар жоқ. Жарысқа дейін белгілі бір киім кию немесе сәттілік әкелетін заттарға сену сияқты әдеттер менде қалыптаспаған. Меніңше, жеңіс – тек еңбек пен дайындықтың нә­тижесі. Әрине, кейбір спортшыларға мұндай ырымдар психологиялық тұрғыдан көмектесуі мүмкін, бірақ мен үшін бастысы – өзімнің физикалық және психоло­гиялық дайындық деңгейіме сенім арту. Жат­ты­ғулар мен стратегияны дұрыс құрып, жарыс кезінде соларды тиімді қолдану – мен үшін ең маңыздысы. 

– Жас спортшыларға қандай кеңес берер едіңіз? Олардың өз жолдарын табуында қандай қателіктерден сақтандырғыңыз келеді?

– Ең алдымен мақсат қойып, соған жету үшін еңбек ету керек. Бірақ әр қадамды аңдап басқан жөн. Жетістік бірден келмейді, спортта бір құлау, бір тұру бар. Қателесуден қорықпа, сол қателіктерден сабақ алуды ұмытпа. Басқалармен өзіңді салыстырудың қажеті жоқ, әркімнің жетістікке жету жолы әртүрлі. Ең бастысы – өзіңді дамыту. Спортта ғана емес, өмірдің басқа салаларында да өсуді ойлау қажет. Тағы бір айта кететін жайт, бірден нәтиже күтіп, тез жетістікке жетемін деп ойлау – үлкен қателік. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Бапкердің кеңесін тыңдап, денсаулығыңа мән беру керек. Әлеуметтік өмірден алыстама, жақындарыңмен уақыт өткізіп, қолдауын сезін. Спортта да, өмірде де тепе-теңдік сақтай біл деп кеңес берер едім.

– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар? 

– Бұл жеңіспен тоқтап қалмаймын. Әлі талай жоспар бар. Осы күнге дейін барлық уақытымды қаншама оқу жиындарына қатысып, барлығын жарыс пен жаттығуға арнадым, ендігі мақсатым жеке өмірімді қолға алғым келеді. Үйдегі ата-анамды қуантып келін түсірсем бе деймін. Бірақ жаттығуды да жалғастырамын, олимпиада чемпионы болу – үлкен арманым! Осы жолда еңбектенуімді жалғастырамын.

Сұхбаттасқан

Әсет ҚАЛИ