Нұралының ең басты ерекшеліктерінің бірі – оның өнерге және өмірге деген ерекше көзқарасы.
Менің суреттерім – менің ойым
Фото: Әсет Қали
1,884
оқылды

Астана қаласының Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-тарихи мұражайының ғимаратында Нұралы Шмановтың "Менің суреттерім – менің ойларым" атты жеке көрмесінің ашылуы өтті. Көрменің ұраны "Таңғажайыптан мүмкін емеске" болды. Көрмеде соңғы 5 жылда салынған жаңа туындылар ұсынылды.

Нұралы Шманов – көп қырлы дарын иесі. Ол Алматы қаласында 1999 жылы дүниеге келген. Нұралы №17 гимназия-лицейін үздік аяқтап, Швейцария-Америка колледжінде білім алуда. Оның білім жолы тек оқу орнымен шектелмейді, Филадельфия қаласындағы арнайы курстарды да меңгерген. Өнерімен қатар, ол ағылшын, неміс тілдерін еркін меңгеріп, қытай және түрік тілдерінде қарым-қатынас жасайды. Қазіргі уақытта араб тілін де үйреніп жүр.

Нұралының ең басты ерекшеліктерінің бірі – оның өнерге және өмірге деген ерекше көзқарасы. Ол көзбен басқарылатын құрылғының көмегімен компьютерде жұмыс істей алады, бұл оның шығармашылық және технологиялық қабілеттерін көрсете түседі. Осы технологияны пайдаланып, Нұралы әріп теріп, жазу мүмкіндігіне ие болған.

– Нұралы осындай жарқын суреттерге жастайынан қызығып қарайтын. Ол бала кезінен әлемді саяхаттап, шарлап келеді. Солай ең алғаш көліктің суретін салғысы келетінін айтты. Содан кейін шығармашылық қызығушылығы артып, динозаврлар секілді жан-жануардың түрлерін көп сала бастады, – дейді Нұралының сурет салуды қалай бастағаны жайында оның анасы Шманова Гүлжан Шайханқызы.

Анасының сөзінше, Нұралы табиғатты суреттеуді жақсы көреді. Негізгі бейнелейтін ойын табиғат арқылы жеткізеді. Одан бөлек өз картиналарында қай жерде демалғанын, қыдырғанын да бейнелегенді ұнатады. 

Нұралы Шмановтың әрбір картинасы – өмірлік қиындықтарды табандылықпен жеңуге шақыратын, терең ойды жеткізетін шынайы туындылар. Оның 2019 жылы Астанадағы Ұлттық музейде өткен "Әлемді бояумен әрлендір" атты алғашқы көрмесі көпшіліктің көңілінен шыққан еді.

– Осындай көрмелердің біздің музейде өтіп жатқаны үлкен қуаныш. Себебі өзінің суреттері арқылы Нұралы өмірге деген құлшынысын, өмірді ашық, жарық түстермен көретінін көрсете білді. Осы көрмеге келген адамдар өздеріне жағымды аура, күш алып кететініне біз сенім білдіреміз. Музейіміздің негізгі мақсаты жастарға патриоттық тәрбие беру болып табылады. Сол үшін де мәдениетімізді, рухани сезімімізді арттыру үшін осындай көрмелер ұйымдастырылғаны жөн, – дейді Қазақстан Қарулы Күштері Әскери-тарихи мұражайының бастығы Қадыров Дәулет.

Суретшінің көркемдік әлемі тек бояулар мен кенептерде ғана емес, сонымен қатар паралимпиадалық спорт түрі – Бочче арқылы да көрінеді. Астана қаласының және Қазақстан чемпионаттарында өз санатында екінші орын алған ол спорт арқылы да өзін шыңдап жүр.

Нұралының туындыларында көбіне өмірдің күрделі сәттері мен қиындықтарды жеңу тақырыбы көрініс табады. Ол қылқалам арқылы өмірдің әсемдігі мен күрделілігін, адамның ішкі күшін және табандылығын жеткізеді. Сонымен қатар, оның шығармаларында мейірімділік пен адамгершілік идеялары да айқын көрініс табады.

Осы орайда AMANAT партиясының ардагері, қоғам қайраткері Жұмажан Қамкенұлы Нұралының шығармашылығын өте жоғары бағалайды.

– Көрменің ең басты маңызы – ерекше азаматтың сурет салу қабілеті. Өзінің денсаулығына қарамастан әрқашанда мейірімділік, жақсылық, жылулыққа шақырып отырады. Нұралының суреттеріне үңілсеңіз әр түрлі ашық бояуларды көп қолданған. Сары, қызыл, жасыл түстерді суретке сіңдіруі жарқындықтың, қанықтықтың түсін көресіз. Әрбір оның суретінде өмірге деген талпыныс көрініс табады. Өзін қоршаған ортаны, табиғат пен адамды бейнелегенде олардың тек жақсы қасиеттерін паш етеді. Сол дүниелерді осы суреттерден көре аламыз. Сондықтан бұл азаматтың көрмесіне келген әр көрермен жылы сезімдер алып кетеді, – деп айтты.

Тағы бір сөзінде, Нұралының философиясы суреттері арқылы көрініп тұрады. Суреттеріне ерекше көзқараспен қарап, үңіле білсек, нағыз құнды дүниенің куәсі боламыз. Былайша айтқанда, мотивацияның көкесі – Нұралының суреттерінде, – дейді қоғам қайраткері.  

Оның шығармашылығы арқылы біз қиындықтарға қарамастан өмірдің әрбір сәтінен қуаныш табуға болатынын түсінеміз. Бұл көрме – өмірге деген құштарлық пен сұлулықты паш ететін, нағыз шебердің қолынан шыққан өнер туындыларының жиынтығы.

Көрменің аяғында аукцион өтті. Қөрмеге қатысушылар, өздерінің жеке коллекцияларын Нұралының тамаша суреттерімен толықтырды. Ал аукционды арнайы Алматыдан келген Нарғиза Абайқызы, кәсіби суретші, өнер сыншысы, сурет галлереясының басшысы өткізді.

Әсет ҚАЛИ

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.