Бүркеншік аты: Қаратау
Біздің ауыл
Біздің ауыл дәл қазір пұлыс білем,
Аспаны түн жамылып күміс кілең.
Менің елім жайлайды бейіш бақты,
Менің елім жүреді нұр үстімен
Шырмауық, талға тағып өмілдірік,
Гүл қауызы шық шарап төгілдіріп.
Торғайдың қанатынан тірлік тамып,
Көбелектің көзінде өмір жүзіп.
Жаздың қысқа таңындай ғұмырында,
Толады сай шегіртке шырылына.
Оранып өзен ағып бара жатар,
Күннің құлап түскен әр сынығына.
Ақұштапқа айналып керемет көк,
Қаражоннан бұлт келер ебелектеп.
Қапсалаңға жауады бұршақ енді,
Бұршақ емес қыз көзін терем ептеп.
Найзағайдың сабына сананы іліп.
Күн күркіреп біз болсақ қазан ұрып,
Сол ожаудың кеттің бе сабында сен?
Сол ошақта қалдың ба бала қылық?
Самал соқса өмірдің барабаны,
Өне бойға өлең боп таралады.
Сайдан аққан тасқынның тамырынан,
Ару гүлдің ашылар жағалары.
Ауылдастар сағындым асқар кеудем
Несібесін іздеген аспан жерден.
Ай доғалы тұяғын күнге қадап,
Арғымақтар айналдым шапқан белден.
Мен туылған бақ мекен
Қаражонның бөктері,
Мен туылған бақ мекен.
Өмір ащы болса да,
Өскен мекен тәтті екен.
Мен туылар кезімде,
Жауған дейді жаңбыр көп.
Бүгін олар кезікті,
Тарам-тарам тағдыр боп.
Қыз болса деп ойлапты,
Мені солай көп көкем.
Кім болса да нағашым,
Тірі болсын депті екен.
Берекесі шайқалмай,
Тұрған шақ қой ырыс бал.
Қара қойды қалжаға,
Сойған екен туыстар.
Өстім солай қара нан,
Қара жерді қадірлеп.
Қаражон мен Қапсалаң,
Келем сенің қамың жеп.
Шілдехана күзеткен,
Домбырамен салып ән.
Содан болар ұлтымды,
Мен ертерек танығам.
Сағыныш боп сарғайып,
Сары күзге тоқтаған.
Жапырақты анамның,
Көз жасы ма деп қалам.
Қасиетті қапсалаң,
Жіберіпті сыйласқып.
Қанатынан қаздардың,
Тамшылапты қимастық.
Қимай кетккен мекенім,
Қимай кеткен мекенім,
Білесің бе сен мені,
Жиырма бесте екенмін.
Сағыныш
Қуаныштың шырқалмай жүр бір әні,
Бәлкім бұған уақыт та кінәлі.
Мына өмір кездесумен басталып,
Мына өмір қоштасумен тынады.
Күн шығыстан келетіндей бір хабар,
Хат көтеріп әкелердей тырналар.
Күлгеніңді көргісі кеп көңілді,
Суретіңе қарап талар бұл жанар.
Жоқ екен ғой дүниенің тұрағы,
Өшті ме шын, махабаттың шырағы.
Алматыны аңсап келген бұл жүрек,
Алматыдан кеткісі кеп тұрады.
Өмір сүріп жатырмын-ау бір аңыз,
Қосылмай-ақ кетеміз бе, сірә біз.
Кейде біздер елемейміз бақытты,
Кейде біздер соған тұзақ құрамыз.
Талдықорған талдары да жыбырлап,
Сағынышты айтып салар мың ырғақ.
Сені меннен үлкен қылды қандай күш,
Мені саған ғашық қылды кім ымдап.
Болсадағы аспан ашық жылы күн,
Қасіреттің қақпанында ұлыдым.
Бұлаң етіп бел астында бұрымың,
Бұйырмайтын болдың ба шын тұнығым.
Сағыныш
Бар мұңды жиып ап жанарыңа,
Жәутеңдеп жүрсің бе сен-елік қарғам.
Сағыныштар төніп кеп қабағыңа,
Су ішіп қайтқан шығар келіп таңнан.
Жалығып мына өмірдің бар әнінен,
Өзіндік бір әуенге салдың ба екен.
Жоқ әлде қиялдардың әлемінен,
Бейнемді тауып менің алдың ба екен.
Ай нұрынан басқасы аймаламай,
Ақынды аңсап кетті ме анық төзім.
Кеудеңдегі көл сынды бай далаға,
Ойнақ салып жатыр ма балық-сезім.
Құшақтап ұйықтап кетем Муза-мұңды,
Пышақтап кіл сезімдер жатқан шақта.
Бұрымыңмен маған сап тұзағыңды,
Сен күтіп жатырсың ба мақпал бақта.
Мені сүйген бір адам бар екен деп,
Кірпікпен қозғап түнді көз ілерсің.
Махаббат таусылмайтын ән екен деп,
Ақ жастыққа моншақ боп төгілерсің.
Армандардың ішінен сені көрдім.
Сағынып жүр екенсің мен деп көп тым,
Қиялдардан көз ілген мені меңдім,
Қайғының қабіріне жерлеп кеттің.
Бір үміт
Күн батады Айдардан күміс табақ,
Көкжиектің көзіне тыныстап ап.
Аспанда алтын зерлі ай жүзеді,
Жиегінен құмшекер пүліс тарап.
Маған қарап жымияды жұлдыз көп,
Күлімдейді біреу-екеу мың қыз боп.
Бір арманым шақырса ғой қол бұлғап,
Біз де сені ұзақ күтіп тұрмыз деп.
Сағынышты орап алып жүрекке,
Жамандыққа қимай сені жүр өкпе.
Күндер мені бастағандай алысқа,
Түндер мені тастағандай түнекке.
Бұл адамзат жойған шақта кінәсін,
Бұл ақындар қойған шақта сырасын.
Жер бетіне орнағанда тыныштық,
Аспан жақтан келетіндей тұрасың.
Аңсау
Самал боп тиіп кеудеме,
Саумалға бірдем айналдың.
Жанарым болдың, беу, неге,
Кірпігім болып байландың.
Бір сағыныш өртеп жүр,
Жетелеп саған қиял көп.
Өзіңнен ғажап төнген нұр,
Жиналды ойға жиі ән боп.
Өлең боп кейде келесің,
Ұйқасым болып мазалап.
Шабыт боп ойға енесің,
Жүректің дертін тазалап.
Байландым сендік бұрымға,
Көзімді арбап киелім.
Шекті мынау ғұмырда,
Өзіңді шексіз сүйемін.
Жанарым жасқа толғанша,
Жаңбыр боп саған жетсемші.
Өзіңе ғашық болғанша,
Өзің боп, әттең, кетсемші.
Аңсау
Ай туатын аймалап дала таңын,
Сонда атам ұзақ жайып алақанын.
Көкке қарап күбірлеп үйге қайтқан,
Іңір дейтін шөккенде сары атаным.
Қамшысын қолына ұстап тобылғылы,
Ағам ән сап келетін қоңыр мұңлы.
Қанатын қаққан сайын өлім саулап,
Шамның түбін айналып өмір жүрді.
Шешемнің қолында ойнақ салады ұршық,
Пеш түбінде мүлгиді бала мысық.
Керегеге сүйкенген көк сиырды,
Алысқа ұзатады қара күшік.
Бөлеп мені ойларға бөлек аумақ,
Шаңыраққа қараймын өлең аулап.
Жұлдыз дейтін қозысын жамыратып,
Құс жолы емес тұратын көген аунап.
Қой көзінен миллион кесе жанып,
Жарық салсаң мың сәуле еседі ағып.
Тәңіртаудың басына көз жіберсем,
Бұлыт дейтін орамалын шешеді алып.
Самырсыннан сусыған жалғыз тиын,
Шұқып-шұқып алатын талдың миын.
Кәрі еменнің етегін тұрып қашар,
Табиғатқа ежелден балдыз құйын.
Тірсегі жолға айналған бота жалды,
Бөктерлеп асып кетем жотаны ары.
Арлан исі аңқыған түн желіннен,
Мезгілдің тамшылайтын ноталары.
Сол жолдан кеткен ұзап бір баланы,
Ауылдың күте ме екен мың жанары.
Кірпігім сағыныштан ырғалады,
Көзімнің шашылып жүр сырғалары.
Ойлар
Ұлымыз келер мүмкін..
Үміт басым...
Кемпір мен шал осылай мұң ұрттасып,
Шешесі ұшыратын балапан жас,
Мезгіл шайқап көзінің жұмыртқасын.
Кенжеме керегі жоқ ештеменің,
Сен оған адал болып өс деп едің.
Әкесі-ау ол білмейді жек көруді,
Біледі бізге көктем кеш келерін.
Е, өмір-ай, не деген жалған еді,
Көбелекке мұң шаққан қарғам еді.
Өлең ойлап жүреді ол не берер,
Екеумізге бір келін арман еді.
Көп сөйлемей әкесі түйіндейді,
Газетке шығыпты ғой сүйін дейді.
Ақын болу қиын ба қайдан білем,
Өмір сүру одан да қиын дейді.
Тосып тұр мүмкін оны көмбе күшті,
Білмейді ол Қапсалаңда өзгерісті.
Ол қайырған қозылар бағылан ертіп,
Балалығы қалған там көзден ұшты.
Балалығы демекші пысық еді,
Иии балам құлын еді күшік еді.
Көрпесін ашып тастап жататын ол,
Бостандық деп бесіктен ұшып еді.
Жастығында қалған нұр бетінде ойнап,
Соны айтып ұзақ күліп екі байбақ
Шай ішер екеу ара ол келердей,
Қаймаққа үміт қосып кешкі бейуақ.
Бір ойдан соң бір ойлар үлгіреді,
Шәкене үйді қыдырып мұң жүреді.
Қолы ашық қой...
Болмаса нетер еді ...
Жолы ашық бола ма кім біледі?
Білмейді ол әкесінің ауырғанын,
Тасбауыр боп кеткенін бауырларын.
Қыста да бір шөлдеудің болатынын,
Көктемде ұзақ-ұзақ жауын барын.
Білмейді олар ұлына не ұнайтынын,
Жұлдыз төгіп жастыққа құлайтынын.
Сөзбен жазып бітпейтін аңсау бәрін,
Көзіне де көрсетпей жылайтынын.
Жұмбақ қиял
Жұмбақ қиял құшағында жүдегем,
Мен отпын ғой елім орман үдемен.
Мен мұңымды жанарымның жасына,
Орай салып табиғатқа жіберем.
Одан өніп шығады сан ғазалдар,
Жүрегімнің қаныменен жазам ән.
Үнсіз ғана өмір шекті деп айтар,
Бейбіт тұрған белестегі мазарлар.
Қайырсыз кеш, қайғылы түн, қапалы үн,
Жастығымды уақытқа сатамын.
Тірлік жыры байғұздардың мұңлы үні,
Ажарымның нұрын ішіп жатамын.
Қиял қиыр, арман алыс, сағым от,
Өмір менің шырқалады әнім боп.
Жүрекке жара, көңіл нала, сөз сынық,
Ойым орман, санам сала, қаным от.
Ақын және аспандағы ай тымық түн,
Дейді екеуі маған бәрін ұмытқын.
Өмір дейтін оташыдан ем іздеп,
Келе жатыр кеудемдегі сынық мұң.
Жетім мұңы
Кеше күндер секілденіп ертегі,
Жүрегімнің нәзік қылын шертеді.
Сонда мені мазалаған сен едің,
Сонда сені мазалаған дерт еді.
Сол көктемнің қыстай болып ақ таңы,
Жүрегіңе ызғар болып батқаны.
Балам сені тапсырдым деп әкеңе,
Анаң сені қимай ұзақ жатқаны.
Ояншы тез ояншы оооу мамашым,
Осыны айтып қайта-қайта таласың.
Шешем менің өлген жоқ қой, ұйқыда,
Дейсің біраз үміткер боп қаласың.
Ең соңғы рет сипап сенің басыңнан,
Анаң солай алыстады қасыңнан.
Орындалмас арманыңдай шашылған,
Бәйшешектер қырқадағы ашылған.
Біздің үйге бала бола салшы деп,
Шешемді сен шеше қылып алшы деп.
Сәбимін ғой жұбатыппын мен сені,
Қарғам маған қарындас боп қалшы деп.
Көтерілмей көңілімнен жүр әлі,
Сен жыладың көктем бірге жылады.
Қапсалаңға жауса бұл күн ақ жаңбыр,
Сенің мұңлы жасыңдай боп тұрады.
Бұл өмірден соққы көріп не түрлі,
Сенің санаң өте ерте жетілді.
Қаптап өскен Құрөзекте жауқазын,
Қалып қойған сәби шағың секілді...
Бұл күндері ару болдың ибалы,
Өн бойына әке ақылы жиғаны.
Өмір сені жетім қылып жылатып,
Өмір мені ақын қылып қинады.
Сен мұңайдың оралмас сол күн үшін,
Мен мұңайдым жазылмаған жыр үшін.
Сен мұңайдың тастап кеткен анаңа,
Мен мұңайдым тастап кеткен қыз үшін.
Сен ойлайсың ерте кеткен анаңды,
Мен ойлаймын тозып кеткен даламды.
Сен ойлайсың неге ғұмыр шекті деп,
Мен ойлаймын теңдігі жоқ ғаламды.
Бұл күндері санаңда бар көп түрлі ой,
Оралмайтын арман үміт, от тұр ғой.
Қабырғамнан жаратылған қарғам-ай,
Қабырғамды қайғыңменен сөктің ғой.
Қара құнаным
Қара құнан кекіліңді жалыңды,
Кірпігіме ұқсатамын кәдімгі.
Бәрін беріп алмасам да өзіңді,
Берсең тағы бермес едім барыңды.
Сені мінсем ұшып бара жатамын,
Еркіндікті құшып бара жатамын.
Су бетінде аққан жалғыз сырғадай,
Толқындарға түсіп бара жатамын.
Жұлдыз болып ағып бара жатамын,
Өзімді әрең танып бара жатамын.
Жалған мадақ күлкілерді елемей,
Үзеңгіммен қағып бара жатамын.
Мені өмір, ал мен сені қамшылап,
Тұяғыңнан ұшқан шаңнан ән шұбап.
Бос ауаны сүзіп кетіп барасың,
Шылбырыңнан қайран уақыт тамшылап.
Ойхой, жылқым, рақмет саған мың,
Біздің баққа бұйыруы даламның.
Арқасында жеткеміз ғой бабаңның,
Арқасында жеткеміз ғой бабамның.
Саған қанат бермепті ғой жаратқан,
Маған талап бермепті ғой жаратқан.
Болмағанда біз екеуміз болар ек,
Бүкіл елді өзімізге қаратқан.