Сақтандыру төлемдері дәрігерлердің байқаусызда жасалған кәсіби қателіктерінен зардап шеккен пациентке төленетін болады.
Дәрігерлердің қателігі үшін науқасқа ақы төлеуді міндеттейтін жаңа заң күшіне енді
Фото: istockphoto.com
598
оқылды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі елімізде медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру туралы заң күшіне енгенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2024 жылғы 23 қазанда медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруды енгізу бөлігінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) нормалары күшіне енгенін хабарлайды.

Денсаулық сақтау субъектілері (медициналық ұйымдар және жеке медициналық практикамен айналысатын жеке тұлғалар) медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруға және Бірыңғай сақтандыру пулымен сақтандыру шартын жасасуға міндетті. Сақтандыру шарты Medpul.kz электрондық ақпараттық жүйе арқылы жасалатын болады.

Бірыңғай сақтандыру пулы 2024 жылғы 2 қазанда құрылды және оның қатысушылары жасаған бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жұмыс істейді. Пулдың құрамына кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру сыныбы бойынша уәкілетті органның лицензиясы бар 14 сақтандыру ұйымы кірді.

Пулдың қызметін басқару үшін сақтандыру брокерінің қызметін жүзеге асыру құқығына уәкілетті органның лицензиясы бар «MOI (МОЙ) сақтандыру брокері» ЖШС тартылды.

Бірыңғай сақтандыру пулының қатысушылары пул қабылдаған міндеттемелер бойынша ортақ жауаптылықта болады. Бірыңғай сақтандыру пулы денсаулық сақтау субъектісімен бірлесіп сақтандыру шартын жасасудан бас тарта алмайды, ал пулға қатысушы пулдың қызметі шеңберінде өзі қабылдаған міндеттемелерді орындаудан бас тартуға құқылы емес.

"Сақтандыру төлемдері дәрігерлердің байқаусызда жасалған кәсіби қателіктерінен зардап шеккен пациентке төленетін болады. Өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісін растау және сақтандыру төлемін алу үшін пациентке немесе оның жақын туыстарына (заңды өкілдеріне) денсаулық сақтау субъектісіне жүгіну қажет", - делінген хабарламада.

Медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісінің болуы (болмауы) туралы шешімді тәуелсіз сараптама комиссиясы (бұдан әрі – ТСК) қабылдайды. ТСК құрамы сарапшылар, кәсіби медициналық қауымдастықтардың және Бірыңғай сақтандыру пулына қатысушы сақтандыру ұйымының өкілдері ретінде тартылатын бейінді мамандардан құралады. Зардап шеккен пациент медициналық қызметтер алған денсаулық сақтау субъектісінің өкілдері тәуелсіз сараптама комиссиясының құрамына енгізілмейді.

Пациент ТСК қорытындысының нәтижелерімен келіспеген жағдайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне немесе сотқа жүгінуге құқылы.

Медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісі орын алғаны жөнінде ТСК-нің шешімі сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін Бірыңғай сақтандыру пулына жіберіледі.

Заңмен сақтандыру төлемдерінің ең аз сомалары белгіленген, олар  пациентке үшінші, екінші және бірінші топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда - 500, 600, 800 АЕК құрайды, тиісінше мүгедектігі бар бала –
500 АЕК, өлімге әкелген зиян келтірілгені үшін – 3 000 АЕК, мүгедектік белгіленбей пациенттің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиян үшін – 300 АЕК-тен аспайтын сақтандыру төлемдері төленетін болады. Сондай-ақ, Заңмен осы денсаулық сақтау субъектісі төлеген сақтандыру сыйлықақысы сомасының 5%-ынан аспайтын мөлшерде сақтандырылған медицина қызметкерлеріне адвокаттардың қызметтеріне ақы төлеуге арналған шығыстарды өтеу сомасы белгіленген.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Агенттікпен келісім бойынша Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру қағидаларын және Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін бірлесіп сақтандырудың үлгілік шартын бекітті. Аталған нормативтік құжаттар медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін жүктелген сақтандыруды жүзеге асыру мәселелерін егжей-тегжейлі көрсетеді.

"Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруды енгізу халықты дәрігерлердің кәсіби қателіктерінен, сапасыз медициналық қызмет көрсетуден қорғауды күшейтуге ықпал ететін болады, пациенттердің көрсетілетін медициналық көмектің сапасына деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді және ТСК-нің тиісті қорытындысы болған кезде пациенттердің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген жағдайларда сақтандыру төлемдерін жедел жүзеге асыруды қамтамасыз ететін болады", - делінген ақпаратта. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.