Бүркеншік аты: Қырқызы
«КІСЕН АШҚАН»
(Әлихан Бөкейханов 1928 және 1930 жылы екі мәрте түрмеге қамалып, 1937 жылы үкім шыққан күні-ақ атылды)
Алып қайғымен алысқандаймын,
Танысқандаймын өмірмен.
Торға қамалған арыстандаймын,
Әжуа болып көрінген.
Қанаты сынған қыран сындымын,
Қайтсам ғой елге түс аумай.
Алашым деген ұран шындығын,
Қайталай берем, ұша алмай.
Мұнартып шәрің тұрады елімдей,
Түсіме кірер сый дарып.
Ақан серінің Құлагеріндей,
Кетемін кейде қиналып.
Қарттарым жүр ме, ей, қазыналарым,
Абақты жүріп, сарылттым.
Жарамды өзім жазып аламын
Абадан тектес халықпын.
«Адам екенің қайда бауырым,
Қарауыл» деймін қаяу кіл.
Көз алдымда тұр қайран ауылым,
Анашым менің аяулы!
Ұмытар ма екен, ес кіріп үнді,
Жылиды жаным, сөніп сыз.
Жырақта қалған қос құлынымды,
Сағынып кетем еріксіз.
Бой жазармыз-ау, ұнай мА дала,
Жалын ап кешкі оттардан.
Қарауыл, маған бұлай қарама,
«Ұлтшылдығы үшін» сотталғам.
Тамақты қайғы түйіп қалады,
Қойғандай құдды көрмеге.
Қолымды кісен қиып барады,
Көмектеспейсің сен неге?!
Бұл ай да міне ұзап барады,
Бауырлар, қанша кісі өлді?!
Ал бүгін мынау күзет қаралы
Алмақшы қолдан кісенді.
Иліктірем деп алдасын күйді
Иіле алмаймын – қазақпын.
Тарихта атым қалмасын мейлі,
Тағдырға жазсын азаттық...
Тәңірден мұны жай тілемедім,
Уақыттың бассам екпінін.
Өлтірсеңдер де айтып өлемін
Мен қазақ деген тектімін!
Ер болсам деп ем елі алаңдаған,
Тағдырға бірақ кім ие?!
Құшағын ашсын жер-анам маған,
Қош деймін жарық дүние!
Емессің елім, түкке де айыпты,
Сыярсың мәңгі ұғымға.
Жалғыз оқ қана нүкте қойыпты
Өлшеусіз мендік ғұмырға...!
(еркін тақырыпқа)
«Сұрақ»
Мен неге құс болмадым?
Сен неге құс болмадың?
Адамдарға ұқсауға күш қалмады.
Жанардағы тамшыны құйып алып
Шарабынан дүниенің ішкен бәрі.
Шарасыздар,
Аңқиды ма дүние өлең ішкен?
Аңқам кеуіп ажалмен ерегіскем.
Аяғыма сыпырғыш байласам да
Аспаныма жете алмай келем іштей.
Сөз бе, ой ма ерніңнен үркіп қашқан,
Найзағай ма естілген, күлкің бе асқақ..?
Пенделігін құшқандар жымияды
Қатпаған қанатымды жыртып тастап.
Тыңдашы,
ғұмыр жайлы бір ертек айта ма күз?
Мен өлуді үйретем, қайталаңыз.
Құсқа айналсақ құшақта – будақ бұлттар,
Құстар бізге айналса…
Не айта аламыз?